Accessibility links

Үлкен Мәсімов зейнеткерге қарызын қайтарғаны туралы айтқысы келмеді


«HAS-ER KZ» компаниясының құрылтайшысы әрі премьер-министр Кәрім Мәсімовтың әкесі Қажымқан Мәсімов. 21 желтоқсан 2009 жыл.

«HAS-ER KZ» компаниясының құрылтайшысы әрі премьер-министр Кәрім Мәсімовтың әкесі Қажымқан Мәсімов. 21 желтоқсан 2009 жыл.

Қажымқан Мәсімовтің адамдары оның атынан зейнеткер Оразалы Сақаевқа 20 миллион теңгені қайтарды деп хабарлады құқыққорғаушы Талас Сағымбаев. Қажымқан Мәсімовтің өзі бұл жайында түсінік беруден бас тартты, ал оның адвокаты ақпаратты жоққа шығарып отыр.


ҚАРЫЗ АҚША ҚАЙТТЫ МА?

Қажымқан Мәсімовтің бизнесінен зардап шектік деген бір топ кәсіпкердің мүддесін қорғап жүрген құқыққорғаушы Талас Сағымбаевтың айтуынша, зейнеткер Оразалы Сақаевқа әлдекімдер оның 20 миллион теңге мөлшерінде (134228 доллар шамасында) ақшасын әкеп берген.

Құқыққорғаушының сөзіне жүгінсек, 2009 жылдың соңғы күндерінде зейнеткердің үйіне белгісіз адамдар келіп, Қажымқан Мәсімовтің
Құқыққорғаушы Талас Сағымбаев. Алматы, 8 желтоқсан 2009 жыл.
атынан зейнеткерге ақша беріп, енді Мәсімовке ешқандай талаптарым жоқ деген қолхат жазғызып алған. Алайда құқыққорғаушы Талас Сағымбаевтың пікірінше, зейнеткер өзі шеккен моральдық шығынның өтеуін талап етуі тиіс. Оның есебі бойынша, моральдық шығын 21 миллиард теңгені құрайды (шамамен 141 миллион доллар).

– Біріншіден, олар одан қолхатты қысым жасап алып отыр. Екіншіден, 13 жылдан бері ол баспанасынан айрылды, сақалды басымен ары-бері көшіп, балалары мектепке бара алмай, жұмысқа орналаса алмай жүрді, – деді құқыққорғаушы Талас Сағымбаев Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында.

Бұл мәселеге қатысты зейнеткер Оразалы Сақаевтың пікірін білу мүмкін болмады. Себебі, күні бойы оның телефоны «байланыс аясынан тыс жерде» болды. Ал Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімов бұл туралы түсінік беруден бас тартты.

– Білмеймін мен оны, менің онда шаруам жоқ, мен оның мән-жайына жетемін, әзірге еш түсінік бермеймін, – деді үлкен Мәсімов Азаттық тілшісіне.

Ал оның адвокаты Әлия Матаева 20 миллион теңге қайтарылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды дегенді айтты.

– Менің ресми түрде сіздерге айтарым, біз ақша берген жоқпыз. Мен де осындай ақпаратты естідім бірнеше күн бұрын, бірақ бұл шындыққа жанаспайтын мәлімет, – деді Әлия Матаева.

ДАУДЫҢ ТӨРКІНІ

Оразалы Сақаев 2009 жылдың жаз айларында бірнеше рет Азаттық радиосының кеңсесіне келіп, өз басындағы сергелдең туралы әңгімелеп берген-ді.

Өз айтуынша, ол 1996 жылы табысты жұмыс атқарып жатқан «Қуаныш» кәсіпорнының басшысы болып тұрған кезде «Мантра» компаниясына Алматы облысының Байсерке стансасындағы қоймаларды сатқан. Сол жылдары «Мантра» компаниясының президенті болашақ премьер-министрдің әкесі Қажымқан Мәсімов еді.

Оразалы Сақаевтың айтуынша, қойма үшін ол жылдың соңына дейін құрал-жабдықтары бар екі шағын трактор алуға келіскен. Егер
Зейнеткер Оразалы Сақаев премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімовпен арадағы сергелдең болған сот дауына қатысты құжаттарды көрсетіп тұр. Алматы, шілде, 2009 жыл.
төлемді кешіктірсе, сатып алушы жылына 200 пайыз айып төлеуге уәде берген. Бұдан бөлек, келісімшартқа сәйкес, әлдебір «Харэ» атты компания Оразалы Сақаевқа 2000 долларды қосымша төлеуге уәде берген. Алайда 2009 жылдың соңына дейін Оразалы Сақаев ақшасына немесе үлкен Мәсімов уәде еткен техникаға қол жеткізе алмай жүрді.

Оразалы Сақаев бұл жайында полицияға арызданған. Олар Қажымқан Мәсімовке қатысты қылмыстық іс қозғағанымен, кейін ол істі жылы жауып қойды, дейді Сақаев.

Кәсіпкер 2000 жылы төлем мерзімінің өтіп кеткендігін есепке ала отырып, «Мантра» және «Харэ» компанияларынан 20 миллион 255 мың 760 теңгені өндіріп алу туралы Алматы облысы Іле ауданының сотына талап арыз түсірген. Сот Оразалы Сақаевтың талабын қанағаттандырған. Бірақ, «Харэ» компаниясын жауапкерлер тізімінен шығарып, барлық міндеттемені «Мантра» компаниясына артқан.

Сол жылы Іле ауданының прокуроры сот шешіміне наразылық білдіргенімен, онысы қанағаттандырылмаған.

Сот орындаушылары іске кірісер кезде «Мантра» компаниясы банкрот деп танылған. Бұдан соң Оразалы Сақаев қайтадан Іле аудандық сотына арызданған. Ол жердегі ұзаққа созылған тексерулерден соң «Мантра» компаниясының мемлекеттік кәсіпорын екендігі анықталады.

Осының негізінде сот орындаушылары енді Қаржы министрлігінен сот шешімін орындауды талап еткен. Бірақ ол жақтан «Қаржы министрлігі сот шешімін «Мантра» акционерлік қоғамының өзі орындауы керек деп есептейді» деген жауап келген.

Біршама уақыттан соң Іле аудандық сотының Оразалы Сақаевтың пайдасына ақша өндірілуі керек деген шешімін Алматы облыстық сотының қадағалау алқасы бұзады. Сақаев бұл шешім бойынша қайта шағымданбақ болды, бірақ нәтиже шықпады.

2006 жылы Оразалы Сақаевқа қарсы «алаяқтық арқылы мемлекет қаржысын иемденбек болды» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл кезде Мәсімовтің баласы Кәрім Мәсімов Қазақстан үкіметін басқарып отырған еді. Ал оның әкесі Қажымқан Мәсімов қарсыласының алдында күннен күнге үлкен нысанаға айнала бастайды.

Оразалы Сақаевқа тағылған айыптың мәні мынада. Ол 2005 жылы Іле аудандық соты шешімінің бұзылуына қарамастан ең әуелгі атқару парағының дубликатын алып, оны Сот әкімшілерінің Іле территориялық комитетіне тапсырған.

Осы құжаттың негізінде сот орындаушылары Сақаевқа ақша төлеу жөнінде Қаржы министрлігіне инкассалық бұйрық жібереді. Сәлден соң Оразалы Сақаевқа қарсы қылмыстық іс тоқтатылды. Тергеуші «Сақаев мемлекеттің ақшасын иемденуді көздеген жоқ, сот шешімінің негізінде әрекет етті» деген байламға келді.

ҚҰҚЫҚҚОРҒАУШЫНЫ СОТҚА СҮЙРЕЛЕУ

Қажымқан Мәсімов қазіргі кезде құқыққорғаушы Талас Сағымбаевпен соттасып жатыр. Үлкен Мәсімов одан моральдық шығынның өтеуі үшін 10 миллион теңге (67 мың доллар шамасында) өндіріп алуды сот арқылы талап етіп отыр.

2009 жылдың наурыз айында 130 адам премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесінің үстінен шағымданып, оны айыптаған болатын. Өз құқын қорғамақшы болған Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері Астанаға келіп, қарсылық акциясын өткізді. Қаржы полициясының бас кеңсесінің алдында олар дәл сол Қажымқан Мәсімов басқаратын «ХАС ЕР КЗ» құрылыс компаниясының басшылығына қатысты шара қолдануды талап еткен еді.

Олардың айтуларынша, Қажымқан Мәсімов шымкенттік кәсіпкерлерге цемент жіберу жөніндегі міндеттемесін орындамай, оларға 77 миллион теңге қарыз болып қалған. Үлкен Мәсімовке қатысты осы бір алғаш жария болған үлкен дау-жанжалдан соң кәсіпкерлердің бірқатарына ақша төленген, ал кейбіреулері ақшаларын әлі ала алмай жүр.

Бұл азаматтардың құқығын Талас Сағымбаев қорғаған еді, енді Қажымқан Мәсімов оны сот арқылы жауапқа тартқысы келіп отыр.

Құқыққорғаушының сөзіне жүгінсек, үлкен Мәсімовтің адамдары оған байланысқа шығып, «мәселені бейбіт жолмен шешейік» деп ұсыныс жасаған.

– Мен оларға не соттасыңдар, не болмаса келісіңдер дедім. Ал келісу өте оңай: елге қарыздарын қайтарып, осымен әңгімені тәмамдау керек. Олар бұның барлығын ауызша айтады. Мен оларға жазбаша ұсыныс жасаңдар дедім, бірақ, әзірге жазбаша ұсыныс түскен жоқ, – дейді құқыққорғаушы Талас Сағымбаев.

Алайда үлкен Мәсімовтің адвокаты Әлия Матаева бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

– Мен куәгерлердің көзінше телефон шалдым ғой, себебі, мен Талас Сағымбаев бізбен келіскісі келеді дегенді естіген едім. Осы ақпарат қаншалықты рас екенін анықтау үшін өз клиентімнің көзінше, Астанадан келген бір қонақтың көзінше телефон шалдым. «Талас, бұл Әлия ғой, сіздің бізбен мәселені бейбіт жолмен шешкіңіз келетіні рас па?» деп сұрадым. Ол маған «ресми түрде хат жазыңыз» деді, біз сотқа шағымдансақ, қалай хат жазамыз? – дейді адвокат Әлия Матаева.

Қажымқан Мәсімовтің жақтастары шындық өз жақтарында екендігін сотта дәлелдейтінін айтып отыр. Үлкен Мәсімовтің талап арызы бойынша сот ісін қарау қашан басталатыны әлі белгісіз. Адвокат Әлия Матаева мейрам күндері аяқталғаннан кейін сотқа хабарласып, тыңдаулар қашан болатынын анықтайтынын жеткізді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG