Accessibility links

Өз үйін мұражай үшін босатқан оралдықтар баспанасыз қалуы мүмкін


Татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың мемориалдық мұражайы. Орал, тамыз, 2009 жыл.
Татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың мемориалдық мұражайы. Орал, тамыз, 2009 жыл.

Оралда қала басшылығының ұсынысымен өздерінің ескі үйін ақын Ғабдолла Тоқайдың мұражайы үшін босатқан бірнеше отбасы далада қалғалы отыр. Бұрынғы үйдің орнына биліктің берген пәтерлерінен оларды шығарып тастамақ.


ӨЗ ҮЙЛЕРІН МҰРАЖАЙҒА БОСАТТЫ


2005 жылы Ақашевтар отбасының қала орталығында дербес баспанасы болатын. Орал қаласы әкімдігі қызметкерлері бұл отбасы отырған үйді татар ақыны Ғабдолла Тоқай атындағы мұражайға қажетті ғимаратқа босатуды сұрап, оның орнына жаңадан салынған көпқабатты үйден екі бөлмелі пәтер ұсынады.

Баян Ақашева билік тарапынан түскен бұл ұсынысқа әу баста келіспегенін айтады. Бірақ жаңа үйге қызыққан көршілері оның көнбесіне қоймапты, көрші хақысы – құдай ақысы, амалдың жоқтығынан ақырында келісуіне тура келеді.

Орал қаласының тұрғыны Баян Ақашева. Тамыз, 2009 жыл.
– Бұл ескі үйді бізбен бірге тағы да бес отбасы мекендеген болатын. Олар батпан құйрыққа бергісіз мұндай ұсынысқа қуана келісті. Өйткені, бұл үйдің әбден тозығы жеткен еді, осыдан 200 жыл бұрын салынған ғимарат жібі түзу жөндеуге де жарымады. Осындай ескі баспанадан уақытылы құтылуды көздеген едік, – деді Баян Ақашева Азаттық радиосының тілшісіне.

Үй шынымен де апатты жағдайда болатын, бірақ, қала басшылығының бұл ғимаратқа қадала қалуында да мән бар, өйткені, бұл үйде бір кездері Ғабдолла Тоқай тұрған еді.

Татар мәдени орталығының жетекшісі, белгілі кәсіпкер Ришат Хайруллин Ғабдолла Тоқай атындағы мемориалдық мұражай ашу жөніндегі ұсынысты көтергендердің бірі. Осыған дейін ол Татар республикасы үкіметінің қолдауымен Орал қаласындағы қызыл мешітті (халық аузында «Татар мешіті») күрделі жөндеуден өткізген еді. Енді ол қалада татар ақынына мұражай ашу керектігін де жергілікті биліктің құлағына құя бастады.

Баян Ақашеваның айтуынша, оларды жаңа баспанаға көшуге көндіруге сол кездегі Орал қаласының әкімі Сағынбек Мұташевтың өзі келіп жолыққанда, онымен бірге Ришат Хайруллин еріп жүрген.

КЕЛІСІМ-ШАРТ ТАЛАПТАРЫ БҰЗЫЛДЫ

– Жаңа пәтерге көшіп, қоныстанғаннан кейін қолымызға келісім-шартты ұстатты. Шарттың талаптарын оқып көрсек, пәтердің қала әкімдігінен 2 жыл мерзімге уақытша берілгендігі, сондай-ақ, осы уақыт ішінде бағасы бірдей тең дәрежелі жеке тұрғын үй ұсынатыны туралы жазылған. Бұл ұсыныстан бас тартқан жағдайда істің сотта қаралатыны да айтылған. Бірақ, арада 4 жыл өтті, баспананы жалға алу мерзімі де бітіп келеді, ал біз аяқасты қаңбақтың күйін кешеміз бе деген үрей құшағында өмір сүріп келеміз, – дейді Баян Ақашева.

Баян Ақашева әкімдікке шағымданғанда, ондағылар баспананы жалға алу мерзімін ұзартуды ұсыныпты. Одан басқа әкімдіктегілер ештеңе уәде етпеген. Ал тұрғындардың кейбіріне жалдау мерзімі әлдеқашан өтіп кетуіне байланысты пәтерді тез босату керектігі туралы ескерту қағаздары келіп жатқан көрінеді.

– Егер үйден қуып шығаратын болса, онда сотқа шағынамыз. Басқаларды білмеймін, бірақ менің қолымда мұражай-үйдің қожайыны екендігімді дәлелдейтін құжаттар бар, – дейді Баян Ақашева.

ШЕНЕУНІКТІҢ КЕҢЕСІ

Азаттық радиосының тілшісі Орал қаласындағы татар мәдени орталығының жетекшісінен осы жайт туралы білмек болуға талпынғанымен, журналисті толғандырған мәселенің не туралы екенін білген хатшысы бастығының жоқ екендігін айтып, ақпарат беруден бас тартты.

Бірақ, «Орал апталығы» басылымында Ришат Хайруллиннің үйсіз-күйсіз қалған тұрғындарға баспана берілетіндігін, бұл жайында облыс әкімінің уәде бергенін айтқан сөзі жарияланды:

«Біз ұзақ уақыт бойы осы ғимаратты мұражай ретінде беруін сұрап келдік. 2005 жылы бұрынғы облыс әкімі Нұрғали Әшімов бұл мәселені шешуге көмектесті. Ол осы ғимаратты мекендеген отбасыларға пәтер беріп, болашақ мұражай нысанын босататынын, ал көне ғимаратты күрделі жөндеу ісіне әзірге бюджетте қаражат жоқ екендігін айтыпты. Бірақ біз үйді өз қаржымызға жөндейтінімізді айтып қуана келістік, бұл кезде ғимарат әбден тозығы жетіп ескірген, шатыры шұрқ тесік болатын. Үйді қалпына келтіруге 50 миллион теңгеге (шамамен 333 мың доллар) шығындандық», – деген «Орал апталығы» басылымына берген сұхбатында Ришат Хайруллин.

Ал Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы Махамбет Батырғалиев бұл жайында Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартып, бұл жөнінде тұрғындар қазіргі қала әкімі Самиғолла Оразовқа қайта шағымданғандары жөн деген кеңес айтумен шектелді.
XS
SM
MD
LG