Accessibility links

Әулие әкейлер бір-біріне "ішкіш", "гомосексуалист" деген ауыр айыптар тағуда


Орал және Гурьев архиепископы Антоний тақсыр. Ақтөбе, 11 мамыр 2009 ж.
Орал және Гурьев архиепископы Антоний тақсыр. Ақтөбе, 11 мамыр 2009 ж.

Орал-Гурьев епархиясының діни қызметшілері төңірегіндегі дау-дамай тіпті ушығып кетті. Епархияның хатшысы Иван Бизиян жыныстық азғындаған деген айыпқа қалып отыр. Бұған дейін «Уралтехсервис» құрылыс компаниясының жұмысшылары өздеріне тіл тигізді деп оны сотқа берген еді.

«ПІРӘДАР ШІРКЕУДІ, ОТБАСЫН... АРАҚҚА АЙЫРБАСТАДЫ»

Орал-Гурьев епархиясының діни қызметшілері Антоний тақсыр мен оның хатшысы Иван Бизиян жақында Ақтөбе облысына іссапармен келді. Құдайға құлшылық етіп, уағыз айту мақсатымен келген дінбасылар кейіннен, осы сапары барысында, жергілікті журналистермен де кездесті.

Ақтөбеде мамырдың 11-і күні өткен баспасөз мәжілісі кезінде Антоний тақсыр түрлі шатақтың ордасына айналған Орал-Гурьев епархиясына қатысты ахуал туралы кеңінен түсінік беруге тырысып, осы атышулы даудың жай-жапсарын әңгімеледі.

Брифингті бастаған Иван Бизиян Ақтөбедегі Михаил Архангел ғибадатханасының шырақшысы Валерий Щербаковтың кейбір теріс қылықтарын жайып салды.

Орал-Гурьев епархиясының хатшысы Иван Бизиян. Ақтөбе, 11 мамыр 2009 ж.
«Мамырдың 4-і күні күні Валерий әкейдің қызметіне тыйым салғаныма тура 3 жыл толады. Ол жұртқа архиерейдің өзіне не үшін тыйым салғанын білмейтіндігін айтып, елді шатастыруда. Шынтуайтына келгенде Валерий әкей бұл қатаң шараның себебін өте жақсы біледі. Ол қасиетті ғибадат орнын, сүттей ұйыған отбасын, қала берді өзінің азаматтық ар-ожданы мен Құдайға сенімін араққа айырбастады, киелі орынға түскен қаражаттың бәрін қалтасына басты, - деп мәлімдеді архиерей Иван Бизиян журналистерге.

АРХИЕРЕЙ ЖАС ЖЕТКІНШЕКТЕРДІ ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАСҚА МӘЖБҮРЛЕДІ ДЕГЕН АЙЫПҚА ҚАЛДЫ


Жұрт сілтідей тынып тыңдаған бұл мәлімдемеден соң зал ішінде жиылған жұртшылық бір қозғалақтап қалды. "Бақсақ бақа екен" демекші, ақпарат құралдарының өкілдерімен болған бұл кездесуге Валерий әкейдің жақтастары да келген екен. Олар да есесін жіберген жоқ: епархия басшысы Антоний әкей мен хатшысы Иван Бизиянды кішкентай балаларды төсек қатынасын жасауға мәжбүрлеп зорлаған, бейпілауыз, құрбандық пен садақадан түскен миллиондаған қаражатты қымқырушылар деп ашық айыптады.

Діни семинарияның түлегі Андрей Кобыленко архиерей Иван Бизиянның өзгелерді жыныстық қатынасқа түсуге итермелеген кісі деп кінәлады:

«Семинарияда мен Черновцы қаласынан келген екі жігітпен таныстым, тақсыр әкей мен оның көмекшісін бізге сол жақтан жіберіпті. Әлгі семинаристер Антоний мен Бизиянның гомосексуалист екендігін, әрі Черновцыда олардың ұятты іс жасағанын айтты. Семинарияны бітірген соң Самара епархиясының ғибадатшысымен сөйлескенім бар. Ол кісі де біздің архиерейдің ерекше жыныстық құмарлығы бар адам екендігі туралы көп әңгіме айтты. Ал Иван Бизиян бір емес, бірнеше мәрте түкке тұрғысыз нәрсені сылтау етіп, мені «көңіл көтеру үшін» Оралға да шақырды. Егер мен оның тілегін қанағаттандырмасам, маған қасиетті орынға жол жабық екенін де қатаң ескертті. Ақырында ол өз сөзінде тұрды».

Журналистер істің мән-жайын Иван Бизиянның өзінен білмек болып оған сауал жаудырды. Бірақ ол ақталғанды жөн деп таппай, жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты:

«Мен ешкімнің алдында ақталғым келмейді. Менің ар-ожданым таза әрі мен Құдайдың адал құлымын», - деген Иван Бизиян залдан шыға жөнелді.

АРХИЕПИСКОП «КӨЗБЕН АРБАУДЫҢ ӘСЕРІНДЕ» БОЛҒАНЫН ЖАЗАДЫ

Ақтөбедегі осы оқиғаға дейін тағы бір түсініксіздеу жайт болған-тын. 2009 жылғы сәуірдің 23-інде Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың атына Антоний тақсырдан хат келіп түседі. Әлгі хатта Антоний тақсыр Иван Бизиянды республика аумағынан қуып жіберуді өтінген.

Өзінің бұл өтінішін архиепископ Антоний әкей Иван Бизиян «епархия басшысының ешбір кеңесі мен бұйрығына құлақ аспай, оған дауыс көтеріп, қалған қызметкерлерге тіл тигізетінмен негіздей келе: «Сізден оны облыс аумағынан аластауыңызды сұраймын. Ол өз елі – Украинаға кетсін және неғұрлым тезірек кеткені жөн болады» деп жазған.

Бірақ, сол күннің ертеңінде, яғни, сәуірдің 24-і күні Антоний тақсыр Батыс Қазақстан облысының әкіміне келесі хатты жолдайды. Бұл жолы ол «Орал епархиясының хатшысына қарсы ешқандай шара қолданбауды» өтініпті.

«Мен өз хатымда жалған жазған едім... Ол кезде біреудің көзбен арбауына түскендей әсерде болып, не істеп, не қойғанымды білмей қалдым» деп жазады әкімге екінші хатында Антоний тақсыр. Әрі сол күні архиепископ Антоний Иван Бизиянды епархия хатшысы ретінде бұрынғы лауазымына қайта тағайындайды.

КАЗАК АТАМАНЫ ТАҚСЫРҒА ҚАРСЫ КОМПРОМАТ БАРЫН АЙТАДЫ

Оралда Антоний тақсыр шіркеуден аластаған ондаған адамның ішінде Орал-Жайық казачествосының атаманы Анатолий Авилов та бар. Атаман мұндай жазаға 2007 жылы имаммен бірге болған түскі ас кезінде мұсылмандар дәстүрімен бет сипап, ас қайырғаны үшін ілінген.

Анатолий Авилов, оралдық «Диапазон» газетіне берген сұхбатында, епархияны Иван Бизиян басқаратынын, оның қолында Антонийдің ерсі істерін айғақтайтын дерек-дәйектер бар болуы ықтимал деген пікірімен бөліскен:

«Хатшының қолында әлдебір бейнежазба бары туралы ақпарат айтылып жүр. Бейнетаспаға Антонийдің гомосексуалдық тірлігі түсіріліп алынған. Сонымен қатар, 90-шы жылдары жастарды төсек қатынасына мәжбүрлегені үшін Иван Бизиян мырзаның үстінен қылмыстық іс те қозғалған еді. Қылмыстық оқиғалар тіркелетін арнайы журналдағы жазбалар да сақталған. Ол әкесіз өскен қамкөңіл жеткіншектерді жәбірлеп, қорлаған. Бұл істің сотқа жетпей қалғанына таңым бар... Бизиян мұның бәрін де өз пайдасына шеше білді. Мысалы, қорланған бір бозбаланың анасымен тіл табысып, істі жауып тастады. Әлгі отбасыны Саратовқа көшіріп, оларға шағын үй де сатып әперді. Көңілі жайланған әйел өз арызынан ерікті түрде бас тартып, бұл іс жылы жабылды. Бизиянның епархиядағы билігі дәуірлеп тұр. Тіпті, бірде мен Бизиянның Антонийдің жасаған ескертуіне құлақ аспай, тақсырға «Батыр қараңды бұл жерден!» деп зіркілдеген сөзін де естідім».

ЖҰМЫСШЫЛАР «ЖҮГЕНСІЗДІКТІ» ТОҚТАТУДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ


Ал Оралдағы «Уралтехсервис» құрылыс компаниясының қызметкерлері өздерін Иван Бизиянның тіл тигізіп, жәбірлегенін айтып, белгісіз мерзімге аштық жариялауды ұйғарғандары туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған болатын.

Олардың айтуынша, дін қызметкері өздерін тілдеп, ұлттық намысына тиген. Бірақ жұмысшылар сотта оның кінәсін дәлелдей алмағандықтан, Иван Бизиян толықтай ақталып шықты.

Жұмысшылардың ынталы тобының жетекшісі Александра Солодовникованың айтуынша, олар сәуірдің 30-ы күні аштық жариялауды бастамақшы болыпты. Бірақ, кейін бұл ойларынан айнып, Мәскеу патриархатына тағы бір шағым хат жолдапты.

«Егер бүкіл Ресей мен Мәскеу патриархы Кирилл бұл сорақылыққа араласып, Орал-Гурьев епархиясында Антоний мен Иван Бизиянның жасаған жүгенсіздігін тоқтатпаса, біз шешуші іс-қимылға барамыз. Қазір біз патриарх Кириллдің жауабын тосып отырмыз. Егер ол біздің өтінішімізді қанағаттандыруды жөн деп таппаса, онда біз белгісіз мерзімге аштық жариялаймыз. Біздің бастамамызға Ақтөбе мен Қостанай қаласындағы ниеттес азаматтар да қосылуға ынта білдіріп отыр», - дейді Александра Солодовникова Азаттық радиосының тілшісіне.
XS
SM
MD
LG