Accessibility links

Қазақстанда есірткі саудасымен айналысқандарға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қолданатын болады


Сәрсенбі күні мәжіліс депутаттары Қазақстанның Қылмыстық кодексіне және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске есірткіні заңсыз айналымы саласындағы жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Түзетулерге сәйкес, есірткі саудасымен айналысқан азаматтарға өмір бақи бас бостандығынан айыру секілді жазаның ауыр түрін қолданатын болады.

Қазақстанның ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, үстіміздегі жылы ел аумағынан 22 тоннадан астам есірткінінің ауыр түрлерін қолға түсірген. 9 мыңға жуық есірткі қылмысы әшкереленген. Қазақстан бойынша есірткіге әуес 55 мыңнан астам адам арнайы есепте тұрады екен. Олардың алпыс пайызға жуығы отызға енді толған жастар болса, мыңға жуығының жасы әлі он төртке толмаған. Биылғы жылы есірткіні шектен тыс пайдаланған бес жүзге жуық адам көз жұмған. Олардың тоқсан пайызы жастар екен. «Осыларды есепке ала отырып, оның үстіне президенттің төрағалығымен өтетін Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекет басының тапсырмасынан кейін елдегі қылмыстық кодекске есірткімен заңсыз айналысушылардың жазасын күшейту үшін өзгеріс енгізіп отырмыз», дейді Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Қалмұхамбет Қасымов.

Оның айтуынша, төмендегі қылмыстар бойынша сотталғадар өмір бойы бас бостандығынан айырылады:

- Бірінші, есірткіні мектепте таратқандарға, екінші, контрабанда, үшінші, сату кезінде ұсталғандарға.

Қазақстанда күні бүгінге дейін Қылмыстық кодексте немесе Әкімшілік құқық бұзушылық кодексте көңіл көтеретін орындарда есірткі таратылғаны үшін қызмет көрсету орындарының иелеріне шара қолдану туралы арнайы бап жоқ екен. Жоғарыдағы заң жобасында есірткі тарату фактісі табылған мекемелерді жабу немесе иесіне айыппұл төлеу қарастырылған. Сонымен бірге Ішкі істер министрінің орынбасары Қалмұхамбет Қасымов қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодекске сәйкес тәркіленген есірткілерді сот үдерісі аяқталғанша қоймада сақталатындығын айтады. Бірақ есірткілердің із- түзсіз жоғалып кету оқиғалары коп орын алады екен. Сондықтан да заң жобасына тәркіленген есірткінің қылмыстық іс ашылып, сот шешімін шығарғанша тек бес грамын қалдырып, қалғанын өртеп жіберу туралы бап енгізілгенін айтады Ішкі істер министрінің орынбасары Қалмұханбет Қасымов:

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Тәжікстанның азаматы 150 кг. героинды Ресейге алып бара жатқан жерінен қолға түсті. Бірақ Минск конфенциясы бойынша ол азаматты өз еліне бердік. Бірақ олар оны соттамай босатып жібепті. Ал героин бізде қоймада сақталған. Соның кейін 30 кг. жоқ болып кетті. Бұл бір мысал емес, мұндай оқиғалар өте көп.

Алайда заң жобасын қабылдау кезінде бірқатар депутаттар есірткіні өртедік деп, арнайы қызметкерлердің өздері есірткі саудасына өткізіп жіберуі мүмкін деген күдік айтты. Сондықтан да мәжіліс депутаты Рамазан Сарпеков оны төмендегідей жолмен жою қажеттігін айтады:

- Прокурордың, сарапшылардың қатысуымен арнайы таспаға түсіріп, өртеу қажет. Тергеу процесі өте ұзақ жүреді. Кейде бір жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Сондықтан есірткілерді өртеп жіберген дұрыс.

Ал енді бір депутаттар болса, есірткіні өртемей, мемлекеттің қажеттілігіне мысалы, медицина саласына дәрі -дәрмек шығару үшін жұмсау керектігін айтты. Бірақ Қазақстанда әзірге есірткіні дәрі дәрмекке айналдыратын технология жоқ екен.

Ақмола облысы бойынша сотталғандардың құқығын қорғайтын «Үміт сәулесі» қоғамдық ұйымының төрайымы Любовь Рубежанская қылмыстық кодекске есірткі саудасы үшін берілетін ауыр жаза - өмір бақи түрмеде отыру жазасының енгізілгенін қолдайды. Оның сөздеріне қарағанда, есірткі саудасымен айналысатындар қаншама жас адамның өмірін құрбан етеді. «Ал біз өкінішке қарай, олардың алды ала алмаймыз. Сондықтан оларға жазаның барынша ауыр түрі берілу керек», дейді.

Бірақ «Азаттық» радиосына пікірлерін білдірген сарапшылар енгізілген өзгерістерді қолдайтындықтарын, алайда сол жазаның ауыр түріне есірткі трафигімен айналысатын ірі қылмыскерлердің түсетіндігіне күмән келтіреді. Өйткені полицияның өздері сол қылмыстармен сыбайласқан дейді.

Ал шет мемлекеттерде есірткі судасымен тұтқындалып, түрмеде отырған қазақстандық азаматтар жеткілікі екен. Мәжіліс депутаты Уалихан Қоңырбаевтың дәйектеріне жүгінсек, Тайланда Қазақстанның төрт азаматы өмір бойы бас бостандығынан айырылып түрмеде отырса, Қытайда екі адам отыр. Оның біреуіне өлім жазасы кесілген екен. Бірақ оның төрт баласы болғандықтан, президенттің өзі тікелей араласып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырған.

Сонымен бірге Австрияда екі Қазақстанның азаматы жоғарғы сортты ұнды героин деп сатқаны үшін тоғыз жыл бас бостандығынан айырылып, абақтыда отыр екен.

Жалпы халықаралық тәжірибе бойынша, Сингапур, Пәкістан, Қытай, Иран және Тайланд елдерінің заңнамалары есірткі қылмысы бойынша жазаның барынша ауыр түрлерін қоланып, тіпті өлім жазасы да көзделген екен.
XS
SM
MD
LG