Accessibility links

ЕҚЫҰ төрағалығына кіріскен Қазақстан Кавказдағы даулы істерге арағайындық жасамақ


Бұрынғы Совет одағы елдері ғана емес, жалпы мұсылман мемлекеттері әлемі қатарынан ең бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа сайланған Қазақстан міндетін атқаруға кірісті. Халықаралық ұйым төрағасы ретінде Қазақстанның көздеп отырған мақсат-міндеттері қандай?



ЖАҢА ТӨРАҒАҒА АЙТЫЛҒАН СЫНИ ПІКІРЛЕР

2010 жылдың 1-қаңтарынан Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық тізгінін қолына алып, тиісті міндетін атқара бастады.

Қазақстан төрағалық төріне шығардан бұрын бірқатар Батыс мамандары, адам құқтары ұйымдары Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық
Грекияның премьер-министрі әрі сыртқы істер министрі Георгиос Папандреу (оң жақта) Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен бірге. Афина, 1 желтоқсан 2009 жыл.
ететіндей жағдайда емес, елде аутократиялық билік орнаған және адам құқтары халықаралық талаптарға сай деңгейде сақталмайды деген тұрғыда уәждерді алға тартқан болатын.

Дегенмен де ол айтылған сын-пікірлер мен наразылықтар Қазақстан сыртқы істер министрінің ЕҚЫҰ-на төрағалық міндеттерін атқаруға кірісуіне кедергі бола алмады.

Қанат Саудабаев жетекшілік ететін Қазақстан сыртқы істер министрлігі ұйымға төрағалық етуге бар күш-жігерлерін салып жатыр деп атап көрсеткен еді ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы өз атын атағысы келмеген ресми өкілі.

ЕҚЫҰ-ның ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МІНДЕТ-МАҚСАТТАРЫ

ЕҚЫҰ-ның басты мақсаттары және негізгі назар аударатын мәселесі – осы ұйымға мүше 56 елдің арасындағы экономикалық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытып, нығайту болып табылады.

Халықаралық ұйымның басты бағыттарының бір тармағы ретінде, Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік комитеті бекіткен 1975 жылғы Хельсинки келісімдері бойынша «Үшеудің себеті» деген атаумен белгілі адам құқтары мәселесі жиі күн тәртібіне шығарылып келеді. Ұйым атауы кейін, 1994 жылы өзгертілді.

Қайрат Әбдірахманов, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ғы елшісі. Сурет ЕҚЫҰ-дағы қазақ елшілігі баспасөз қызметінен алынды.
Жақында Азаттық радиосы өткізген дөңгелек үстел талқылауында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ғы елшісі Қайрат Әбдірахманов та ұйымға төрағалық тұсында басты мән берілетін маңызды мәселелерге тоқталған еді.

– Біз сіздермен негізінен ЕҚЫҰ-ның үшінші – гуманитарлық өлшеміне басты назар аударып отырмыз. Ол да түсінікті, оны да мойындауымыз керек. Бірақ, біз төрағалық ететін ұжымның басты назарында қауіпсіздіктің әскери-саяси аспектілері бар, экономикада және экологияда осы ЕҚЫҰ-ның міндеттерін шешу барысында осы ұйымның тиімділігін арттыру мәселелері бар, айналысатын мәселе өте көп, – деген болатын елші Қайрат Әбдірахманов.

Әдетте ЕҚЫҰ-на төрағалық тізгінін төраға болатын елдің президенті емес, сол елдің сыртқы істер министрі қабылдап алады. Ұйымға төрағалық етілетін 12 айдың ішінде төраға тағына екі қайраткер – мүмкін елдегі екі саяси партияның өкілі жайғасуына болады. Мұндай тәжірибе 2008 жылы ЕҚЫҰ-на Финляндия төрағалық еткен кезде, соңғы жылы Грекия төрағалық еткен уақытта болды.

Ең алдымен ЕҚЫҰ-ның төрағасы жылына екі кезеңмен өткізілетін экономикалық және қоршаған ортаны қорғау форумдарын ұйымдастыруға міндетті. Қаңтар және мамыр айларында өткізілетін форумдардың әрқайсысының арнайы күн тәртібі бекітіледі.

ТӨРАҒАЛЫҚ ТӨРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН ЖЫЛЫ

Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның елдері аймағында шекаралық барыс-келісті басқаруды жетілдіру, халықаралық көлік қатынастары бойынша теміржолдар мен аутожолдардағы қауіпсіздікті нығайту мәселелері бойынша күн тәртібін ұсынып отыр.

Төраға болып отырған мемлекет сондай-ақ қауіпсіздік және адам құқтары мәселелері бойынша да конференциялар өткізеді. Ал жыл соңына қарай, қараша айында ЕҚЫҰ елдері сыртқы істер министрлерінің ұйымның барлық мәселелерін қамтитын жылдық кездесуін де ұйымдастырады.

Бұған қосымша, төрағалық міндетін атқарып отырған елдің сыртқы істер министрі ұйымға мүше елдердің кейбірін аралап, олармен ұйымның жұмысы, ЕҚЫҰ-ның жалпы құндылықтары, алға қойылған міндеттерінің атқарылуы қалай деген тұрғыда талқылаулар өткізуіне болады. Егер қажет деп табылса, адам құқтары, басқа да құндылықтар тұрғысында орындалмай жатқан шараларды күн тәртібіне ұсына алады.

Қазақстан ресмилері төрағалық тізгінін алар қарсаңда төраға болған кезде бұрынғы Совет елдері арасындағы кейбір дау-жанжалдарды шешуге ықпал ете аламыз деп мәлімдеген болатын.

Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өткен жылдың қарашасында Әзірбайжанның жаңалықтар агенттігіне берген сұхбатында: «Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде 1992 жылдан бері Қарабах жанжалын реттеуге арағайындық жасап келе жатқан Минск тобының аясында бітімгершілік келісімдеріне белсенді түрде қатысатын болады», – деп атап көрсетті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан мен Арменияны келіссөздер басына отырғызуға екі рет – 1991 және 1992 жылдары талпыныс жасады, бірақ екеуінде де тараптар мәмлесіз тарқасты.

Бұлармен қатар Қазақстан Грузия мен Ресей арасындағы шиеленісті қарым-қатынастың жақсаруын жылдамдату үшін Верхний ларс шекара өткелін ашуға шақыру арқылы экономикалық мәселені де басты назарға алғалы отыр. Ұйымның 2010 жылғы төрағасы сондай-ақ Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты арттыратын ЕҚЫҰ-ның шекара бағдарламасын да дамытуды да қолға алмақшы.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев 14-қаңтар күні ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесіндегі жолдауында төрағалық жылында атқарылатын іс-шаралардың басты-бастыларына тоқталатын болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG