Accessibility links

Төрт партияның Оралдағы ұйымдары бейбіт жиын өткізу құқығын шектейтін меморандумға қосылмады


Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігі. Орал, 20 ақпан 2009 ж.

Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігі. Орал, 20 ақпан 2009 ж.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілігі дайындаған өзара түсіністік пен әріптестік жөніндегі меморандумды Ата заңға қайшы деп тапқан ресми тіркелген төрт партияның жергілікті ұйымдары оған қол қоюдан бас тартты.

Ақпанның 19-ы күні облыстық ішкі саясат басқармасының директоры Тілекқабыл Имашев барлық саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдары өкілдерінің басын қосып, дөңгелек үстел өткізді. Билік өкілі жиынға қатысушыларға өңірдегі қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында «өзара түсіністік пен әріптестік жөніндегі меморандумға» қол қоюды ұсынды.

Қоғамдық-саяси ұйым жетекшілерінің алдында сөз алған шенеунік Тілекқабыл Имашев ғаламдық экономикамен тығыз байланыстағы ел экономикасына да әлемді күйзелткен қаржылық-экономикалық дағдарыстың әсер еткенін айтып өтті:

- Қаржы дағдарысы біздің облысымызды айналып өтпеді. Біз оның ауыр зардаптарын да сезіне бастадық. Бұл жағдайда еліміз үшін қоғамдық-саяси тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңызы зор екендігін айта кеткен жөн. Осындай қиын сәтте саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар және кәсіподақтардың өкілдеріне экономикалық қиындықтарды халықтың ауызбіршілігі, татулығы мен елдегі тыныштықтың арқасында жеңе білуге болатынын еске салғым келеді.

Бірақ, осы жиында бас қосқан партиялардың кейбірі аталмыш меморандумды құптай қоймады. Қазақстан Коммунистік партиясы, «Азат», «Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері бұл шартқа қол қоюдан үзілді-кесілді бас тартты. Олар бұны құжатта көрсетілген шарттардың жекелеген тұстарымен келіспейтіндігімен түсіндірді.

Жергілікті коммунистердің жетекшісі Василий Шамин меморандумның 6 тармағының барлығымен де келіспейтінін айтады. Меморандумда қиын кезеңде көпшілік алдына шыққанда жауапкершілік пен сабырлылық танытып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланар мақалаларда әлеуметтік шиеленіс туғызар жағдайлардан аулақ болу керектігі жазылған.

Василий Шаминнің сөзінше, ешкім журналистерге нені жазып, нені жазбаудың керектігін айтып, жөн сілтемеуі тиіс.

– Дағдарысты біз ойлап тапқан жоқпыз. Және онымен күресетін де біз емеспіз ғой. Қазақстан Үкіметі күйзеліске қарсы шаралар легін дер кезінде қолға алмай, өрескел қателер жіберді. Енді елдегі жағдай қиындаған кезде, билік бізге жүгініп, әрі бар жауапкершілікті біздің мойнымызға артып қойғысы келеді. Жоқ, өз қатесінің зардабын олар өздері тартуы тиіс. Алайда, біз ақпарат құралдарында өз пікірімізді жария етіп, бейбіт митингілер мен жиындар өткізуді тоқтатпаймыз. Бұл – біздің конституциялық құқымыз. Және бұл еркіндікті түп-төркіні күдікті меморандуммен шектегенге де қарсымыз. Сонымен қатар, партияның облыстық Пленумы бұл құжатты қабылдамады, сондықтан да біз оған қол қоймаған жөн деп шештік, – деді Василий Шамин.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия филиалының жетекшісі Хадиша Мұқанова да әкімшілік дайындап ұсынған құжатқа қол қоюдан бас тартты. Ал «Азат» партиясының Оралдағы бөлімшесінің төрағасы Ізғали Берқалиев меморандумды талқылау жиынына қатысқан жоқ.

Сондай-ақ, Қазақстанда әлі тіркелмеген «Алға» партиясының Оралдағы бөлімшесінің жетекшісі Анаргүл Әбенова да өздерінің еркі мен құқығын шектемек болған биліктің құйтырқы әрекетіне наразылығын бүгіп қалмады. Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында ол былай деді:

– Бұл меморандум Конституция мен барлық халықаралық заңдарға түбегейлі қайшы. Өйткені, мұнда азаматтардың бұқара алдында өз пікірін білдіруіне тыйым салынған. Әлемдік дағдарыс тоғышар шенеуніктер бюрократиясының жемқорлық сипатын тіптен күшейтіп жіберді. Бұған мысал ретінде қажеттілігі шамалы дағдарысқа қарсы шараларды, ұлттық қорға қол сұғылуын айтар едім. Президент Назарбаевтың аз ғана шығынмен бізді тығырықтан құтқарып алатыны жөніндегі әр алуан жалынды ұран сөздер де бар болғаны қоғам санасына әсер етудің бірден бір амалы ғана. Ал, ауылдағы ағайын ашаршылықтың аз-ақ алдында тұр. Елді дүрліктірген бүгінгі дағдарысқа дейін олар осы қалпында өмір сүріп келді. Бірақ, билік бүгінгі ауыр кезеңде бізге көрсетілген шарттары ақылға сиымсыз, қайдағы бір меморандумдарын тықпалап әуре. Жоқ, біз бұған қол қоймаймыз.

Облыстық ішкі саясат департаментінің бөлім бастығы Нұрлыбек Дауымов бұл меморандумның тек жоба ғана екендігін және оған бірден қол қоюды ешкімнің міндеттеп, мәжбүрлемегендігін айтады.

– Бізге оппозициялық партиялардың ұстанымы түсініксіз болып қалды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов (ол «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасы міндетін де қоса атқарады) бұл мәселеге түсіністік тұрғыдан келді. Ол, егер партия жетекшілері меморандумның жекелеген шарттарымен келіспейтіндігін білдірсе, оны алып тастауға, тіпті қалауынша өзгертуге де келісті. Бірақ, облыс басшылығы тарапынан осындай бітімгершілік жасалса да, оппозициялық саяси ұйымдар оған қол қоюдан бас тартты. Оларға қандай талап қойсаң да, бітімге келуден үзілді-кесілді бас тартып отыр, – дейді Нұрлыбек Даумов.

Осылайша, елде ресми тіркелген 10 партияның Батыс Қазақстандағы жергілікті ұйымдарының тек алтауы ғана аталмыш меморандуммен келісетіндігін білдіріп оған қол қойды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG