Accessibility links

«Тоталитарлық толеранттықтан» – төзімділік пен кемсітуді болдырмауға


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) ЕҚЫҰ жиынында. Астана. 29 маусым 2010 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) ЕҚЫҰ жиынында. Астана. 29 маусым 2010 жыл.

Астанада ЕҚЫҰ-ның төзімділік және кемсітушілікті болдырмау жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясы ашылды. Ұйымның Министрлер кеңесінің төзімділік пен кемсітушілікті болдырмау жөніндегі Хельсинки, Афина кездесулерінің міндеттемелерінің орындалу барысына баға беріліп, төзімсіздікпен күрестің оң тәжірибелері талқыланып жатыр.


НАЗАРБАЕВТЫҢ ҰСЫНЫСЫ

Конференцияның ашылуында сөз алған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде 140 этнос пен 46 конфессия өкілдері өмір сүретінін атап көрсетті.

Президенттің пікірінше, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі еуропалық өркениеттің маңызды нәтижесі саналатын толеранттық пен төзімділік күн өткен сайын белсенді пікірталастың себебіне айналып бара жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев бұрын халықтар арасындағы татулық қатаң бақылаудың нәтижесінде «тоталитарлық төзімділік» деп аталатын тәсілмен сақталған болса, енді алмағайып әлемнің жағдайында төзімсіздік тұрмыстық деңгейден шығып, саяси проблемаға айналғанын, бүгінде экология мәселелерінен бастап, гендерлік проблемаларға дейін қамтып отырған ЕҚЫҰ ендігі жерде өзінің «көшпелі миссиясында» тек сайлау мәселелерімен шектелмей, гуманитарлық мәселелерге басымдық беруі керектігін айтты.

Қазақстан басшысы ЕҚЫҰ өз қызметінде стереотиптердің бар екенін мойындау керек деді. Оның пікірінше, ендігі жерде «ЕҚЫҰ: жаңа онжылдыққа - төзімділікпен» деп аталатын жаңа құжатты талқылау ұйымның таяудағы саммитінің күн тәртібіне енгізілуге тиіс.

Бұдан басқа Назарбаев осы ұйым аясында тұрақты жұмыс істейтін төзімділік және кемсітушілікті болдырмау жөніндегі орталық құруды ұсынды.

ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕН МҰНАРА

Бас қосу аясында талқыланған «Мұсылмандарға қатысты төзімсіздік пен кемсітушілікпен күрес» сессиясы аясында Швейцария мемлекетінің мешіт мұнараларын көтеруге тыйым салу мәселесі қызу талқыланды. Осы сессияда арнайы баяндама жасаған Ислам Конференциясы бас хатшысының кеңесшісі және арнаулы өкілі Өмір Орхын швейцар үкіметінің әрекетін қатаң сынға алды.

Пікірталасқа еріксіз араласқан Швейцария өкілі. сенатор Кристина Егерсзеги-Oбрист ханым бұл елде әлі 4 мешіт мұнарасы қалғанын, 2009 жылғы референдум нәтижесінде қабылданған мұнараға қатысты шешімге қазіргі үкіметтің еш қауқар қыла аламайтынын айтты. Ол Швейцариядағы шектеудің тек мешіт мұнараларын көтеруге ғана қатысты екенін, ал мешіттер мен мұсылмандар ғибадатханаларын салуға ешбір тыйым жоқ екенін айтып ақталды.

Оның айтуынша, оның елі демократиялық шешімнің құрбанына айналып отыр. Әйтпесе, ел ауқымында мұсылмандардан ешкім де қауіптенбейді. Конференция барысында қайта-қайта айтылған мұнара дауы ақыры азаматтық қоғам өкілдерінің талабымен бас қосу барысында ұйымға қатысушы елдерге арнап түзілетін ұсыныстар тізбесінен орын алды.

ҚУҒЫНДАҒЫ АҒЫМДАР

Конференция барысында өзін Қазақстан ахмадилерінің мұсылман жамағатының өкілі деп таныстырған Нұрым Тайбек арнайы мәлімдеме жасады. Оның айтуына қарағанда Қазақстанда мемлекеттік органдар деңгейінде діни төзімсіздік белгілері қылаң беріп қалады екен.

- Мен Қазақстандағы көне оқу орындарының бірі – Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде исламдағы ахмадий жамағаты туралы ғылыми диссертациямды сәтті қорғадым. Муфтияттың, яғни діни басқарманың нұсқауымен білім беру және ғылым саласын бақылау жөніндегі мемлекеттік комитет менің ғылыми еңбегімді ашпастан-ақ санаулы күндердің ішінде маған ғылым кандидаты ғылыми атағын берден бас тарту туралы шешім шығарды, - дейді Нұрым Тайбек.

Қазақстанда ахмадилер жамағатының қуғындалуы фактісі АҚШ-тың әлем елдеріндегі діни наным-сенім бостандығы жөніндегі Комиссиясының 2010 жылға арналған баяндамасында да қуатталады. Аталған баяндамада сондай-ақ, Қазақстан ресми органдары тарапынан Иегово куәгерлері, баптистер де қуғындалатыны айтылады.

АСТАНАДАҒЫ ЖИЫНДА ҚАЗАҚСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНБАДЫ

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы конференциясында Қазақстандағы төзімділік пен кемсітушілік фактілері назардан тыс қалды десе де болады.

Жиын барысында сөз алған Еуропа кеңесі парламенттік ассамлеясының төрағасы Мауліт Шавушоғлы, ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар жөніндегі комиссары Кнут Воллебек, ұйымның Демократиялық институт және адам құқығы бюросының директоры Янез Леанарчичтер де ресми Астанаға қатысты жылы лебіздерін аямады.

Тіпті бірінші сессияны жүргізген БҰҰ қазіргі нәсілшілдік, нәсілдік кемсітушілік ксенофобия және төзімсіздік туралы бұрынғы арнайы баяндамашысы Дуду Дьен сөйлеуші ресми делегациялар өкілдеріне Қазақстан үкіметіне арналған жылы сөз, құттықтауларын уақыт үнемдеу мақсатында айтпай-ақ қою керектігін бірнеше мәрте ескертті де.

ЕҚЫҰ-ның мұсылмандарға қатысты төзімсіздік пен кемсітушілік жөніндегі арнайы өкілі Әділ Ахметовтың баяндамасы да қазақстандық ахуалдан алыс болды.

Беделді халықаралы ұйым бас қосуының аясында «қазақстандық мәселелердің» талқыланбай қалу себептері туралы сарапшылар пікір әрқилы. Мысалы, философия ғылымдарынң докторы, профессор Артур Артемъев: «Келушілердің тек рахметттерін жаудырып жатқаны заңды да. Олады күтіп алды, сый көрсетті дегендей... Біздегі ҮЕҰ қызметін бақылағанда оларда патерналистік көңіл-күйді басым екенін байқауға болады. Мемлекет оларға жомарттық көрсетіп, көмектеседі. Сол себептен болар, олар елдегі кейбір келеңсіздіктерге көз жұма қарайды. Әйтпесе, басқасы басқа, дәл олар бұл бағытта көш басында жүруге тиіс қой. Жемқорлықпен күрес және тағы басқалар. Менің ойымша көптеген үкіметтік емес ұйымдарды кейбір адамдар «жылы орынға» айналдырған. Олар тыныштықта өмір кешеді. Шетелдерге сапарларға шығады, тағы да сол мемлекеттің қаржысына. Өздерін жақсы сезінеді. Мен шыны керек, «БАҚ туралы заң» талқыланған кезден басқа ешқашан біздегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенділік байқатқанын көрмеппін» - дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG