Accessibility links

«Орал апталығы» газетінің тілшісі өзін белгісіз біреулер қорқытып-үркітпек болғанын айтады


Жанар Дәулетова, «Орал апталығы» басылымының тілшісі (жеке мұрағатындағы сурет).

Жанар Дәулетова, «Орал апталығы» басылымының тілшісі (жеке мұрағатындағы сурет).

«Орал апталығы» басылымының журналисі Жанар Дәулетованың айтуынша, белгісіз біреулер оған тынымсыз телефон шалып, көзін жоймаққа сөз берген. Полиция бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартып отыр.

Жанар Дәулетова «Орал апталығы» газетінде қылмыстық оқиғалар бетінің авторы. Соңғы кезде ол өз мақалаларында полицейлердің өздері заңды жөн-жосықсыз бұзатынын жиі жазып, ішкі істер органдарының қызметкерлері жекелеген кәсіпкерлердің заңға қайшы былық-шылық істерін бүркемелейтінін әшкерелеген.

Жанар Дәулетованың сөзінше, бар бәле «Орал апталығы» газетінің 16 сәуір 2009 жылғы санында жарияланған «Хорошо, что не видит Маншук» атты мақаласынан кейін басталған тәрізді. Баспа бетінде жарық көрген материалда қаладағы демалыс кешендерінің бірі жезөкшелер үйіне айналып, жеңгетайлар саудасының етек алғаны айтылған. Осыдан кейін журналиске қоқан-лоққы көрсетпек болғандар тілшінің телефонына тыным бермей қойыпты.

«Мақала жарық көргеннен кейін бірнеше күн өткен соң, бір әйел адам телефон шалды. Ол мені былапыт сөздермен тілдеп, сөзінің аяғында тіпті «Мен сені құртамын!» деп те айтып салды. Арада минутқа жуық уақыт өтпей жатып, осы мазмұндағы зілді ескертулер жасап және 4 мәрте телефон соқты. Меніңше, бұған «Хорошо, что не видит Маншук» атты материалдың жарық көруі түрткі болса керек. Сәл кейінірек әлгі әйел адамнан кейін маған өзін қонақүй кешенінің күзет бастығымын деп таныстырған Сағынбаев есімді бір азамат хабарласты. Тұрпайы сөзбен дөрекі сөйлескен ол менен осы мақаланы теріске шығарып, кешірім сұрап қайта жазбасам, жағдайымның мүшкіл болатынын да қатаң ескертті. Осыдан кейін мен Сағынбаевтан «Сіз мені қорқытып тұрсыз ба?» деп сұрадым, бірақ ол бұл сұрағыма жауап берместен, трубканы тастай салды», – дейді Жанар Дәулетова.

Нөмірін жасырып телефон шалған беймәлім адамдар маза бермей қойған соң Жанар Дәулетова ішкі істер органдарына, ҰҚК және прокуратураға өзін қорқытып телефон шалғандардың аты-жөнін анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізуін сұрап, шағымданады.

«Алайда, маған осы органның қылмыстық іс қозғаудан бас тартқаны туралы жауап келіп түсті. Бірақ, ішкі істер органдарының бүгінгі күнде өздерінің қылықтары туралы жазған мақалаларымды теріске шығаруымды қоймастан талап еткенін, әрі психологиялық тұрғыдан дамылсыз қысым жасағанын, бұған қоса, менің арызымның аяқсыз қала барғанын ескерсек, бұл іске (қоқан-лоққы жасап, телефон шалғандар) полицейлердің өздерінің де қатысы бар деген күдігім бар», – деді Жанар Дәулетова Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында.

Ал Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Фатихолла Маштақов «Орал апталығы» газетінде полиция органдарының беделіне нұқсан келтіретін мақалалар жиі және тұрақты түрде жарық көріп тұрады деп басылымды кінәлады.

«Жанар Дәулетованың мақалаларында келтірілген деректер еш негізі жоқ ақпарат көздерінен алынған, ал редакция оны бас-көзі жоқ жариялай салады. Біз осыдан кейін бірнеше мәрте сотқа талап-арыз түсіргенбіз, ол істің біреуі бүгінде біздің пайдамызға шешілді. Енді «Орал апталығы» газеті бізге 200 мың теңге (1330 доллар шамасында) көлемінде айыппұл төлеуі керек, ал біз ол ақшаны жетім балалар үйіне аударамыз», – дейді Фатихолла Маштахов.

Адам құқықтарын қорғау бюросының Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Павел Кочетков «Орал апталығы» газетін өз оқырмандарына бірден бір нақты әрі шындыққа жанасымды ақпарат беретін бірегей басылым ретінде сипаттайды.

«Газетке полиция жөнінде шындыққа қиыспайтын материалды жариялап, кейін оны жарамсыз деп танып, өз абыройын айрандай төгудің қажеті қанша? Бетімен кеткен бұл жүгенсіздікке қоғам тарапынан қандай да бір тоқтам болуы керек қой. Мен қазір «Орал апталығын» жақтап, сот отырысына қатысудамын. Әрине, Жанар Дәулетованың жағындамын. Өкінішке қарай, біз бір іс бойынша жеңіліс таптық – сот талапкердің сөзін сөйлеп, өрескел қателік жіберді. Бірақ біз осының барлығын да ескеріп, істі апелляцияға беріп қайта шағымдандық. Шешінген судан тайынбас деген, енді ақырына дейін күресеміз», – дейді құқыққорғаушы Павел Кочетков.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG