Accessibility links

Оралдық Владислав Букреевтің орыс ақыны Александр Пушкинге ұқсастығы


Владислав Букреев халықаралық егіздер фестивалінде. Ленинград, 1990 жыл. Сурет оның жеке мұрағатынан алынды.

Владислав Букреев халықаралық егіздер фестивалінде. Ленинград, 1990 жыл. Сурет оның жеке мұрағатынан алынды.

Оралдық Владислав Букреевтің елден ерекшелігі - орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкинге сойып қаптап қойғандай ұқсас. Ақынмен тек сыртқы келбеті ғана емес, өмір тарихында да ұқсастық барын айтады.

«БҮКІЛ ҒҰМЫРЫМ ТЕАТРҒА АЙНАЛДЫ»

Владислав Букреевтің Александр Пушкинге ұқсастығын алғашқы болып мектеп мұғалімі байқапты, ол кезде Владислав Букреев 2-ші сыныпта оқиды екен.

– Ол мені сол кездің өзінде-ақ «кішкентай Пушкин» деп атап кетті. Бұл кезде мен небары сегіз жаста едім, әрі Александр Пушкиннің шығармашылығы тұрмақ, оның тіпті кім екенінен де хабарсыз болатынмын, – деп еске алады Владислав Букреев.

Владислав Букреев ауылда өсіп, ержетті. Оның әкесі ауылдағы ауқаттылардың бірінен саналатын, әрине, кішкене Владислав Букреев әкесіне шамасы жеткенше көмектесіп, қолғабыс етті. Бір-біріне ұқсас осындай күндердің бірінде оның басына қызықты сөздер тіркесі сап ете қалады. Қолға қалам алған жас бала оны бірден қағаз бетіне түсіріп, оқытушыға көрсетеді.

– Мұғалім мен жазған өлең шумағын көріп, мұны қалай шығарғанымды сұрады. Мен ол кезде ұйқас түгілі, өлеңде жазылған кейбір сөздердің мағынасын да білмейтінмін. Бұған өзім де түсінбедім, бұл сауал мені ұзақ уақыт бойы мазалап келді. Бірақ, мен сол кезден бастап өлең жазумен әуестене бастадым. Қазір осындай өлеңдерім жазылған күнделіктерім жиналып қалды. Алайда, оны жарыққа шығарып, жеке жинақ ретінде басып шығаруға қаражат жоқ, қол қысқа, – деп торығады Владислав Букреев.

Өз өмірінде Владислав түрлі театрландырылған қойылымдарға қатысып, Александр Пушкиннің бейнесін сомдаған.

– Көптеген режиссерлер екеуміздің ұқсастығымызға таңданысын жасыра алмайтын. Мен парик пен жасанды сақал-мұртсыз, тіпті ешқандай гримнің көмегінсіз-ақ өнер көрсеттім. Мұның барлығы да менің табиғатымда бар нәрсе. Мен кәсіби актер болмасам да, бүкіл өмірім театрмен тығыз байланыста болды. Бар саналы ғұмырымның театрмен тел болуы да бет-бейнемнің Александр Пушкинмен қатты ұқсас болуында шығар.

1990 жылы Владислав Букреев Ленинград қаласында өткен халықаралық егіздер фестиваліне қатысуға шақырылады. Күллі Одақ көлемінен жиылған үш мыңнан астам үміткердің ішінен фестивальді ұйымдастырушылар небары 40 адамды ғана іріктеп алады. Бағы жанғандардың ішінде Владислав Букреев те бар еді.
Владислав Букреев халықаралық егіздер фестивалінде. Ленинград, 1990 жыл.


– Мұны менің өмірімдегі ешқашан ұмытылмас сәттердің бірегейі деуге болады. Мен ол жерде Владислав Листьевпен және Леонид Якубовичпен таныстым. Фестивальдің қазылар алқасы менің дене бітімімді Александр Пушкиннің параметрлерімен бірге салыстыра тексерді. Екеуміздің құйып қойғандай ұқсастығымызды білген кезде олардың таңданысында шек болған жоқ. Александр Пушкин екеуміздің дене өлшеміміз тіпті миллиметрге дейін бірдей екен. Оның фрагы маған құйып қойғандай шақ боп шықты. Ұлы ақынның бетінен алынған маска менің бетіммен сәйкес келді. Тек мұрным ғана жарты миллиметрдей кіші болғанын айта кеткен жөн. Мен бұған қоса өлең шығарамын, сурет сала білемін, тіпті жекелеген аспаптарды да аздап меңгергенмін. Осы фестивальде мен мүмкін 100 баллдың 98 ұпайын еншіледім. Сол жолы мұндай аса жоғары нәтижеге Владимир Ленинге егіздің сыңарындай ұқсас адам екеуміз ғана ие болдық.

ҮШІНШІ МҮШЕЛ ЖАС БУКРЕЕВ ҮШІН ДЕ ҚАТЕРЛІ БОЛҒАН

Владислав Букреев 37 жасқа толғанда Александр Пушкиннің қайғылы тағдырын қайталай жаздады.

– Ақпанның 10-ы күні кешкісін сулы орамалды кептіріп жаю үшін балконға шыққанмын. Сол сәттте соққан желден балконның есігі аяқасты сарт етіп, жабылып қалды. Оны ашам деп есікті бар пәрменіммен қатты тартып қалғанымда тұтқа жұлынып кетіп, өз екпінімді тежей алмай, балконнан ұшып түсе жаздадым. Тек соңғы сәтте ғана аяғым терезе жақтауына ілініп, құдай сақтап қалды. Осылайша, Александр Сергеевич Пушкиннің қайғылы тағдырын қайталай жаздадым, – дейді Владислав Букреев.

Владислав Букреев төрт рет үйленіпті. Өмірлік жар таңдағанда Букреев қалыңдығының Пушкиннің жары Наталья Гончароваға ұқсас болуын қалаған екен. Өз айтуынша, алғашқы үш әйелі жеңілтек мінезді болғандықтан дәм-тұздары жараспапты.

– Олармен ажырасуымның себебі де ақынның өмірімен ұқсас болды: олардың барлығы да менің көзіме шөп салды. Және де, олардың әлгіндей істерінен кейін ашуға булығып, қолыма алтыатарымды алып, әйелімнің көңілдестерімен есеп айырысу үшін бармақ болдым. Бірақ, кейін ақыл тоқтатып, сабама түстім. Әйтпесе Пушкин секілді мен де дуэльге шығар ма едім, – деп әзілдейді Владислав Букреев.

Бұл күнде 62 жасқа келіп, ауыр дертке шалдыққан Владислав Букреев қазіргі қосағы Вераны өзге әйелдерінен әлдеқайда артық, өзіне адал жан деп санайды.

Қазір Владислав Букреевтің төрт баласы мен немерелері бар, олар апта сайын аталарына келіп, мауқын басып тұрады екен.
XS
SM
MD
LG