Accessibility links

Зейнеткерлердің көңілінен шықпаса да, Қазақстан үкіметі әлеуметтік қорғау жүйесінің жетілгеніне сенімді


Дүкеннен азық-түлік алуға келген зейнеткер мен сатушы. Орал, ақпан, 2009 жыл.
Дүкеннен азық-түлік алуға келген зейнеткер мен сатушы. Орал, ақпан, 2009 жыл.

Жаңа жылда зейнетақы мөлшері артқанымен елдегі коммуналдық және өзгедей қызметтердің бағалары да күрт өсіп шыға келді. Азаттықтың дөңгелек үстелі Қазақстанның әлеуметтік қорғау жүйесі мен зейнетақы тақырыбына арналды.


Дөңгелек үстел сұхбатын осы арадан тыңдай аласыздар.


ЗЕЙНЕТІ БЕЙНЕТІНЕ САЙ ЕМЕС


Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Совет Одағының батыры әрі авиацияның генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров Азаттыққа берген сұқбатында келісім-шарт бойынша қызмет ететін прапорщик шенді әскеридің айлық жалақысы мөлшерінде зейнетақы алатынын айтса, шығармашылық саласының қызметкерлері, өздеріне зейнетақы белгілегенде «мемлекеттік сыйлықтың лауреаты», «еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» немесе «халық әртісі» және тағы басқа атақ-даңқтарының ескерілмейтінін тілге тиек етеді. Бір сөзбен айтқанда Қазақстандағы зейнеткерлердің кез-келген тобының алатын зейнетақыларына көңілдері толмайды.

Бұрынғы қорғаныс вице-министрі, генерал Айтқали Есенғұлов былай дейді:

«Осы күні Қазақстанда әскерилерге тағайындалған зейнетақының деңгейін қанағаттанарлық деп айтуға болады. Біздің бір ғана тілегіміз: біз зейнетақыны әрқашанда әскери мамандардың айлық жалақыларының өсуімен пара-пар көтеріп отырса екен дейміз. Иә, қазір зейнетақыны көтереді. Бірақ біздің зейнетақымызды офицерлер ретінде емес, азаматтық мамандар ретінде көтереді. Біз мұнайдың үстінде ғана отырған жоқпыз. Қолымызда Менделеевтің бүкіл кестесі бар. Астық тағы бар. Яғни, Қазақстанның жеткілікті зейнетақы төлеуге мүмкіндігі мол. Алайда біздің алатынымыз АҚШ немесе Еуропаның дәл өзіміздегідей лауазымдары мен шендеріндегі офицерлерінің зейнетақыларымен салыстырғанда түкке тұрмайды».

Азаттық радиосының бүгінгі дөңгелек үстелін «Қазақстанның зейнеткерлері әлеуметтік қорғау жүйесіне неге наразы?» деген өзекті тақырыпқа арнайды.

Оған Қазақстанның бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, қазір демократиялық «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру департаментінің директоры Светлана Жақыпова, Қазақстан парламенті сенатының әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Светлана Жалмағамбетова және Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы депутаты, қазір «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов қатысып отыр.

Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізеді.

Жүргізуші:

– Қазақтың тұңғыш ғарышкері, генерал Тоқтар Әубәкіровтың де, елге танымал зиялылардың да қанша зейнетақы алатыны жоғарыда айтылды. Мысалы, аты-жөнін атамауды өтінген, еңбек стажы – 43 жыл, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі, әрі мүгедек жан – 30 мың теңге (200 АҚШ доллары шамасында) зейнетақы алып отыр.

Зейнеткерлердің «Поколение» қозғалысының төрайымы Ирина Савостина Қазақстанның әлеуметтік қорғау жүйесін былайша
Ирина Савостина, зейнеткерлердің «Поколение» қозғалысының төрайымы.
сипаттайды.

«Біздің, Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесі халықтың осы бөлігін құрту үшін құрылған деп есептеймін. Түсінікті ме?! Құрту үшін! Мәселен, қазіргі ең төменгі зейнетақы күнкөріске жететін ең төменгі көрсеткіштен де аз. Ал күнкөріске қажетті кәрзеңкеге азық-түлік те, киім-кешек те, коммуналдық төлемдер мен емделу де және көлік шығындары, тіпті мәдени шаралар да кіреді.

Ал біздің күнкөріс кәрзеңкесіне тек қана тұтыну тауарлары – азық-түлік қана кіреді. Біз оны есептеп көрдік. Оның мөлшері қоршауда болған Ленинградтың азық-түлік кәрзеңкесіне тең».

Бұл зейнеткерлердің республикалық «Поколение» қозғалысының төрайымы Ирина Савостинаның пікірі. Сонымен Қазақстанның жалпы алғанда әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қалай сипаттауға болады? Ғарышкер-батыр әрі генералдың, ғылым мен өнерге немесе мәдениетке еңбегі сіңген және ол еңбегі мемлекеттік сыйлық немесе тағы басқа түрлі атақ-даңқпен бағаланған қайраткерлердің қарапайым жұмысшылармен бірдей зейнетақы алуын қалай түсіндіруге болады?

Светлана ханым, әңгімені сіз бастасаңыз.

320 МЫҢ ТЕҢГЕ ЗЕЙНЕТАҚЫҒА ЛАЙЫҚ АЗАМАТТАР

Светлана Жақыпова:

– Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жүретінін айта кетейін. Бірінші деңгейі – базалық зейнетақы төлемі. Мен Ирина Савостинаның зейнетақы күнкөрістен төмен деп айтқанын дұрыс дей алмаймын.

Базалық зейнетақы төлемі еңбек өтілімі мен еңбекақысының мөлшеріне қарамастан әр азаматқа төленеді. Екінші деңгейге келетін болсақ,
«Шаңырак» шағын ауданы тұрғындарының наразылық жиынында бала көтерген егде әйел. Алматы, 23 шілде, 2009 жыл.
1998 жылдың 1-қаңтарына дейін еңбек өтілімі мен еңбекақысына сәйкес төлемдер төленеді. Ал 1998 жылдың 1-қаңтарынан бастап зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысқан кісілердің жинақтау зейнетақы қорынан төлемдер төленіп отыр. Және де ерікті кәсіптік жинақтаушы қорларында жинақтау жарналары бар. Олардың бәрін қосып айтқанда бүгінгі зейнетақының деңгейі 40 мыңнан асып отыр.

Тақырып басында Тоқтар ағамыздың зейнетақысы туралы айтылған еді. Ол кісінің зейнетақысы жаңа жылдан бастап 25 пайызға артты. Сондай-ақ, арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері көбейтілді. Және де ғарышкерлерге арналған183 мың теңге мөлшерінде жаңа категория қосылды. Сол төлемдердің бәрін қосып санағанда Тоқтар ағамыздың зейнетақы, жәрдемақы төлемдері 320 мың теңгені құрап отыр.

Жүргізуші:

– Светлана ханым, сонда 183 мың теңге – ай сайын төленетін жәрдемақы ма?

Светлана Жақыпова:

– 183 мың теңге – екі ғарышкерімізге арналған ай сайын төленетін жердемақы. Және де ол кісілердің зейнетақысы 36 мыңнан асып отыр. Базалық зейнетақы – 5981 теңге. Соның бәрін қосқанда 326 мыңнан асатын болады.


ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІ

Әлихан Байменов:

– Біріншіден, Ирина Савостина секілді қоғамдық ұйым өкілдерінің бұл мәселені анда-санда көтеріп отырғаны – оң құбылыс. Себебі, қоғамдық ұйымдар, азаматтық қоғам үкіметке өзінің әлеуметтік мемлекет үкіметі екенін есіне салып, зейнеткерлер алдындағы парызын
Әлихан Бәйменов, «Ақжол» партиясының төрағасы. Астана, 23 ақпан, 2009
есіне түсіртіп тұрғаны сөзсіз қажеттілік. Екіншіден, әрине, ол кісінің сөзінің бір бөлігі шындыққа жанасады. Ал бір бөлігінде ашынғандықтың белгісі бар. Себебі, бүгінгі әлеуметтік қорғау жүйесі бір жағынан біздің экономикалық жетістіктерімізге, бюджеттің мүмкіндіктеріне байланысты.

Екінші жағынан кез-келген әлеуметтік қорғау жүйесі ол тек адамға бұрынғы табысын қалпына келтіру емес, сонымен қатар, адамды жариялы, заңды жұмыс жасауға мүдделі қылып ұмтылдыру керек. Яғни, әлеуметтік қорғау жүйесі бір жағынан азаматтарды табыспен қамтамасыз ету, екінші жағынан ынталандыру функциясын атқарады. Осы тұрғыдан алғанда біз әлеуметтік қорғау жүйесінің мүмкіндігін көтеру үшін экономикамыздың дамуын, Қазақстанда өмір сүріп жатқандардың еңбек өнімділігін қамтамасыз етуіміз қажет.

Сонымен қатар, экономикадағы көлеңкелі тұстарды азайтуымыз керек. Менің бағамдауымша, қазір экономиканың 40-45 пайызы «көлеңкеде» қалып отыр. Мемлекеттегі салық төлемейтін 5-6 пайыз адамның аса үлкен көлемдегі көлденең табысы қалған азаматтардың еңбек табысына тең. Олардың ешқайсысынан қазынаға
Дамыған елдерде оларда орташа айлықтың 60 пайызы орташа зейнетақы деңгейінде.
салық түспейді.

Мысалы, дамыған елдерге қарасақ, оларда орташа айлықтың 60 пайызы орташа зейнетақы деңгейінде. Бізде «бейнеттің зейнетін көру» деген сөз бар. Қазір біздің зейнетақымыз көтеріліп келе жатқанымен әлі де егде адамдардың лайықты өмір сүруіне жетпейді.

Екіншіден, ең төменгі күнкөріс деңгейі дегеннің өзін анықтауды жетілдіру керек. Кеше ғана министр Гүлшара ханым мәжілісте сөйлеген сөзінде осыны айтты. Менің ойымша, ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау жетілсе, біздің зейнеткерлердің орташа зейнетақысы орташа жалақымен салыстырып есептегенде 35 мың теңге деңгейде болуы керек. Біздің жүйеміз осы бағытта бірте-бірте дамиды. Оның даму жолдарын біз 2001-жылы қабылданған әлеуметтік қорғау Тұжырымдамасында бекітіп қойғанбыз.

Светлана Жалмағамбетова:

– Мен зейнетақы жүйесін екіге бөлуге болады деп айтар едім. Біріншісі – қазіргі зейнеткерлердің зейнетақысы. Ол бюджеттен беріліп отыратын зейнетақы. Екіншісі – болашақ зейнеткерлердің зейнетақысы. Ол реформа бойынша, әрбір жұмыс істейтін адамның өзінің
Светлана Жалмағамбетова, Қазақстан парламенті сенатының депутаты. Ресми сайттағы сурет.
жалақысынан бөлініп отыратын 10 пайыздан жиналған қаражат. Сондықтан бүгінгі зейнетақы алып отырған зейнеткерлердің зейнетақысы – ең үлкен мәселе.

Өйткені, олардың зейнетақысы еңбегіне, тәжірибесіне, бұрын алған жалақысына сай емес. Біздің заңда жоғарғы шектеу бар. Бүгінге дейін зейнетақының көлемі 15 айлық есептік көрсеткіштен жоғары болмайтын.

Қазіргі кезде зейнетақы жыл сайын өсіп, 28 айлық есептік көрсеткішке жетті. Соның өзінде жақсы жалақы алып отырған адамдар ертең соған лайық зейнетақы ала алмайды. Зейнетақысы әлдеқайда төмен болады. Бірақ Әлихан мырза айтқандай, экономикаға көп нәрсе байланысты. Экономика дамыған сайын зейнетақының көлемі өседі. Мен депутат болғалы зейнетақы 15 айлық есептік көрсеткіштен 28-ге дейін көтерілді. Әрине, ол әлі қанағаттандырғысыз.

Оның ішінде ең төмен зейнетақы алатындар – ауылшаруашылығында істеген зейнеткерлер. Бұл өте өкінішті. Олар қазір ештеңе өзгерте алмайды. Бұл – бюджеттен келетін зейнетақы. Оны өзгертіп, кішкене болса да зейнеткерлерді қолдау үшін, меніңше, бір коэффицент енгізу керек.

Мысалы, Целиноград ауданындағы Қараөткел ауылында тұратын Социалистік Еңбек Ері Зағила Кенжолова өмір-бақи сауыншы болып жұмыс істеді. Бірақ оның зейнетақысы жоғарғы мөлшерге – 40 мың теңгеге жеткен жоқ. Меніңше, бұл – өте үлкен әділетсіздік.

Екінші жағдай – ертеңгі зейнеткерлердің зейнетақысы. Жұмыс істеген адамдар жалақысының 10 пайызын зейнетақы қорына төлеп отырады. Бірақ бізде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен деген ұғым бар. Өздері үйде отырып, мал асырап, үйтіп-бүйтіп күн көретіндерді айтады. Олар зейнетақы қорына ешқандай ақша аудармайды. Сондықтан олар ертең тек қана базалық зейнетақымен шектеліп қалайын деп отыр. Осылардың келешегі мені ойлантады.

Менің ойымша, мемлекет беретін базалық зейнетақы келешекте ең кемінде жалпы күнкөріс мөлшерінде болуы керек.

Біздің министрлік 60-75 пайызға жеткіземіз деді. Ол дұрыс емес. Кемінде айлық күнкөріс мөлшерінде болуы керек. Ол үкіметтің үлесі. Сосын 10 пайыз аударып отырған зейнеткердің үлесі. Сонымен қатар, мынау жұмыс берушінің де үлесі болуы керек. Өйткені, басқа елдерде зейнетақы үш бөлшектен құралады: мемлекет, зейнеткер және жұмыс беруші. Бізде ондай үлес мүлдем жоқ. Сондықтан осыны бізге бірте-бірте енгізу керек.


«ҰРЛЫҚТЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК»


Серік Әбдірахманов:

– Көптің айтқанына қосыламын. Әсіресе, батыр ағамыз Тоқтар Әубәкіров пен Ирина Савостинаның айтқандары өте орынды. Менің айтарым, Қазақстанда зейнетақы деңгейі өте төмен. Мысалы, 1990-жылғы ең төменгі деңгейдегі зейнетақы – 70 соммен салыстырсақ,
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов.
бүгінгі он төрт мыңның үстіндегі зейнетақымыздың ең төменгі деңгейдегі сатып алу нарқы 4-5 есе кем екен. Демек, біз 1990-жылдағы ең төменгі деңгейдегі зейнеткерлердің жағдайынан бүгінгі зейнеткерлеріміздің жағдайы 4-5 есе кем.

Міне, неше түрлі табыстар туралы айтып жатырмыз ғой. Сол табыстарымыздың қызығын кім көріп жүр?! Әлихан мырза экономиканың жетістіктеріне байланысты айтып жатыр. Әрине, ол дұрыс. Біз бір адам басына 1 тонна бидай, кем дегенде 5 тонна мұнай, он шақты тонна темір-терсек, алтын-күміс және т.б. өндіреді екенбіз.

Ақпарат құралдарында күнде айғай-шу: «анда кетті», «мында кетті», «қайда кетті»? Ұрлық.. Меніңше, осы ұрлықты тоқтату керек. Біз қазір қандай тәртіппен бөлінсе де мардымсыз зейнетақының мөлшерін көтере алмаймыз. Ол үшін ұрлықты тоқтату керек.

Мен біреудің түбіне жетейін, біреудің ұрлығын ашайын деп, компромат жинап жүрген адам емеспін. Бірақ осы дөңгелек үстелді тыңдап, оқып, сөзімізге мән беретін жандар, әсіресе, лауазым иелері кішкене нысапқа келіп, елін ойласа, біздегі байлық зейнетақыны кем дегенде 5
Біздегі байлық зейнетақыны кем дегенде 5 есе өсіруге мүмкіндік береді. Міне, біз осыған қатты ойлануымыз керек. Сол себептен байлық ел мүддесіне салыну керек.
есе өсіруге мүмкіндік береді. Міне, біз осыған қатты ойлануымыз керек. Сол себептен байлық ел мүддесіне салыну керек.

Сыртқа кетіп жатқан байлықтан салық алуымыз керек. Неге байлық оффшор арқылы шетке кетеді?! Неге арзан бағаға кетеді?! Осыны пәленбай жыл парламентте отырып, сұрап отырдым. Бір рет те жауап ала алмадым. Міне, бүгін енді шешуші сәт. Осыған бір жауап беретін сәт келді. Ары қарай халықтың шыдамы таусылуы мүмкін.

Қазақта «Өгіздің мөңкігені жаман» деген сөз бар. Мүмкін билікте отырғандар өзінің халқын өгіздей көріп отырған болар. Момын, жуас деп. Меніңше, халық қазір ашулы. Бай мемлекетпіз деп, басқалармен салыстырып кеуде соғамыз. Бірақ осы байлық халыққа қызмет ету керек.

Әсіресе, өзін ойламай, келешек үшін деп, балаларымыз аман болсын деп кеше еңбек еткен зейнеткерлерге қызмет етуі керек. Аға ұрпақты ойлайтын сәт келді деп санаймын.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, міне мұндай мысалдарды мыңдап келтіре беруге болады. Осы келтірілген мысалдар жөнінде сіздер не айта аласыздар?


АТЫ АТАЛМАҒАН ҚАТЕЛІКТЕР

Светлана Жақыпова:

– Қазіргі уақытқа дейін министрлікте зерттеулер, экономикалық және актуарлық есептеулер жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін дамыту бағдарламасы әзірленеді. Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін зейнетақы жүйесінің даму бағыттарының келешегі айқындалады.

1995 жылдары зейнетке шыққан көп жыл еңбек өтілі бар азаматтар өздерінің еңбекақысын растай алмаған жағдайда ол кісілердің жағдайы қарастырылады.

Бәрін жаман деп айту дұрыс емес деп ойлаймын. Жұмыс жүргізіліп жатыр. 2010 жылы стратегия қабылданса, 2011 жылдан бастап жағдай өзгереді.

Әлихан Байменов:

– Серік мырза айтқандай, зейнетақыны бірнеше есе көтеру үшін біз экономикада жалақыны бірнеше есе көтеруіміз керек. Біз еңбеккерлерге Қазақстанның мүмкіндігіне лайық жалақы төлеп отырған жоқпыз. Қазір бізде еңбеккердің мүддесі алпауыттардың табан астына салынып берілген.

Мысалы, мен «Қазақмысты» алайын. «Қазақмыс» қазір жүз миллиондаған долларлап пайда тауып отыр. Оның бәрі жаңа бір технология
Алматы көшесінде қайыр сұрап жүрген қария. Наурыз, 2008 жыл.
әкелгендіктен емес, жаңалық ашқандықтан емес. Олар біздің жер асты байлығымызды қанап отыр. Ал енді сол өндірістегі металлургтар мен шахтерлердің айлығы қандай?! Олардың жалақысы республикадағы орта деңгейден аспайды.

Ендеше, бірінші кезекте біз жалақыны көтеруіміз керек. Біздің ішкі өнімімізде жалақының үлесі өте төмен. Жалақыны көтеру арқылы біз зейнетақыны да көтеруіміз керек. Экономикадағы жариялылық бір бөлек, зейнетақының есептеуіне негіз болатын ең төменгі күнкөріс деңгейін жаңадан есептеуіміз керек.

Менің жобалауымша, бүгінгі күні біздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 27-30 мыңның ортасында. Біздің қоғамдағы үлкен мәселе – бай мен кедейдің арасындағы алшақтық.

Мәселен, баспасөзде Динара Құлыбаева Швейцарияда 70 миллионға 8 мың шаршы метр жерді сатып алғандығы айтылды. Сонда ол Социалистік Еңбек Ерінен немесе батыр ағамыздан, басқалардан артық еңбек етіп миллиардер болды ма?! Ендеше, біз жариялылықты, экономикадағы әділеттілік мәселесін көтеруіміз керек.

Зейнетақы жүйесіне тағы бір тоқтап кетсек, бізде зейнеткерлердің ішінде екі рет методикалық қателердің салдарынан зардап шеккендер бар. 1994 жылы Байкәрім Түтенов министр, Әкежан премьер-министр болған кезде бір үлкен қателік кетті. Содан кейін барлық министрліктер сол
Баспасөзде Динара Құлыбаева Швейцарияда 70 миллионға 8 мың шаршы метр жерді сатып алғандығы айтылды. Сонда ол Социалистік Еңбек Ерінен немесе батыр ағамыздан, басқалардан артық еңбек етіп миллиардер болды ма?! Ендеше, біз жариялылықты, экономикадағы әділеттілік мәселесін көтеруіміз керек.
қателікті әлі де жоя алмай келе жатыр. Екінші қателік 1998 жылы болды.

1997 жылы реформа жасалды ғой. Ал 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы қорларын енгіземіз дегенде олар шын мәнінде келді де елді де, елбасын да алдады деп ойлаймын. Олар осы жүйе енгеннен соң, келешекте бюджеттен зейнеткерлерге шығын болмайды деп айтты. Ал біз енді қазіргі жағдайды көріп отырмыз. Жаңа Светлана ханым айтқандай, он пайыз келешекте де алынады. Бірақ оның жеткіліксіз болатындығын министрліктегілер де біледі. Бүгінгі жасы 40-45-гі адамдар базалық зейнетақы болмаса, кедейлікте күн кешетін болады.

Сол себептен бұл түбегейлі экономикадағы жариялылықты және зейнеткерлерге бюджет арқылы көбірек көмек көрсетуді, оның үстіне алпауыттардың шын мәнінде еңбеккерлер мүддесін қорғауға мәжбірлеуді қажет етеді.

Біз 2001 жылғы тұжырымдамада «айлық есептік көрсеткіш - табиғи негізі жоқ көрсеткіш» деп жазған болатынбыз. Ол кезінде бюджеттегі алымдарды, айыппұлды есептеу үшін қойылған. Ол әлеуметтік қорғау жүйесінде болмауы керек. Әлеуметтік қорғау жүйесінде ең төменгі жалақы көрсеткіші негіз болуы керек. Төлемақыны есептеген кезде ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейі негізгі көрсеткіш ретінде алынуы керек.

«МЕН ОЛАРДЫ (ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІ) ТҮСІНБЕЙМІН...»

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, енді өздеріңізге жеке-жеке сұрақ қоймақшымын. Алдымен тағы да «Поколение» қозғалысының төрайымы Ирина Савостинаның мына мәліметін тыңдайық. Одан кейін әңгімені жалғастырамыз.

Ирина Савостина: «Мысалға президент 1 қаңтардан бастап зейнетақының өсетінін жариялады. Президент оны шамамен қыркүйек-қазан айында хабарлады. Сол-ақ екен осы 2 айдың ішінде коммуналдық төлемдерді дереу көтере қойды. Ал өскен зейнетақыны алатын уақыт келгенде, ол өсімді көтерілген коммуналдық төлем жеп үлгерді».

Осы сөздерге, Светлана ханым, сіз не айтасыз?

Светлана Жақыпова:

– Ирина Савостина «бәрін жеп қойды», «құнсыздану» деп айтып отыр. Шындығында, бүгінгі күні ресми құнсызданудың мөлшері 6 пайыздан аспайды. Біз зейнетақыны 25 пайызға өсіріп отырмыз. Бірнеше есе артық айырмашылық бар. Соған қарамастан біздің зейнеткерлер аз десе, мен оларды түсінбеймін.

Жүргізуші:

– Бұл жерде Ирина Савостина коммуналдық төлемдердің өсімін, оның ішінде электр қуаты тарифінің артуын айтып отыр.

Светлана Жақыпова:

– Коммуналдық төлемдер бәрі сол ресми құнсызданудың ішіне кіріп отыр ғой...

Жүргізуші:

– Әлихан мырза, тағы да сол Ирина Савостина нақты сіз туралы мынадай пікір айтты: «Мына адам өлтіретін зейнетақы жүйесін теріс [Әлихан Байменов] жолға қойған болатын. Яғни, ол кезде Коржова бастап берді. Сол кезде зейнетақыға 53 теңге қосты. Біз «ол ақшаны колготка алып ки» деп өзіне жөнелтік. Ал қазір мына 99 теңгені қосты. Кәрім Мәсімовтің өзіне нәски алып киюіне жібердік».

Осы пікірге айтар уәжіңіз бар ма, Әлихан мырза?

БАҒА БЕРУ ӨЗ ЕРКІ

Әлихан Байменов:

– Ирина Савостина менің министр болып тұрған кездегі баспасөзді ақтарып, өзінің сөздерін тапса, ол басқаша сөйлегеніне тап болар еді. Ол өз сөзінде шатасып отыр.Рас, бұл жүйені енгізген кезде Наталья Коржова министр болды. Бұл жүйенің негізгі идеологтары Сембаев, Марченко, Жандосов, Қажыгелдин болатын. Ал Наталья Коржова солардың ойын халыққа жеткізуші болды.

Мен министр болып тұрған кезде Ирина Алексеевнамен жап-жақсы жұмыс жасап, жүйені ары қарай жетілдіру жолдарын ойластырғанбыз. Мен бір жылдай министр болдым, соның ішінде үлкен жұмыс жасалды: біз бірінші рет ТМД елдерінде әлеуметтік қорғау жүйесінің кешенді тұжырымдамасын қабылдадық.

Міне, сол тұжырымдамада бірінші рет бізде үш деңгейлі жүйе болу керек екендігі жазылды. Және қазір «президенттік зейнетақы» деп айтып жүр ғой. Шын мәнінде сол зейнетақылардың барлығының болатынын, сол кезде жоспарлап, құжаттарға енгізіп кеткенбіз.

Адам адам болған соң түрлі баға беру оның өз еркінде.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, дөңгелек үстелге қатысып, пікір бөліскендеріңіз үшін баршаңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG