Accessibility links

Халық қазынасы ортаймасын десек...


Рухани жәдігерлерімізді саралап, ұмытылғандарын еске түсіріп, ұрпаққа үлгі ету, көмескіленгенін қайта жаңғырту мақсатында “Халық қазынасы” атты жаңа айдар ашып отырмыз. Бұл айдардың мазмұнын толтырып, мағынасын аша түсу үлесі сіздің де еншіңізде, қымбатты оқырман!

Сірә, адамзат баласы үшін Уақыттан үлкен төреші жоқ. Ұлттық бет-бейнеңнің қалыптасып, дамығанын, өскен, я өшкенін Уақыт шіркін Өзіне тән заңдылығымен таңбалап отырған ғой.

Сайын далада, самал желмен жарысып, жүйрік баптап, табиғатпен еркін тілдесіп, төрттүлік малдың жайын күйіттеп қана қоймай, тұма өнерді қастерлеп өткен бабаларымыз, қажетсіз ақпараттармен лайланбаған саналарын сарабдал ұстап, сұлулыққа, өнерге деген құштарлықтарын төмендетпестен ғұмыр кешкен.

“Көшпенділер, сендерде мәдениет болмаған, шетіңнен сауатсыз едің. Біз адам еттік. Ұлттық тарихың 18- ғасырдан басталады. Театрың, музейің, мектебің болған емес. Ал, әдебиетің мен жазу-сызуың қазан төңкерісінен кейін ғана дүниеге келді”,- деп өркөкірек қызыл империя ұлттық санамызды езгілеп, халықтық жадымыздан өткенімізді өшіруге қаншама тырысса да, Уақыт төреші өзіне тән әділдігімен әрнәрсені өз орнына қойып берді.

Біздің бала кезімізде ауылдық жерлерде, әсіресе әжесі бар үйлерде ақбоз киіз үйлер болатын. İші-сырты көз жауын алар басқұр-баулармен безендірілген ол киіз үйлер біздің сәби санамызға көшпелі музейдей әсер ететін еді. Ол кісілердің қымыз баптауға арналған ыдыс-аяқтарының жөні тіпті бір бөлек болатын. Әдейілеп арша ағашынан қиып жасаған тегештері мен қымыз сапыруға лайықталған ожаулары толған өрнек еді.

Жас келіндер мен бойжеткендердің омыраулары мен білектері толған әшекейлі күміс бұйымдар болушы еді. Ауыл ұстасының қолынан шыққан, біріне-бірі ұқсамайтын шолпылар мен сырға, жүзік, білезік дегендеріңізден көз тұнатын. Өкінішке қарай, айналасы оншақты жылдың ішінде сол ұлттық өрнекке толы асыл заттар ел ішінде күрт азайып кетті. Студент кезімізде сондай бұйымдарды үлкен қалалардағы музейлерден көріп: “Апыр-ау, біздің ата-бабаларымыз табиғи музейдің ішінде өмір сүрген екен ғой!”-деп қайран қалушы едік.

Ел ішінде көкірегі қаттаулы шежіредей текті қариялар болды. Бала кезден әңгімелеріне қанығып өстік. Қазан төңкерісіне дейін-ақ ат жалын тартып мінген сол кісілер көздерімен көргендерін айтып отырушы еді.
Сондай әңгімелерінің бірі айтыс жөнінде болатын.

Жалпақ жұртқа сауын айтқан небір айтулы астар мен толып жатқан той-томалақтарға жиналған өнер сүйер қауым суырып салма ақындарды елдеріне қайтармастан, бірнеше күн қонақ етіп өнерін тамашалайтын болған ғой. Ондайда бүкіл қазақ даласы- театр залы, ақындар жайғасқан кілемнің үсті сахнаға айналып жүре береді екен.

Жезтаңдай әншілері мен ақындарын демалдыра тұрғанды жөн көрген қауым енді бір сәт ат жарысы, көкпар, қыз қуу мен палуан күрестерін тамашалап, мәре-сәре болысатын.

Тағы да сайын дала төсі спорт алаңдарына айналып жүре беретін болған. Бұл негізінен жаз шығып, ел аяғы кеңіген кезде орын алатын өнер мен спорт түрлері еді.

Ал, Қазақ даласындағы құқықтық-заңдық жүйені жүргізіп отырған билер кеңесі ше!? Олар нағыз әділеттіліктің арқауы еді ғой. “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген қағиданы берік ұстанған халқымыз даналығы мен әділдігіне қоса айрықша шешендігімен даңқы шыққан кісілерді өз іштерінен би сайлап отырған. Түрлі дауларға шешім шығару барысындағы ол кісілердің шеберлікпен жасаған үкімдері қазақтың Шешендік өнеріне қайталанбас өрнектерімен қосылған жауһарлар еді ғой!

-Ал қыстың ұзақ түндерінде қыстаудағы жұрт дастаншы, қиссашы, шежірешілерді арнайы шақыртып, ортаға алысатын еді. Дастанды оқып отырған адаммен бірге жылап, біресе күліп, жарықтықтар едәуір серпілісіп қалатын,-деп еске алушы еді сол қос заманды көрген қариялар.Ойлап қарасаңыз сол замандарда қазақ қыстауының өзі кішігірім оқу залдарына айналғандай екен-ау!

Осылайша табиғатпен қалай қоян-қолтық араласып, біте қайнасып жүрген болса, өнер әлемінің тікелей ішінде өмір сүріп, соның айғағы ретінде қолөнер туындыларын күнделікті тұрмыстарында тұтына жүріп өмір сүрген ғой. Сөйткен бабаларымызды “рухани жағынан кемшін еді”,-деп орыс патшасының, кейінірек совет үкіметінің жапқан жалаларына Уақыт өзі лайықты жауабын берді емес пе!

“Қазақтың жазу-сызуы болмаған еді” деген қызыл империялық жалаға кезіккен сайын ойымызға сонау 5-8- ғасырларда өмір сүріп, тасқа дастандарын қашап қалдырған Күлтегін, Тоныкөктей бабаларымыз оралатын еді. Ал, Талас өңірінің руналық жазулары - өз алдына бір әңгіме.

Данышпан Әл-Фараби еңбектері мен Жүсіп Хас Хаджібтің “Құдатқу білігі” және Махмуд Қашқари, одан бері сала Қадырғали Жалайыридің, Жаратушы Өзі айрықша талант берген, басқа да талай-талай біртуар бабаларымыздың еңбектерін тізе берсек түгесе алмаспыз-ау, тегінде.

Халықтың рухани арқауы өнері мен мәдениетінде десек, сол алтын арқауды үзіп алмастан, болашаққа жалғап отыру ұрпақтар міндеті екені даусыз.

Ендеше “Азаттық” радиосы өзінің сайтында “Руханият” бөлімінен өздеріңізге арнап, “Халық қазынасы” атты жаңа айдар ашқанды жөн көріп отыр. Бабаларымыздан қалған сөз өнері, қол өнері, бейнелеу өнері мен ұлттық спорт түрлеріне қатысты көне-көз қариялардан ұғып, ұстанып қалған әңгімелеріңіз бен деректі дүниелеріңіз, айырқша ой-толғамдарыңыз болса, ортаға салыңыз, қадірменді оқырман.

“Асыл мұраларымыз жылдар белестерінде көмескіленіп қалмасын”,- деп жарғақ құлағы жастыққа тимейтін, бойында ұлттық намысы атойлаған барлық замандастарымызды Азаттықтың “Халық қазынасы” сандығына өз үлесін қосуға шақырамыз. Халықаралық Азаттық радиосының www.azattyq.org сайты оқырмандары санының бірнеше мыңнан асқанын да қаперіңізге сала кеткіміз келеді. Яғни “Халық қазынасына” қосқан үніңіз кеңінен жайылып, талай тарапқа естілетін болады.
Сонымен, халқымыздың рухани өмірінің өткені мен бүгіні жайлы сан-салалы әңгіме тарқатуға Сіз де атсалысыңыз, ардақты ағайын!
XS
SM
MD
LG