Accessibility links

Илья Ильин: Барлық рекордтты жаңартқым келеді!


Илья Ильин - Алтынның дәмі қандай болады екен?!
Илья Ильин - Алтынның дәмі қандай болады екен?!

Бейжіңде қазақтың ауыр атлеті Илья Ильин алтын жүлде жеңіп алумен қатар, Олимпиаданың да, әлемнің де рекордтарын жаңартуды жоспарлапты. Осы жане басқа да жоспарлары туралы Илья Азаттыққа арнайы берген сұхбатында әңгімеледі.

АЗАТТЫҚ: - Илья, Азаттық радиосының ұжымы өзіңді Қазақстаның Олимпиада құрамасының бірінші алтын медалін алуыңмен құттықтап, басқа да биік жетістіктерге жетіп, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі және үш дүркін Олимпиада чемпионы бол деген тілек білдіреді.

ИЛЬЯ: - Рахмет!

АЗАТТЫҚ: - Илья, сенің Бейжің Олимпиадасында алдыңа алтын медаль алу мақсатын қойғаныңа ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ алтын жүлде алғандағы көрсеткен нәтижеңе, яғни өзің бағындырған салмағыңа қанағаттандың ба?

ИЛЬЯ: - Ия, шындығына келгенде мен ол нәтижеге көңілім онша толмады, нәтиже одан жоғары болуы керек еді. Бірақ проблеманы, мысалға білегім мен тағы басқа жарақатымды ескерсем, менің ойымша, бәрі де ойдағыдай болды.

Бірақ мен ол нәтижемді әлі жетілдіруге тырысамын. Өйткені, мен алдыма қойған басты мақсатыма жеткен жоқпын.

АЗАТТЫҚ: - Илья, өз салмағыңдағы Олимпиада рекордын өзгертуді жоспарлаған жоқсың ба?

ИЛЬЯ: - Ия, менің Олимпиада рекордын да, әлем рекордын да өзгерту мақсатым болды және жекелеген әдістердің ғана емес, екі әдістің – жұлқи және сілтей көтерудің нәтижелерін қоса алғандағы рекордтарды өзгертуді жоспарладым. Бірақ, өкініштісі, бұл жолы болмады. Бірақ келесі жолы міндетті түрде орындаймын!

Жалпы мен әлем рекордына қажетті салмақты көтеруді жоспарлаған едім.
Илья Ильин Бейжіңде ауыр атлетикадан өз салмағында алтын медаль алумен қатар, Олимпиада және әлем рекордын да өзгертуді жоспарлапты. Бірақ оған қолының жарақаты мүмкіндік бермеді.

АЗАТТЫҚ: - Илья, туған елің, отбасың, туған-туысқандарың өзіңді қалай қарсы алды.

ИЛЬЯ: - О-о-о, ол бір керемет, ғажап болды!

Өзімнің туған қаламда (Қызылорда) стадионға 10 мыңнан астам тұрғын жиналып... қысқасы мені ыстық ықыласпен қарсы алды.

Жалпы бәрі де керемет болды, көргенімнің барлығын айтып жеткізуге сөз жетпейді. Менің сол сәттегі жалғыз-ақ анық сезгенім – мен өз үйіме, туған отаныма оралыппын...

АЗАТТЫҚ: - Жалпы Олимпиада қалашығында, Қазақстанның олимпиадалық делегациясының ішінде көңіл-күй қалай болды?

ИЛЬЯ: - Біздегі көңіл-күй, атмосфера тек жеңіске бағытталған бірқалыпты, жақсы өнер көрсетуді көздеген атмосфера болды деп айтар едім.

Бәрі де ойдағыдай, ешқандай проблема немесе күтпеген жайттар болған жоқ, әркім өзінің ісінен босамады.

АЗАТТЫҚ: - Илья, құрамадағы әріптесің, боксшы Бақыт Сәрсекбаев Азаттық радиосына берген сұхбатында аз ғана демалған соң, Лондон Олимпиадасына дайындалуға кірісетінін мәлімдеді.

Айта кету керек: тәуелсіз Қазақстанның тарихында әлі ешкім екі және үш дүркін Олимпиада чемпионы болып көрмепті. Ал сенің сондай жоспарың жоқ па?

ИЛЬЯ: - Мен, әрине, әрі қарай бақ сынаймын. Өйткені, мен әлі тым жаспын ғой! Өзімнің бар мүмкіндігімді көрсетуге уақытым жетіп артылады.

Бірақ әзірше мен, ашығын айтсам, жаттығу үшін, 2012 жылғы Олимпиадаға дайындалу үшін барлық жағдайымды жасап аламын, содан кейін ғана іске кірісемін. Жағдай дегенде, қаржылық, денсаулық және моралдық жағдайларды құнттауым керек.

АЗАТТЫҚ: - Илья, сенің бір сұхбатыңнан оқығаным: сенің алдында не спорт, не бизнес деген 2 мәселе тұрған көрінеді ғой?! Таяу келешекте нақты немен айналысатыныңды шештің бе?

ИЛЬЯ: - Ия, менің ойымша, ең алдымен мен бәрібір өзімді кәсіпкерлікте сынап көргім келеді. Олимпиада ойындарына еш алаңдамай дайындалу үшін сол арқылы мен өзімді қаржы жағынан толық қамтамасыз етіп көремін.

Бірақ мен екі істі де қатар атқаруға болады ғой деп ойлаймын. Бірақ сонымен бірге спортқа көбірек көңіл бөлу керек. Өйткені, спорт тек өзімен ғана айналысуды талап ететін іс қой!

Ал кәсіпкерлік үшін кісі жалдауға немесе іскер адамдарды жалдап, солар арқылы өз кәсібіңді қадағалап отыруға да болады емес пе!?.

АЗАТТЫҚ: - Илья, сенің Бейжің Олимпиадасындағы жеңісің өзіңнің қаржы проблемаңды шеше алды ма?

ИЛЬЯ: - Жо-о-оқ, шындығына келгенде менің ашқандай қаржылай проблемам жоқ. Ондай проблема атымен жоқ. Мен кәсіпкерлікке жай ғана қызығамын, мен өзімді кәсіпкерлікте де сынап көргім келеді.

Оған қоса, мен демеушілер іздеп, олардан қаржылай көмек сұрап әуре болмай, өзімді өзім қамтамасыз еткім келеді.


АЗАТТЫҚ: - Илья, өзіңнің жеке өміріңе келсек: сүйген қызың бар ма, үйленемін деген ойың жоқ па?

ИЛЬЯ: - Мен әзірше ол туралы ойлаған да жоқпын. Бірақ бұл мәселеге келгенде бәрі де ойдағыдай, ешқандай проблема жоқ.

Менің сүйетін қызым, өзім осыдан бірнеше жыл бұрын таңдаған қалыңдығым бар.

Әзірше үйлену туралы ойлаған да жоқпын, әлі ертелеу ғой! Әрі қарай көре жатармыз, уақыты келгенде, дереу үйленеміз ғой!

АЗАТТЫҚ: - Илья, тағы екі сауалым бар, біріншісі: осы таяуда ғана Кубаның ұлттық көсемі Фидель Кастро Қазақстанның олимпиадалық құрамасын спорт төрешілерін, оның ішінде бокс төрешілерін сатып алды, соның кесірінен кубалық боксшылар алтын медалсіз қалды деп айыптады. Міне осы жөнінде не айта аласың?

ИЛЬЯ: - Егер ақиқатын айтсам, тағы да сол боксты алатын болсақ, біздің жігіттерге ашықтан-ашық әділетсіздік болғанын өзім көрдім. Мен спорттың осы түрінің айшық-ұйшықтарынан бейхабармын. Бірақ мен біздің бірқатар боксшымызды қасақана жеңілдіргенін өз көзіммен көрдім.

Қазір оның бәрін даулап, көтеріп жатудың қажеті жоқ. Одан еш нәтиже шықпайды.

Мен Фидель Кастроның не айтқанын білмеймін. Ал біздің жақтан әлгіндей келеңсіз жайттардың болғанын байқамадым. Бәрі де таза болды.

АЗАТТЫҚ: - Илья, қызық әңгімеңе көп рахмет! Тағы зор табыстар тілейміз!

29 тамызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Астанадағы Ақорда сарайында Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, барлығын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Оның ішінде 2 жеңімпаз Илья Ильин мен Бақыт Сәрсекбаев 1 дәрежелі “Барыс” орденімен, күміс жүлдегерлер - Ирина Некрасова мен Асхат Жіткеев, Алла Важенина мен Таймураз Тигиев –“Парасат” орденімен, жеті қола жүлдегер - “Құрмет” орденімен марапатталды.
XS
SM
MD
LG