Accessibility links

Роджер Фокс кетісімен Ақсайдағы оның есімі берілген көшеге бұрынғы атауы қайтарылды


Көшенің жаңа атауы қазақ және ағылшын тілдерінде жазылып, ілініп қойылған еді. Ақсай, Батыс-Қазақстан облысы, 12 қазан 2009 жыл. Енді қазір көшенің ескі атау жазылған тақтайшалар қайта ілінді.

Көшенің жаңа атауы қазақ және ағылшын тілдерінде жазылып, ілініп қойылған еді. Ақсай, Батыс-Қазақстан облысы, 12 қазан 2009 жыл. Енді қазір көшенің ескі атау жазылған тақтайшалар қайта ілінді.

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында британ азаматы Роджер Фокстың құрметіне оның есімі берілген көше қайтадан бұрынғысынша Заводская көшесі деп аталатын болды. Жергілікті мәслихат депутаттары бұндай шешім қабылдауға қоғамдағы наразы көңіл-күй әсер еткен жоқ деп сендірмек болады.

КӨШЕГЕ БҰРЫНҒЫ АТАУЫ ЫҢ-ШЫҢСЫЗ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Заводская көшесінің ескі атауын қайта беру туралы аудандық мәслихаттың қабылдаған шешімінен ақсайлықтар басында бейхабар болып шықты. Олардың көбісі «Roger Fox street» деп жазылған тақтайшаны әкімдік қызметкерлері сыпырып алып жатқанда таңданыс білдірген екен. Ал «Заводская» деген ескі атау жазылған металл тақтайша жаңадан қайта орнатылғанда жұртшылық одан әрмен аң-таң болыпты.

Кейін белгілі болғанындай, 15 қараша күні өткен Ақсай қаласында Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық мәслихатының кезекті сессиясында депутаттар Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг» компаниясының бас директоры Роджер Фокстың есімін Заводская көшесіне беру туралы аудандық мәслихаттың 2009 жылдың 11 маусымында қабылданған қаулысын өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қабылдап бекітіпті.

Бір атап өтерлігі бұл жиынға ешбір журналист шақырылмапты.

Бөрлі аудандық мәслихатының хатшысы Ибрагим Ізмағамбетовтың айтуынша, осыған дейінгі қабылданған қаулыға ешкім де ықпал етпеген көрінеді.

– Депутаттар бұл қаулыны өз еркімен қабылдады деп нық сеніммен айта аламын. Олардың бұрынғы шешімінен аяқасты «айнып» қалуына ешкімнің қандай да бір әсері болған емес. Осылайша, олар көшеге бұрынғы атауын қайтаруды жөн деп тапты, – деп хабарлады Азаттық радиосының тілшісіне Ибрагим Ізмағамбетов.

КӨШЕ АТАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТЕКЕТІРЕС

Бұған дейін Азаттық радиосы хабарлағанындай, Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының мәслихаты 2009 жылдың 11 маусымында Ұлыбритания азаматы, Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг» компаниясының сол кездегі бас директоры Роджер Фокстың есімін аудан орталығы Ақсай қаласындағы Заводская көшесіне беру туралы шешім қабылдаған болатын.

Жергілікті басшылықтың бұл бастамасы Орал мен Ақсай қалалары тұрғындары тарапынан қатты қарсылыққа тап болып, басшылыққа қарсы қоғамдық пікір қалыптасқан болатын.қараша айында Орал мен Ақсай қалаларында аталмыш көшенің атауы өзгертілуіне қарсылық білдірген тұрғындардың қолы жиналған болатын. Аудан әкімі Болат Шәкімовтың атына жазылған наразылық үндеуіне көше тұрғындарының барлығы дерлік қол қойды.

Үндеу авторлары аудан әкімі Болат Шәкімовтың және аудандық мәслихаттың хатшысы Ибрагим Ізмағамбетовтың көшені өзгерту жөніндегі бастамасын «халыққа жасалған сатқындық» деп бағалап, британдық Роджер Фокстың есімімен өз балаларын немесе үйіндегі жануарларын атауға кеңес берген болатын.

Бұл үндеу республикалық, одан қалды аймақтық басылымдарда жарық көрді.

Роджер Фокс, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының бұрынғы бас директоры (www.sportelement.ru сайтындағы сурет).
Аудан әкімі Болат Шәкімов ақсайлықтардың бұл бастамасына қатысты өз көзқарас-пікірі жайлы тіс жармады. Бірақ, мемлекеттік телеарналардың біріне берген сұхбатында Бөрлі аудандық мәслихатының хатшысы Ибрагим Ізмағамбетов «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы Заводская көшесіндегі жол құрылысын қолға алып, көшеге жарық шамдарды орнату ісін өз мойнына алғанын айтып, ақталған сыңай танытты.

– Роджер Фокс Ақсай қаласының өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан азамат, сондықтан, «ҚПО» компаниясының бас директорының аты қала көшесіне берілуі – біздің тарапымыздан жасалған құрмет пен алғыстың белгісі деуге болады, – деген еді сол кезде Ибрагим Ізмағамбетов.

Халықтан қол жинау ісіне белсене араласқан Талғат Қатауов депутаттардың өз шешімінен аяқасты бас тартып, айнып шыға келуіне қоғамдық пікірдің әсері болғанына сенімді.

– Олай болмаған күнде олар өз сөзінен бас тартпас еді ғой. Депутаттарды халық таңдайды, оларға сенім білдіреді. Сондықтан да, олар қарапайым халыққа қарсы шыға алмады. Әйткенмен, депутаттардың мұнысына да шүкір, сондықтан, олардың өз қателігін түсініп, түзегеніне өз алғысымды білдіремін, – дейді Талғат Қатауов.

Қараша айының басында «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» консорциумында аздаған ауыс-түйістер орын алды. Аталмыш компанияға 4 жыл бойы басшылық еткен Роджер Фоксты итальяндық Джузеппе Паси алмастырды.

Роджер Фокс мырза Қазақстаннан кеткен соң бір апта өткенде Ақсай көшелеріне ілінген «Roger Fox street» атауы бірден шешіліп алынып, жоюға жіберілді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG