Accessibility links

Ассамблея мүшесі «елбасы» мәртебесін Конституциямен бекітуге шақырды


Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясында сөйлеп тұр. Астана, 20 қазан 2010 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясында сөйлеп тұр. Астана, 20 қазан 2010 жыл

Сәрсенбі күні Астанада өткен Қазақстан халқы ассамблеясында сенатор Анатолий Башмаков «елбасы» мәртебесін Конституциямен бекітіп алсақ деген ұсыныс айтты. Алайда Назарбаев бұл ұсынысты қолдамайтынын жеткізіп, өре түрегеліп қол соққан ассамблея мүшелерінің «меселін қайтарды».


Қазанның 20-ы 16-шы сессия жұмысын ашқан президент Назарбаев алдымен жиналғандарды ассамблеяның он бес жылдығымен құттықтады.

- Биыл Қазақстан халқы ассамблеясына он бес жыл толды. Ассамблея – еліміздің бірлігі мен келісімінің тірегі. Жалпы халықтың ерік жігерімен өмірге келген ассамблея беделді конституциялық орган бола білді, - деп санайды Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан кейін сөз алған сенат депутаты Анатолий Башмаков, президенттің «елбасы» («лидер нации») деген мәртебесін конституциямен бекітіп алу туралы ұсыныс айтты.
Тұңғыш президенттің мәртебесі негізгі заңмен бекітілуі тиіс деп ойлаймын.

- Парламент тұңғыш президент – елбасы туралы заң қабылдады. Алайда бұл заңнаманы дамыту қажет екені тәжірибеде көрінді. Сондықтан, тұңғыш президенттің мәртебесі негізгі заңмен бекітілуі тиіс деп ойлаймын, - деді Анатолий Башмаков.

Осы тұста залдағы халық ду қол шапалақтап орындарынан өре түрегелді. Жұрт тынышталған соң сөзін жалғастырмақ болған сенатор Башмаковты Назарбаевтың өзі тоқтатып, депутаттың ұсынысын қолдамайтынын айтты.

- Мұндай мәртебе ешқандай заңмен де, конституциямен де бекітілмейді. Ол үшін халық бар. Рахмет, әрине. Бірақ, сол үшін біздің конституциямызға араласып қажет емес, - деді Назарбаев.
Қазақстан халқы ассамблеясына қатысушылар. Астана, 20 қазан 2010 жыл

Әйтсе де кейбір саясаттанушылар мұның артында бір «гәп» бар дейді. Айдос Сарымның айтуынша, жаздыкүні «елбасы» туралы заң ұсынылған кезде де президент қарсы болған. Алайда заң Назарбаевтың қарсы болғанына қарамастан қабылданып кетті.

- Біздің басшымыздың осындай ұсыныстарға алдымен қарсы шығып, артынан депутаттардың бәрі қолдап немесе ассамблея шулап кетсе үндемей қосыла салатыны бар, - дейді Айдос Сарым.

Бір айта кетерлігі Қазақстан халқы ассамблеясының XYI сессиясына көптеген адамдар қатыса алмады. Әсіресе, жастардың жолын кес-кестеген жайттар көп болды. «Тізімде аты жөні көрсетілмеген» дегенді көлденең тартқан күзетшілер студенттер мен оларды ертіп келген оқу орнының оқытушыларын кіргізбеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG