Accessibility links

Афинада сырттай айтылған сындарға қарамастан, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы қолдау тапты


Грекияның премьер-министрі әрі сыртқы істер министрі Георгиос Папандреу (оң жақта) Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен бірге. Афина, 1 желтоқсан 2009 жыл.
Грекияның премьер-министрі әрі сыртқы істер министрі Георгиос Папандреу (оң жақта) Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен бірге. Афина, 1 желтоқсан 2009 жыл.

Афинада Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесі бойынша соңғы сатыдан өтті. Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) Қазақстанды адам құқықтары мәселелеріне байланысты сынға алды. Ресми Астана болса Қазақстанда ЕҚЫҰ саммитін өткізу ұсынысын қайталады.

ФОРМАЛДЫ ПРОЦЕДУРА

Күтуге бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Қазақстан күн санап отыр. 1 қаңтардың нөл сағат нөл минутында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы басталады.

Бұл жағдай 1-2 желтоқсанда Афинада ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің өкілдері қатысқан кездесуде болды.

Қазақ сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстанның төрағалық ету фактісінің өзін «бірегей мүмкіндік, халықаралық қоғамдастықтың лайықты серіктесі – экономикалық жағынан мықты қалыптасқан демократиялық ел екендігін көрсету мүмкіндігі» деп атады.

Кеңес жұмысында анау айтқандай төтенше салтанатты жағдай болған жоқ. Қатысушылар бірден ЕҚЫҰ-ның басты мәселелердің бірі – қауіпсіздік жайын қарауға кірісті. Сөйлеушілердің сөзінен қауіпсіздік проблемаларында ЕҚЫҰ жаңа шешімдер табу керек деген үміт байқалды.

Сыртқы істер министрі қызметін қоса атқаратын Грекия премьер-министрі Георгиос Папандреу ЕҚЫҰ-на өзгерістер жасауға шақырды. Оның айтуынша әлемнің алдында шешімін таппаған көптеген мәселелер тұр. Оның ішінде «ұйымдасқан қылмыс, лаңкестік, жаһандық климаттың өзгерулері» бар.

Осыған байланысты Қанат Саудабаев барлық елдерді келесі жылы Астанаға саммитке жиналуға шақыруын тағы да қайталады.

Министр, атап айтқанда былай деді: «Бүгін, жоғары дәрежелі Стамбул кездесуінен кейін он жыл өткен соң, қазіргі күрделі мәселелерге жоғары деңгейде баға беріліп, ЕҚЫҰ-ның Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз етуі және ынтымақтаса жұмыс істеудің басымдықтары белгіленуі керек екендігіне біз сенімдіміз.

Құрметті әріптестер, осыған байланысты мен сіздерге тағы да қайрылып, саяси жігер, стратегиялық көрегендік танытып, Сыртқы істер министрлерінің Кеңесі қабылдайтын мәтінге 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу мәселесінің шешімін енгізулеріңізді өтінер едім».

Шыны керек, баспасөзде жоғары дәрежелі Астана конференциясының идеясы әзірге ЕҚЫҰ-ға мүше барлық елдердің өкілдері тарапынан өзара түсіністік таба қойған жоқ деген хабарлар болды.

Қазақстандық сенатор Әділ Ахметов АҚШ сыртқы істер мекемесінің ұстанымын ерекше атап көрсетіп, ол елдің пікірі шешуші екендігін аңғартқандай болды.

«ЕҚЫҰ мемлекеттері басшыларының саммиті туралы пікірсайыстар әлі жалғасуда. АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары бізбен кездесуде саммит туралы біржақты шешімін айтқан жоқ. АҚШ алдымен біз ұсынған саммиттің күн тәртібін талқылап, пікірсайысқа түсетін нақты мәселелерді айқындап алуды ұсынып отыр», – деп депутат Ахметовтың желтоқсанның 2-күні сыртқы істер министрлері кеңесінің 17-ші отырысы кезінде журналистерге айтқанын хабарлады «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі.

ҚОРЫТЫНДЫ ДЕКЛАРАЦИЯ

Кездесу қорытындысы бойынша форумға қатысушылар 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін қолдаған декларация қабылдады .

Декларацияда сонымен бірге 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы идеяға қызығушылық танытылғандығы да атап өтілген. Онда сыртқы істер министрлерінің кеңесі 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы Қазақстанның ұсынысын оң қабылдайтындығы туралы айтылған.

Декларацияда сыртқы істер министрлерінің 1975 жылғы Хельсинки келісімінің Қорытынды актісінің принциптері және ЕҚЫҰ-ның содан кейінгі міндеттемелері толық өлшемде құрметтелмейтіндігіне және жүзеге асырылмайтынына қатты алаңдаушылық білдіретіндігі жазылған.

«Сенім мен көзжеткізушілікті қалпына келтіру, сонымен бірге, біздің алдымыздағылар осыдан 35 жыл бұрын Хельсинкиде алға қойған жалпы принциптердің күшіне қайта енуі біздің басты басымдығымыз болып қалады», – делінген декларацияда.

Бекітілген құжат бойынша, Қазақстаннан кейін 2011 жылы ЕҚЫҰ төрағалығы Литваға, ал 2012 жылы – Ирландияға өтеді.

Қорытынды сөзінде Грекия премьер-министрі Георгиос Папандреу ЕҚЫҰ қызметі аяқталған жоқ және қатысушы елдер адам құқықтары мен төзімділік идеяларына бұдан да көбірек қолдау көрсетулері керек деп мәлімдеді.

ҮЕҰ ТАРАПЫНАН БОЛҒАН СЫН

Сыртқы істер министрлерінің 17-ші кеңесіне бірінші рет үкіметтік емес ұйымдарға қатысуға рұқсат етілді.

ЕҚЫҰ-ға мүше елдер өкілдерімен болған екіжақты бейресми кездесулерінде бұл ұйымдардың мүшелері, нақты мысалдарды келтіре отырып, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға мүшеліктің барлық міндеттемелеріне сай еместігіне ЕҚЫҰ назарын аудармаққа әрекеттенді.

Негізінен Қазақстандағы адам құқының бұзылуы, БАҚ қызметіне шек қоятын заңдардың болуы, өзгеше ойлайтындарға қарсы қуғын-сүргін мәселесі сынға алынды.

Қазақстанның төрағалық ету үлгісі өзгелер де еліктей бастағандай. ЕҚЫҰ Министрлер кеңесінің мәжілісі кезінде Украина сыртқы істер министрі Петр Порошенко Украинанның 2013 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауға дайын екендігін мәлімдеді.

«ЕҚЫҰ еуропалық қауіпсіздікті нығайту мәселелері бойынша негізгі пікірталас алаңы болып қалуы керек», – деді Петр Порошенко.

Оның айтуынша, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өз міндеттемелерін орындауы – мұндай диалогтың маңызды принципі болмақ. Ал, оның басты мақсаты, қауіпсіздіктің қолдағы бар механизмдерін нығайту, сенімді қайта қалпына келтіру және оған қатысушылардың қауіпсіздігінің кепілдігін бекіту болуы керек.
XS
SM
MD
LG