Accessibility links

Назарбаевқа хат жазып сотталған Раиса Құсайынова мемлекетпен соттасып жатыр


Раиса Құсайынова. Петропавл, 17 қараша 2010 жыл.

Раиса Құсайынова. Петропавл, 17 қараша 2010 жыл.

Шенеунікке «жала жапқаны» үшін сотталған Раиса Құсайынова ақталған соң енді мемлекетті сотқа беріп отыр. Ол Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласындағы былықтар туралы президент Назарбаевқа хат жазған соң жазаланған еді.


Облыстық деңгейдегі лауазымды шенеунікке «жала жапқан» деген айып бойынша 2008 жылы Петропавл қалалық соты үкімімен жарты жылға түзету жұмыстарына кесіліп, жазасын толық өтеген Раиса Құсайынова енді мемлекетті өзі сотқа беріп отыр. Ол биыл өзінің еш кінәсіз сотталғанын дәлелдеп шықты.

Өзін заңсыз соттаған мемлекет пен өзін соттатқан арыз иесінен – бұрынғы шенеуніктен моральдық және материалдық шығын өндіріп алу үшін Раиса Құсайынова қалалық сотқа жүгінді. Оның талап-арызы бойынша алғашқы сот отырысы қарашаның 17-іне белгіленген еді. Бірақ жауапкердің бірі – Қаржы министрлігінің өкілі келмей қалғандықтан іс кейінге шегерілді.

Екінші жауапкер – облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы бастығы, қазір медицина қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Наталья Воронцова осыған дейінгі белгіленген сот отырыстарына келмей қалған-тын. Бұл жолы бірінші рет төбе көрсетті.

Жазықсыз сотталған уақытта шеккен моральдық және материалдық шығыны үшін Раиса Құсайынова мемлекеттен 5 миллион 150 мың теңге өндіртіп беруді сұрап сотқа шағымданып отыр.


ШАҒЫМ ХАТТАН БАСТАЛҒАН ІС

Солтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансері бас дәрігерінің орынбасары Раиса Құсайынова емдеу мекемесіндегі мүшкіл жағдайды айтып, осыдан үш жыл бұрын ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шағым-хат жазғаны үшін кейін өзі істі болғаны туралы Азаттық радиосы кезінде хабарлаған.

Ол хатта Раиса Құйсайынова өзі жұмыс істейтін емдеу мекемесінде қажетті мамандар жетіспейтінін, еңбек қауіпсіздігі жоқтығын,
Петропавлдағы туберкулез дертін емдеу диспансері. 29 қыркүйек 2008 жыл.
дәрігерлердің туберкулезге шалдығуы жиілеп кеткенін, мекемеде желдеткіш жұмыс істемейтінін тізе келе, мұның бәріне Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің сол кездегі бастығы Наталья Воронцованың басқару әдісі кінәлі деп санайтынын жазған болатын.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау департаментін жемқорлық жайлағаны, басшыларға ақша жиналатыны, ал бастықтың іс-қылығы «Мемлекеттік қызметшінің ар-намыс кодексі» талаптарына сай еместігі де сол хатта жазылған-ды.

Департамент бастығы Наталья Воронцова мұны өзіне жала жабу деп қабылдап, хат иесін 2007 жылы желтоқсанда сотқа берді. Істі қараған Петропавл қалалық соты Раиса Құсайынованы кінәлі деп тауып, 2008 жылдың шілдесінде үкім шығарды.

Раиса Құсайынова «жала жапқаны үшін» жарты жылға түзету жұмыстарына кесілді. Үкімге сәйкес, еңбекақысының 10 пайызы мемлекет қазынасына ұсталып қалатын болды. Сонымен бірге сот айыпкерге Наталья Воронцоваға материалдық шығын ретінде 70 мың теңге және моральдық шығын ретінде 50 мың теңге төлеуді міндеттеді. Раиса Құсайынова бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенімен облыстық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сотпен екі арада жүргенде Раиса Құсайынова жұмыстан да шығып қалды. Мекеме басшылығы оны «өз міндеттерін орындамаған» деп кінәлап, Еңбек кодексінің 54-ші бабына бойынша жұмыстан қуды.

Раиса Құсайынова нақақтан сотталуы кесірінен көрші-қолаң, ағайын-туыс, әріптестерінің өзіне деген көзқарасы күрт өзгергенін айтады.

– Қылмыстық инспекция өкілі және учаскелік полиция қызметкері жазамды өтеу мерзімінде қандай ағат іс жасап қоймағанымды білу үшін көрші-көлемді тергеп, беделімді түсірді. Үкімнің бір данасы жұмыс орныма жіберілгеннен кейін, әріптестерім де маған басқаша баға бере бастады. Екі ұлыма не үшін сотталғанымды түсіндіре алмай қиналдым. Қайта-қайта өткізілген сот отырыстары жүйкемді тоздырып, жұмыстан қол үзуге мәжбүр болдым. Үкімді орындау барысында өзімнің түзелгенім туралы ұдайы түсініктеме жазуыма тура келді. Ақыры қалалық сот менің «қайта тәрбиеленгендігім және түзелгенім» туралы қаулы шығарып тынды. Осының бәрі мені тұқыртып, ренішімді туғызды. Ақиқат іздеумен өмірімнің екі жылы зая кетті, – дейді Раиса Құсайынова.


ЖОҒАРҒЫ СОТ АҚТАДЫ

Сот жазасын өтеп болған соң арада біршама уақыт өткізіп барып Раиса Құсайынова өзінің кінәсіз екендігін айтып Жоғарғы сотқа жүгінді.

Азаттық тілшісінің «неліктен бірден Жоғарғы сотқа шағымданбадыңыз?» деген сұрағына Раиса Ермекққызы:

– Мен заңға өзгеріс енгізілгенін күттім. Сөйтіп, биыл наурыз айында ғана Жоғарғы сотқа шағымдандым. Оған дейін Жоғарғы сот мұндай
Соттың сізді заңсыз соттаған үкімі нәтижесінде сізге зиян келтірілгені үшін ресми түрде кешірім сұраймын.
жеңіл баптарды қарастырмайтын, – деп жауап берді.

Қазақстан Жоғарғы соты Раиса Құсайынованы ақтап шығарды. Бұдан соң Петропавл қалалық, Солтүстік Қазақстан облыстық және Жоғарғы сот төрағалары Раиса Құсайыновадан ресми түрде кешірім сұрап, хат жолдады.

«Соттың сізді заңсыз соттаған үкімі нәтижесінде сізге зиян келтірілгені үшін ресми түрде кешірім сұраймын», – делінген облыстық сот төрағасы Нұрғазы Әбдіқановтың Раиса Құсайыноваға хатында. Бұл туралы сот төрағасының өзінен бір ауыз болсын түсініктеме алғысы келген Азаттық тілшісіне облыстық соттың баспасөз хатшысы Ақбөпе Өтекина: «Мұндай әрекеттерге түсініктеме берілмейді», – деп қысқа қайырды.

Бұдан екі жыл бұрын сот шешімімен Раиса Құсайыновадан 120 мың теңге (800 АҚШ доллары шамасында) көлемінде моральдық және
Жазықсыз сотталып, ақталған Раиса Құсайынова енді мемлекетті сотқа беріп отыр. Петропавл, 17 қараша 2010 жыл.
материалдық шығынын өтеп алған Наталья Воронцова жақында ақшаны оған түгел қайтарып беріпті.

«Жоғарғы сот үкімнің күшін жойды. Ары қарай бәрі де заңға сәйкес жүргізіледі», – деді ол Азаттық тілшісіне.


«ХАТТА ЖАЗҒАНЫМДЫ АЯҒЫНА ДЕЙІН ЖЕТКІЗЕМІН»

Раиса Құсайынованың бұрынғы жұмысын қалпына келтіруді сұрап жазған талап-арызы да қазір қалалық сотта жатыр. Оның бұл өтініші бұған дейін де қалалық сотта екі рет қаралған болатын. Бірақ екі ретінде де сот оның өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Одан соң арыз иесі тағы да Жоғарғы сотқа жүгінді. Биыл қазанның 27-сі күні Жоғарғы сот оның талап-арызын қалалық сотқа жаңа құрамда қайтадан қарауға жіберді.

Істері қаралып біткеннен кейін Раиса Құсайынова өзінің осыдан үш жыл бұрын жазған шағым-хатын ақырына дейін жеткізбек ниетте.

– Сол хатта Наталья Воронцоваға қатысты келтірілген деректердің көпшілігі тексеру барысында дәлелденді, – дейді ол.

Оның айтуынша, дәрігерлердің арасында туберкулез кең тарай бастағаны, мекемеде желдеткіштің жұмыс істемейтіні, облыстық денсаулық сақтау департаменті мемлекеттік сатып алу бойынша 40 миллион теңгеден астам сомаға заң бұзуға жол бергені расталған.

– Сол заң бұзушылықтар бойынша бір шешім шығарылғанша тоқтамаймын. Менің ісім сонда ғана аяқталған болып саналады, – дейді Раиса Құсайынова.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG