Accessibility links

Батыс Қазақстан облысында тұрғындарға қасқыр шауып, үрей туғызуда


Батыс Қазақстан облысында қасқырдың адамға шабуы жиілеп кетті. Ақпан айының аяғында мұндай келеңсіз оқиғалардың саны төртеуге жетті. Түз тағыларын аулау науқаны басталғанымен қасқыр азаймай отыр.


КӨКЖАЛДАР ШАБУЫЛЫ


Әсіресе Жәнібек ауданындағы Күйгенкөл ауылдық округінде қасқыр маза бермей тұр. Бұл жерде ит-құстың бетімен кетіп, әбден еркінсігені сонша, қасқыр тек қорадағы қой мен сиыр ғана емес, адамға да ауыз сала бастаған.

Күйгенкөл ауылының тұрғыны Бейбіт Рахматолланың айтуынша, ақпанның аяғында ауылдың екі тұрғынына қасқыр шапқан. Әйтеуір құдай сақтап, екеуі де түз тағысының тырнағынан аман құтылыпты.

- Бұл оқиға күндіз болған. Куәлардың айтуынша, екі жас жігіт ауыл шетінен шамамен 100 метрдей ұзап шыққан кезде оларға қасқырлар тап берген. Абырой болғанда, олардың екеуі де кері қашып, үйлеріне аман-есен жеткен, - деді телефон арқылы Азаттық радиосына берген сұхбатында Бейбіт Рахматолла.

Бұндай жағдай Күйгенкөл ауылында алғаш рет кездесіп отырған жоқ. 2010 жылдың қаңтар айында ауыл тұрғыны Толқын Жұмағалиева аш қасқырмен бетпе-бет кездесіп қалады. Әйел қорадағы малды сыртқа шығарған кезде әлдеқайдан тап бола кеткен жыртқыш оған тарпа бас салып, қолын жарақаттаған.

- Ол ғайыптан пайда бола кетті. Есім танып, тұрып қалғанымда қолыма шап берді. Қолымды сілкілемек болған әрекетімнен ештеме шықпады, айрылмастай болып жабысып алыпты. Азғана арпалыстан кейін ол қолымды қойып, тіземді қауып алды. Қасқырдан қалай құтылғаным есімде жоқ, үйге қалай қашып кіргенімді де білмеймін, - дейді журналистерге Толқын Жұмағалиева.

Егер бұрын Батыс Қазақстан облысында қасқырлар адамдарға тек қыс мезгілінде ашыққан кезде шабуыл жасаса, биыл жағдай басқаша. Ерте күзден бастап жемтік іздеп жортуылға шыққан түз тағылары ауылдарды төңіректейтін боп алған. Мысалы, өткен жылдың қыркүйегінде Күйгенкөл ауылының үш бірдей тұрғыны қасқырлардан жапа шекті. Аяқасты болған оқиғадан жарақаттанған олар аудандық ауруханада ұзақ уақыт бойы емделді.

«ИТ-ҚҰСТЫ АУЛАП ЖАТЫРМЫЗ»

Орман және аң шаруашылығы басқармасындағылар биылғы жылы қасқырларды аулау ісіне жергілікті бюджеттен 9 миллион теңге бөлінгенін айтады. Бұл іспен аңшылар мен балық аулаушылар қоғамы тікелей айналысуда. Ал мемлекет ауланған тағылардың терісіне ғана ақы төлейді.

- Ересек қасқырдың құны 10 айлық есептік көрсеткіш болса, бөлтіріктің құны сол көрсеткіштің жартысын ғана құрайды. Бүгінде бұл жұмыстар қарқынмен жүруде, - деп хабарлады аңшылар мен балық аулаушылар қоғамындағылар.

Аңшылардың дерегі бойынша, Батыс Қазақстан облысындағы түз тағыларының саны жыл санап көбейіп келеді. Осы аймақта ит-құстың жемтігіне айналған жүздеген үй жануарларына қоса ондаған адам қасқырдан жапа шеккен.
XS
SM
MD
LG