Accessibility links

ЕҚЫҰ саммиті дүниежүзі қазақтарының құрылтайын кейінге ысырды


Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының Толы ауданында өткен қазақ домбырашыларының топтық өнер көрсетуі. 30 мамыр 2010 жыл
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының Толы ауданында өткен қазақ домбырашыларының топтық өнер көрсетуі. 30 мамыр 2010 жыл

Биылға жоспарланған дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайы келер жылға шегерілді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшылығы бұған Астанада желтоқсанда өтетін ЕҚЫҰ саммиті себеп болғанын айтады.


ҚҰРЫЛТАЙ ЖАСТАРҒА АРНАЛМАҚШЫ ЕДІ

Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайын биыл қыркүйектің 22-26 күндері Астана қаласында өткізу жоспарланған еді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, тамыз айында жарық көрген «Эксклюзив» журналына берген сұқбатында, төртінші құрылтайдың алдыңғыларынан ерекшелігі бұл жолы «жастарға айрықша мән беріліп, көбінесе шеттегі қазақ жастары ұйымдарының өкілдері шақырылатынын» хабарлаған-тын.

Сонымен қатар, төртінші құрылтай аясында футболдан жарыс өтіп, оған шеттегі қазақ жастарынан құралған он екі команда қатысатыны да айтылған болатын.

«Өзбекстан, Қытай, Моңғолияны айтпағанда Еуропаның Швеция және Голландия елдерінен доп тебетін қазақ балалары келеді» деген еді Талғат Мамашев журналға берген сұхбатында.

«ЕҚЫҰ САММИТІМЕН ЖАРЫСПАЙЫҚ ДЕДІК»

Алайда, шеттегі қазақтың жас футболшылары Қазақстанға биыл келмейтін болды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев Азаттық радиосының тілшісіне, негізгі дайындық шаралары аяқталғанына қарамастан
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев Азаттық радиосына сұқбат беріп отыр. Алматы, 3 қыркүйек 2010 жыл.
Құрылтай келер жылға қалдырылғанын айтып берді. Басты себеп - Астана қаласында алдағы желтоқсан айында өтетін ЕҚЫҰ саммиті.

- Жақында президент аппаратында, ЕҚЫҰ-ның үлкен жиналысына дейін өткіземіз бе, одан кейін өткіземіз бе деген түрлі әңгімелер болғанда біз өз пікірімізді айттық. Ендігі жылы тәуелсіздіктің жиырма жылдығы, соның аясында өтетін шаралардың біреуі болып біздің құрылтай да өтсе қалай болады деп ұсыныс бердік, - дейді Талғат Мамашев.

Дегенмен Талғат Мамашев, қауымдастықтың мұндай шешім қабылдауына Ақорда жақтан «мынандай ауқымды шараларды ескеріп бір ойланып қарасаңдар» деген өтініштің де әсер еткенін жасырмайды.

Қауымдастық басшылығы төртінші құрылтайды Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығымен орайластыра отырып, Астана күні мерекесі кезінде өткізген жөн деген ұйғарымға келіп отыр.

ҚҰРЫЛТАЙ ЖӘНЕ САЙЛАУ

Саясаттанушы Айдос Сарым құрылтайдың келер жылға ысырылуының артында саяси сыр бар деген пікірде. Оның пайымдауынша, қазір билікті алдағы президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаев қатысуы керек пе, жоқ па деген мәселелер толғандырып жүр. Сондықтан билік өзінің саяси стратегиялық жоспарларын нақтылып шешіп, оның жолдарын, механизмдерін өлшеп-пішіп алғаннан кейін Құрылтайда алдыға тартпақ ойы бар деп топшылайды саясаттанушы.

- «Мінеки, енді елбасымыз, көшбасшымызды қалайда болғанда бір ауыздан қолдайық, сайлау өткізбей-ақ халықты басқара беретін жағдайы бар!» деп, әлемдегі қазақтардың атынан сөйлейтін бір әңгіме керек болған деп ойлаймын. Қазақтарды қайта-қайта жинап жату қиын ғой. Сол себепті биліктің құрылтайды шегере тұрайық деген ойға келуі ықтимал, - деді Айдос Сарым Азаттық радиосына.

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы шеттегі қазақтардың бір-бірімен табысып қауышуы, тарихи Отандарымен танысып, ел-жер көруі жағынан пайдасы өте үлкен деген пікір ұстанады бұған дейінгі үш құрылтайға қатысқан ғалым Зардықан Қинаятұлы. Әйтсе де ол, Құрылтайдың ұлттық мәселеге келгенде кемшін түсіп жатқанын да жасырмайды.

- Құрылтай керек, ал үлкен бір саяси дейміз бе, үлкен бір мәселе шеше алмайды ғой Құрылтай. Нәтиже мүлде жоқ деуге болмайды. Халық көшіп келді. Ал бірақ, қазақ үшін қазақ деген ұлтын жасап жатқан мәселе жетістіксіз болып көрінеді, - дейді тарихшы Зардықан Қинаятұлы.

Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы 1992 жылы өткен еді. Сол кезде, Құрылтайды жылда өткізіп тұру туралы бастама көтеріліп қаулы қабылданған еді. Алайда екінші Құрылтай арада он жыл өткен соң, 2002 жылы Түркістан қаласында өтті. Үшінші Құрылтай 2005 жылы Астанада өткізілді. Сол жолы Құрылтайды әр бес жыл сайын өткізіп тұру ұйғарылған болатын.
XS
SM
MD
LG