Accessibility links

Николай Мельниченко мен Рахат Әлиев: Жазалау миссиясы және бірбеткейлік


 Николай Мельниченко, Украинаның экс-президенті Л.Кучманың бұрынғы оққағары.
Николай Мельниченко, Украинаның экс-президенті Л.Кучманың бұрынғы оққағары.

Мельниченконың іс-әрекетімен таныса отырып, қазақстандық оқырмандар оны өздерінің президентін және оның жақын көмекшілерін әшкерелеуші, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевпен салыстырары түсінікті нәрсе.

Николай Мельниченко мен Рахат Әлиевтің айқын міндеттері бар – олардың әрқайсысы өз елдерінде болған қандай да бір қылмыстарға Леонид Кучма мен Нұрсұлтан Назарбаевты жауапты ету.

Николай Мельничеко мен Рахат Әлиев әшкерелеу процесін өз өмірлерінің түпқазығына айналдырғандай. Ол екеуінің де мақсаты айқын – басшылар әділ жазасын алуы тиіс. Әшкерелеушілердің ойынша, бұл екі басшының айналасындағы сыбайластары да жазалануы керек.

Николай Мельниченконың ойға алған тағы бір құпия идеясы бар. Ол бұл жайында баспасөзде көп ештеңе демегенімен, оңашада маған бірнеше рет айтқан-ды.

Ол басты айыпкерлерді айқындап қойған. Және олардың кім екендігін жасырған емес – тоғыз жылдан бері аттарын айтып келеді. Бұлар – бір қарағанда, қарапайым зейнеткерше өмір сүріп жатқан Леонид Кучма, қазіргі Украина парламентін басқарып отырған Владимир Литвин және журналист Георгий Гонгадзе өлтірілген кезде Украинаның қауіпсіздік қызметін басқарған Андрей Деркач.

Қазір Андрей Деркач еш жерде жұмыс істемейді. Еш жерде көрінбейді. Саяжайлары мен апартаменттерінде жасырын өмір сүруде. Ешкім оны байқамайды. Тек, оқта-текте, оның денсаулығының нашарлағандығы, жүрегінің ауыратындығы жөнінде әңгімелер шығып қалады.

Бұл тізімде бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Кравченко да болатын. Бірақ, ол Бас прокуратураға тергеуге шақырылған күні таңертең о дүниелік болды. Марқұмды алас-қапас жерлеп тастады. Іле-шала Юрий Кравченконың өз ажалымен өлмегендігі туралы қауесет тарады. Бұл оқиғалар билікте Кучманы төңкеріп тастағандар отырғанда өрбіді.

Жаңа басшылықтың арасында бұрынғы биліктің қылмысын жасыруға кім мүдделі болуы мүмкін деген сұрақ туды. Қоғамда тағы да сан-саққа жүгірген қауесеттер тарады: Кучма президенттікті Виктор Ющенкоға бір ғана шартпен – өзіне қарсы сот ісін бастамау туралы келісімін алған соң сыйға тартқан-мыс.

Николай Мельниченко өз дегенінен қайтпады. Ол әлдебіреулердің дипломатиялық айла-тәсіліне және саяси мақсатты әрекеттеріне пысқырмады. Ол жоғарыдағы аттары аталған украин басшылығында қызмет атқарған төрт адамды елде жасалған деп айтылып жүрген бірқатар қылмыстарға негізгі жауаптылар деп санайды. Олай деуге қажетті айғақтар ретінде Кучманың бұрынғы күзетшісі Мельниченко үнтаспаларды алға тартады. Ондағы әңгімелерде аса үлкен көлемдегі қаржылық айла-шарғылар, саяси қарсыластарға қарсы қастандық және бағынғысы келмейтіндерді жазалау жайында айтылған.

Ақыр соңында Мельниченко мүмкін емес нәрсеге қол жеткізді. Осы уақытқа дейін Украина Бас прокуратурасы даулы үнтаспаны ресми сараптауға жіберуден бас тартып келген еді. Ондай сараптамадан өтпеген айғақты затты заңды дәлел ретінде пайдалану мүмкін емес болатын.

Осылайша, сең сөгілгендей болды. Қазір үнтаспалар сараптаудан өтіп жатыр. Бірақ, Мельниченко үшін бұл әлі аз. Ол енді өзінің тағы бір ойын жүзеге асырғысы келеді. Оның бұл ойын мен бұрыннан білетінмін. Бірақ, оны жүзеге асыруға мүмкіндік береді дегенге сенбеуші едім. Мельниченконың ойынша, қылмысқа тек үнтаспалар ғана дәлел болмауы керек. Ол бұл қылмысқа қатысты тікелей өзі ресми куәгер болғысы келеді. Бұл ойы қисынды да. Сол арқылы ол сот процесінің айыптау-дәлелдеу бөлігін барынша бекіте түспек.

Ол бірде жасырын магнитофондағы үнтаспаны ауыстырамын деп қолға түсіп қала жаздағанын маған айтып берген-ді. Майор барлығын алдын ала ойластырғанымен, бірнеше айға созылған астыртын қызметінде мүлт кеткен жерлері де болған. Сол күні ол үнтаспаны ауыстырған, бірақ Кучманың кабинетінен шығып үлгермеген екен. Дәл осы сәтте күтпеген жерден президент кабинетіне қайтып келген. Перденің артына жасырынып үлгерген Мельниченко сол жерде бірнеше сағат қимылсыз тұрған.

Мұндай жағдайлар бірнеше мәрте қайталанған. Яғни, майор президенттің әңгімелеріне тікелей куә болған. Демек, куәгер болуға деген ниет үнтаспаларды жазған адамның сотқа қатысып, айғақ беруімен ғана шектелмейді. Ол қайткен күнде де, ойына алған міндетін ақырына дейін жеткізіп, кінәлілерді ең қатаң түрде жазалауға деген ішкі құлшынысты білдірсе керек.

Мен одан не үшін басыңды бәйгеге тіктің деп бірнеше мәрте сұрағанмын. Бұған Николай Мельниченконың ылғи айтатыны бір-ақ жауап болды: «...менің әкем жиырма доллар зейнетақымен отырғанда, мыналар миллиардтаған ақшаны айналдырып, басқалардың өмірін тәлкекке салды...».

Мельниченконың ойынша, егер сотқа куәгер ретінде өзі қатыспаса, онда үнтаспаны түпнұсқа деген күннің өзінде, сот оны істен оп-оңай шығара салуы ықтимал. Оның тікелей куәгерлік айғақ-дерегінсіз күдіктілер қорқытып-үркіту және пара беру арқылы жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін. Олардың бұндай қитұрқы іс-әрекеттерге баруына бұрынғы кезден жинақталған мүмкіндіктері жетерлік деп санайды Николай Мельниченко.

Мельниченконы және оның бірбеткейлігін білетіндіктен, мен енді бірнеше айдан соң Киевте болатын, барынша шытырман сот процесін көз алдыма елестетемін. Бұл адам осыған дейін ешкім сенбей келген істі жүзеге асыруға құлшынып отыр. Сондықтан да, бірнеше жыл бойы оның соңына шам алып түсті. Сондықтан да, оған қыруар ақша ұсынып, сатып алуға әрекеттер жасалды. Күні бүгінге дейін ол қауіп-қатерде өмір сүруде. Осыдан бірнеше ай бұрын жолыққанымда, қасында күзетшілері еріп жүрген болатын.

Бұл, шамасы, әшкерелеушілердің барлығының тағдырына қатысты жайт болса керек. Биліктегілер алыстағы Австрияда жүрген Рахат Әлиевтің де соңына түсіп алған жоқ па? Рахат Әлиев туралы қажетті ақпаратты алу үшін жергілікті полицейлерді де сатып алды. Бұл ақпараттардың сипаты қандай екендігін, күш құрылымындағыларға оның не үшін қажеттігін тек болжап, бағамдауға ғана болады.


(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де
мүмкін).

XS
SM
MD
LG