Accessibility links

ЕҚЫҰ төрағалығына келген Қазақстанның беталысы қалай болмақ?


Финляндия сыртқы істер министрі Александер Стубб баспасөз-мәслихатында. Хельсинки, 3 желтоқсан 2008 жыл.
Финляндия сыртқы істер министрі Александер Стубб баспасөз-мәслихатында. Хельсинки, 3 желтоқсан 2008 жыл.

ЕҚЫҰ-на 2008 жылы Финляндия атынан төрағалық еткен сыртқы істер министрі Александер Стубб, Азаттық радиосына берген сұқбатында, Орталық Азиядағы авторитаризм проблемасына қатысты пікірін білдірді.


– Қазақстан постсоветтік мемлекеттердің ішінде бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасай бастады. Сіздіңше, төрағаның ұйым бағытына ықпал етуге қандай ресми және бейресми мүмкіндіктері бар? Және бұл мүмкіндіктердің қандай шектері бар?

– Шындап келгенде, төрағаның қолында үлкен билік бар, өйткені әңгіме 56 мемлекеттің ұйымын басқару жайында болып отыр. Негізгі проблемалардың бірі – ЕҚЫҰ-да шешім келісім негізінде қабылданады. Яғни, көп жағдайда келіссөздерге негізделген.

Жұмысты орнынан жылжыту үшін ұйымның барлық мүшелерімен келісу керек. Және, әрине, төрағаның орны өте маңызды деп ойлаймын.

Финляндия сияқты кішкентай ел үшін төрағалық бүкіл әлемдегі көптеген кабинеттердің есігін ашуға мүмкіндік беретіндігінің өзі де маңызды.

– Сіз Қазақстаннан нені күтесіз?

– Бұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсы жағы, бірінші рет Орталық Азия мемлекеті ЕҚЫҰ төрағасы болып отыр және бұл өте маңызды.

Менің пікірімше, ел төрағалыққа өте жақсы дайындалған. Қазақстан Еуропаның қауіпсіздігімен байланысты мәселелерді қоса алғанда,
Финляндия сыртқы істер министрі Александер Стубб (сол жақта) сол кезде қазақ сыртқы істер министрі болған Марат Тәжинмен әңгімелесіп тұр. Хельсинки, 4 желтоқсан 2008 жыл.
бүкіл жылға арналған жан-жақты және амбициялы бағдарламаны ұсынды.

Біздің қазақ төрағалығына қатысты алған жалпы әсеріміз жақсы. Бірақ, әлі оқымаған кітапқа мұқабасына қарап баға бермейік дегім келеді.

Сонымен бірге, ЕҚЫҰ үнемі бас қатыратын сөз бостандығы, сайлау бостандығы және адам құқын қорғау тәрізді тұғырлы мәселелерге қатысты проблеманың бар екендігі құпия емес.

Және Қазақстан да жіті бақылаудың астында болады. Бұл жағынан келгенде төрағалықтың жаңа түрін байқап отырмыз. Бірақ ақырын күтейік, содан соң көрерміз.

– Орталық Азия бойынша жақында жасалған есеп аймақ елдері авторитарлық режимін нығайту үшін халықаралық ынтымақтастықты да пайдалануы мүмкін делінген. Сіздіңше, бұл пікір Қазақстанға, оның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қаншалықты қатысты?

– Демократиялық пен заңның жоғарылығына батыстық көзқараспен қарағанда Орталық Азияның бір де бір мемлекеті мінсіз болып табылмайды.

Бірақ сонымен бірге, менің ойымша, бұл елдер осыдан көп жыл бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым жақсарды және осы жақсару процесі жалғасын табуда деген сөздерге айқын дәлелдер бар. Ал өзгеру процесіне көп уақыт кетеді. Бұл процестерді күштеп енгізуге немесе жоғарыдан тықпалауға болмайды. Біз қадамдарымызды біртіндеп жасауымыз керек.

Бірақ солай бола тұра біз өзіміздің тұғырлы принциптерімізді нық ұстануымыз керек деп есептеймін. Міне сондықтан бұл елдерге байланысты ЕҚЫҰ-ның жұмсақ тәсілінің жүйесі жұмыс істейді.

– Сарапшылар ЕҚЫҰ қиын кезеңді бастан кешіруде, ұйымның ішінде «құндылықтар айырмасы» сияқты жағдай орын алуда дейді. Сіз қалай ойлайсыз, дәл осы құндылықтар айырмасы орын алып жатыр ма, бұл айырмашылықты жеңу үшін ұйымның өзі қаншалықты мықты және шапшаң?

– Құндылықтар айырмашылығы бар. Сарапшылар дұрыс айтады деп ойлаймын. Бірақ, солай бола тұра, ЕҚЫҰ өз қатарына 56 елді қабылдап, қос қанатын Ванкуверден Владивостокқа дейін жайған ұйым.

Бірақ ЕҚЫҰ-дағы айырмашылық БҰҰ-дағы 195 мелекеттің арасындағы айырмадан үлкен емес деп ойлаймын.

Әрине ортақ құндылықтарды табуға ұмтылыс бар. Бұл тұрғыда мынаны атап өту маңызды. ЕҚЫҰ үш мәселеге баса назар аударады. Олардың бірі демократиямен, адам құқымен және заңның жоғарылығымен байланысты. Екіншісі қауіпсіздік мәселесін қамтиды, ал үшіншісі экономикалық және табиғатты қорғау мәселелерімен айналысады.

Бұлардың барлығы да маңызды. Алайда, біздің елдеріміздің барлығы Джефферсонның демократиялық идеясы мен еуропалық демократияның жемісі екендігі түсінікті.

– Қазақстан ЕҚЫҰ саммитін биыл өткізуді ұсынып отыр. ЕҚЫҰ-да мұндай форумдар 1999 жылдан бері болған жоқ. Сіздіңше бұл қаншалықты жақсы және қаншалықты шынайы идея?

– Біз бұл идеяға барынша ашықпыз. Финляндия мұнда тұрған артық ешнәрсе жоқ деп есептейді. Бірақ, ЕҚЫҰ-дағы дәл қазіргі проблеманың бірі – ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлері деңгейінде саяси декларация қабылдауда бір келісімге келе алмай жатыр.

Сонда біз мемлекет басшылары деңгейінде неге қол жеткізе аламыз? Саммитті өткізу үшін тиісті, мазмұнды себеп болуы керек.

Мұндай мәселелерді ойынға айналдырмаған өте маңызды. Егер мұндай себеп жоқ болса, егер мұндай саммитке қызығушылық аз болса, онда бізге оның керегі шамалы.

Ал егер жедел түрде шешілуге тиіс бір проблема болып жатса, онда біз жоғары деңгейдегі кездесуді өткізуге барынша ашықпыз.

– ЕҚЫҰ он жылдан астам уақыттан бері ұйымның барлық мүшелері қабылдаған қандай да бір елеулі нәтижеге қол жеткізе алмаған, маңызы төмендеу халықаралық ұйым ретінде қаралуы мүмкін деген деген қауіп жоқ па?

– Мұндай қауіп әрқашан да бар. Міне сондықтан да мен ұйым ретінде ЕҚЫҰ-ға мұқият назар аударып, оны дамытудың жолдарын табуымыз керек деп ойлаймын.
XS
SM
MD
LG