Accessibility links

Кеңесшілерінің бірі Батыс Қазақстан облысының әкімін сынға алса, өзгелері әкімді қорғаштап жатыр


Алпамыс Бектұрғанов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі. Орал, 15 шілде 2009 жыл.

Алпамыс Бектұрғанов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі. Орал, 15 шілде 2009 жыл.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алпамыс Бектұрғанов өзінің тікелей бастығын сынап-мінеді. Ол Бақтықожа Ізмұхамбетовты сыбайлас жемқорлық пен қызметте тамыр-таныстыққа жол берді деп мәлімдеді. Облыс әкімдігіндегілер оның сөзін келекеге айналдырғысы келеді.

Алпамыс Бектұрғанов 15 шілде күні Оралда баспасөз маслихатын өткізіп, Батыс Қазақстан облысы әкімі Батықожа Ізмұхамебетовті сынап мәлімдеме жасады. Бірақ баспасөз маслихатының басында ол ел президентінің саясатын толықтай қолдайтындығын, өзінің тек облыс басшысына кінә тағатынын атап ескертті.

«Біздің президентіміз әрдайым халықтың игілі үшін қызмет етіп жүр. Бірақ елбасының айналасындағылардың арасында, оның сенімін пайдаланып, аймақтарда жүгенсіздікке баратындар бар. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовте бар. Екі жылдың ішінде ол отбасы-туысқандық жемқорлар тобы жүйесін құрып алды. Оның туыстары бюджет қаражатының игерілуіне қатысып, ал барлық жетекші лауазымды қызметтерді энергетика және минералдық ресурстар министрлігінен өзімен бірге еріп келгендер иеленген», - деді Алпамыс Бектұрғанов өз мәлімдемесінде.

Сондай-ақ ол тілшілерге облыста парламенттің жоғарғы палатасына депутаттардың қалай сайланғанын айтып берді. Кеңесшінің сөзі бойынша, Бақтықожа Ізмұхамбетов мәслихат депутаттарына қысым көрсетіп, өзіне ыңғайлы кандидатты өткізген.

«2008 жылы парламент сенатынің депутаттығына өз кандидатурамды ұсындым. Бірақ содан кейін билік аппараты әкімшілік ресурсты пайдаланып, маған қарсы әрекеттер жасады. Менің жолыма барлық кедергілер мен тосқауылдар қойылды, мәслихат депутаттарын қорқытып қойды. Соның кесірінен мені қолдауға дайын отырған депутаттар менің кандидатурамды қолдау қағазына қол қоюдан бас тартты», - дейді Алпамыс Бектұрғанов.

Журналистер Алпамыс Бектұрғановтан не себепті бұл жайында бір жыл бойы жақ ашпай, тек енді ғана жария етіп отырғанын сұраған кезде, ол былайша жауап берді:

«Мен бұған дейін президент әкімшілігіне, «Нұр Отан» партиясына жолдаған арыз-шағымдарым дұрыс қаралып тиісті шешім қабылданар, облыстағы ахуал жақсарар деп соңғы сәтке дейін сеніп келдім. Бірақ менің үмітім ақталмады, нәтиже болған жоқ. Сондықтан мен бұның барлығын ашық айтуға бел будым. Бірақ бәрінен де менің жаныма батқаны - біздің облыстан сайланған қазіргі сенатор Ерболат Мұқаевқа байланысты жайт. Ол тұрғындардың мүлігін жария ету комиссиясын басқарған кезінде жемқорлық жанжалына қатысы болды. Ал қазір енді кінәсіз біреулер сот алдында жауап беріп жатқан кезде, ол парламенттің жайлы кабинетінде жайбарақат, еш нәрсеге қатысы жоқтай қаперсіз сынай танытып отыр».

Сенатор Ерболат Мұқаев Азаттық радиосының тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында Алпамыс Бектұрғановтың сөздерін сандырақ деп атады.

«Бұл жағдай туралы еш түсініктеме бергім келмейді. Бұл - сандырақ қана», - деп қысқа қайырып Ерболат Мұқаев телефон тұтқасын қоя салды.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Қалиолла Қарағойшин баспасөз мәслихаты жайында толыққанды хабардар болмаса да, бұл туралы өз ойын бүккен жоқ.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Батыс Қазақстан облысының әкімі. «Новое поколение» газетіндегі суреті.
«Мен бұл адамды түсіне алмаймын. Оған не жетпейді екен? Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жоғары лауазымдарда қызмет атқарды, зейнеткерлік жасқа тақап қалған шағында әкімнің кеңесшісі болып отыр. Қайтеміз, әрбір адам өз пікірін айтуға құқылы, бірақ ол бұл мәлімдемесімен тек өзгелердің мысқылына қалады деп ойлаймын», - деді Қалиолла Қарағойшин.

Ал облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің жақын айналасындағы өз аты-жөндерін атамауды сұрағандардың айтуынша, өзіне лауазымды басшы қызметін сеніп тапсырмай келе жатқаны үшін Алпамыс Бектұрғановтың Бақтықожа Ізмұхамбетовке өкпесі қара қазандай.

Олардың пікірінше, Алпамыс Бектұрғановтың облыстық мәдениет басқармасының бастығы лауазымынан дәмесі болған, бірақ үміті әлі орындалмай келеді.

2005 жылы Алпамыс Бектұрғанов үлкен дау-жанжалға қалған-ды. Орал қаласының ортасындағы күмәнді жер телімі мен ақылы автотұрақты салу кезіндегі заң бұзушылықтар жөнінде бұқаралық ақпарат кұралдарында жарық көрген көптеген мақалаларда оның атына сын айтылып, кінә тағылды. Сол жолы Алпамыс Бектұрғанов сот шешімімен ірі мөлшерде ақшалай айыппұл төлеуге мәжбүр болған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG