Accessibility links

Олимпиада жеңімпазы Илья Ильин жарақатынан жазылған соң, сәнді киімдер үлгісін ұсынды


Илья Ильиннің ерлерге арналған сәнді киімдер жинағының тұсаукесері. Орал, 28 ақпан 2009 ж.

Илья Ильиннің ерлерге арналған сәнді киімдер жинағының тұсаукесері. Орал, 28 ақпан 2009 ж.

Ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Илья Ильин, оралдық дизайнер Ақкенже Девяткомен бірге, ерлерге арналған киімдер жинағын жарыққа шығармақ ниетте. Тұсаукесер рәсімі Оралда өтккен бұл жоба қайрылымдылық мақсатты көздейді.

Негізінде спорттық үлгідегі күнделікті киетін ерлер киімін тігу туралы ой елге танымал ауыр атлет Илья Ильиннің басына белгілі модельер Ақкенже Девяткомен танысқанда келген екен. Сол кезде Илья оған дизайнер ретінде бірге жұмыс істеуді ұсынған екен.

Ильяның айтуынша, оның көкейінде көптен жүрген түрлі дизайнерлік идеяларды Ақкенже Девятконың арқасында жүзеге асыруға мүмкіндік туыпты.

– Түйме ретінде зілтемірдің қыстырмасы, тиектүйме ретінде гантельдің таңдалып алынуы коллекцияның ерекшелігін аша түскендей. Негізінде, киім үлгілерін өзім ойластырдым, ал мен үшін әзірге беймәлім дизайнерлік жұмыстардың түйткілді тұстарын Ақкенженің өзі жетілдірді. Жалықтырмайтын осындай қызықты жұмыс тапқаным үшін мен өзімді бақыттымын деп санаймын, – дейді Илья Ильин.

Сән көрсетілімін ұйымдастырушылардың сөзінше, киімді тігуге жұмсалған заманауи материал Франция мен Италиядан арнайы алдырылған көрінеді. Ерлер костюмінің бағасы орташа есеппен алғанда 40-50 мың теңге тұрады (шамамен 260-330 доллар).

Илья Илин журналистерге олимпиадада жеңіп алған алтын медалін көрсетіп тұр. 28 ақпан 2009 ж.
Ақкенже Девятко бұл жобаның бір мақсаты қайырымдылық шарасында жатқанын да жасырып қалмады – мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетілмек.

– Илья Ильиннен шыққан эксклюзивті жасаулардан түскен табыстың 20 пайызын біздер жетім балалар үйіне беруді көздеп отырмыз, сонымен қатар, қымбат операция жасалуы тиіс науқас балғындарды да ұмыт қалдырмаймыз, – дейді Ақкенже Девятко.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2009-жылдың 14-ші ақпанында Илья Ильин Алматыда ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген болатын.

Олимпиадалық дайындық орталығының директоры Бикен Бекмухамбетов, «Время» газетіне берген сұхбатында, Илья Ильиннің төбелесіп, ауыр жарақат алғанын жария еткен еді.

Кейін полицейлер жәбірленушінің өзінен болған оқиғаның мән-жайын білуге тырысты. Ал Илья Ильин жарақатты үйлену тойы кезінде алғанын, Алматыдағы кафелердің бірінде өткен салтанатта абайсызда құлап түсіп, бөтелкенің сынығымен жараланғанын айтты. Алайда, Бейжің олимпиадасының чемпионы Илья Ильин арыз жазып, жазбаша түсінік беруден бас тартты, мұны ол ешкімге деген наразылығының болмағанымен түсіндіреді.

Оралда өткен баспасөз мәслихатында Илья Ильин жарақатты кездейсоқ алғанын тағы да қадап айтты.

– Кейбір газеттердің жазғанындай, мен ешқандай төбелеске қатысқам жоқ. Көңілді думанда жүргенімде абайсызда тайып жығылып, бөтелкені сындырып алдым, қас қылғандай өзім сол бөтелкенің сынығына кеудеммен құлап түстім. Айта кетейін, мен ол кезде мас болғаным жоқ. Қазір менің денсаулығым жақсы, спортпен белсене айналысып жатырмын. 2012 жылы өтетін Лондон олимпиадасында алтын медальді иеленсем бе деген жоспарым бар.

Ауыр атлет Илья Ильин 1988 жылы Қызылордада дүниеге келген. Екі мәрте Әлем чемпионы атанған ол 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында топ жарып, жеңімпаздың алтын медалін иеленген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG