Accessibility links

Орал қаласының атауы өзгеретіні жайлы қауесет қоғамды дүрліктіріп қойды


«Старый Уральскъ» мұражайы. Орал, 25 ақпан 2009 жыл.

«Старый Уральскъ» мұражайы. Орал, 25 ақпан 2009 жыл.

Оралдағы «Старый Уральскъ» мәдени-ағарту қоры Қазақстан президентіне үшбу хат жолдап, Нұрсұлтан Назарбаевтан Орал шаһарының атын өзгертпеуді өтінген. Қала атына қатысты ешқандай ресми бастама болмаса да, олар Оралдың атауын өзгертуге қарсылық ретінде азаматтардың қолын жинауға кіріскен.


«ОРАЛДЫҢ АТАУЫ ОРАЛ БОЛЫП ҚАЛУЫ ТИІС»

Орал қаласының атауы өзгереді-мыс деген қауесет қала тұрғындары арасында түрлі пікір туғызды. Қоғамдық пікірдің әр алуан болып, сан-саққа жүгіруіне «Старый Уральскъ» мәдени-ағарту қорының өкілдерінің де айтарлықтай үлесі бар.

Президентке хат жазып, бастама көтергендердің бірі Анатолий Трегубовтың сөзінше, олардың мемлекет басшысына хат жазуларына жергілікті «Пульс города» басылымында жарық көрген мақала түрткі болыпты. Онда өткен жылдың қарашасында президент Назарбаевпен өткен тікелей желіде оралдықтардың жолдаған сауалдары себеп болған.

- Шаһардың көптеген тұрғындары президентке Қазақстанның бірнеше қалаларының атауын өзгертуді ұсынды, олардың арасында Орал қаласы да бар. Бірақ біз, «Старый Уральскъ» қорының өкілдері, қандай да бір елді мекеннің атауын өзгертіп, қайта атауға түбегейлі
«Старый Уральскъ» мұражайының негізін қалағандардың бірі Анатолий Трегубов. Орал, 24 ақпан 2009 жыл.
қарсымыз. Мұның қандай қажеттілігі бар? Өйткені, бұл атаулардың ел тарихында өзіндік орны бар, сондықтан, оны қайта өзгертудің еш қажеттілігі жоқ.

Қаланың атауын өзгерту картографияны қайта қарауға мәжбүр етеді, милиондаған құжаттар өзгертіледі. Мұның барлығы не үшін керек? Мыңдаған тұрғын қандай да бір өзгертулерге қарсы. Біз тіпті бұл бастамаға қарсы азаматтардың қолын да жинап жатырмыз. Орал шаһары Орал болып қала беруі керек, - дейді Анатолий Трегубов.

Жергілікті басылымдарда шаһарды Орал, Жайық, Ақжайық және Жәнібек деп атауды ұсынған қала тұрғындарының пікірлері де жарық көрген.

ЖАЙЫҚ ҚАЛАШЫҒЫ

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сдықов дауға айналған қала атауын Жайық деп өзгертсе, тарихи тұрғыдан әділ қадам болар еді деген пікір білдірді.

- 2001 жылы Орал қаласынан 12 шақырым жерден көне қаланың орнын таптық. Бұл қорымды біз шартты түрде Жайық деп атаған жөн көрдік, өйткені, бұл қалашық Жайық өзенінің бойында орналасқан. Қазақстандық және ресейлік ғалымдар бұл көне шаһар қазіргі Оралдың түп бастауы дейді. Демек, осы деректерге сүйене отырып, біз Оралдың қазір жазылып жүргендей 1613 жылы емес, одан әлдеқайда ертерек пайда болғанын біле аламыз, - деген жорамалын білдіреді профессор Мұрат Сдықов.

«МҰНЫҢ БАРЛЫҒЫ ДА ҚҰР ҚАУЕСЕТ»

Бұл даулы тақырып қазір Орал қаласы тұрғындары арасында түрлі пікір туғызып отыр. Телеарналар мен жергілікті басылым беттерінде, тіпті интернет-форумдарда бұл мәселе талас-тартыстың тақырыбына айналған.

Жұртшылық осындау даулы мәселедегі тоқетер сөзді Орал қалалық ономастикалық комиссияның төрағасы, шаһар әкімінің орынбасары Талғат Нығметовтен естіді.

Жергілікті ТДК-42 телеарнасына берген сұхбатында ол Оралдың атын өзгерту туралы ресми өтініш пен ұсыныстың ешқашан түспегенін қадап айтты.

- Мұның барлығы да бос байбалам, құр қауесет қана. Әзірге, қала атауын өзгерту туралы ешқандай ұсыныс та, өтініш те ономастикалық комиссияға түскен жоқ. Сондықтан, бұл туралы күні бұрын шулап, дау көтерудің негізі жоқ, - деп мәлімдеді қала әкімінің орынбасары.

Облыс орталығының атауын өзгерту туралы бастама бұдан бұрын да көтерілген болатын. Жоғары лауазымды шенеуніктің аузынан шыққан бір ауыз сөз біраз жылға созылған дауға азық болды.

2005 жылдың ақпанында Орал қаласы әкімінің орынбасары Аманжол Зинуллин жергілікті ақпарат құралдарында Орал қаласының атауын Жайықты деп өзгерту туралы пікірін білдірген еді. Бұл ұсыныс кейін түрлі пікір туғызып, сол кездегі шаһар басшысы Вениамин Мұқатаевтың атына сын айтылған-ды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG