Accessibility links

Қызылжар өңіріндегі кеденде бір жарым центнерден астам есірткі тәркіленді


Кеден қызметкерлері 160 кг есірткіні тәркіледі. Петропавл, 27 қаңтар, 2009 ж.
Кеден қызметкерлері 160 кг есірткіні тәркіледі. Петропавл, 27 қаңтар, 2009 ж.

Солтүстік Қазақстан облысының "Жаңажол" кеден бекетінде қаңтардың 26-сынан 27-сіне қараған түні үлкен көлемде ұсталған есірткінің 50 келісі - жоғары сапалы героин, 110 килограмы – гашиш. Қызылжар өңірінде мұндай аса ірі көлемдегі есірткі алғаш рет қолға түсіп отыр.

Көлік жүргізушісі - 53 жасар Қырғызстан азаматы бұған дейін де бірнеше рет Литвадан автокөліктер тасымалдаумен айналысыпты. Өз айтуынша, осы жолы оны бейтаныс біреу автокөлік тасымалдайтын бос машинаны Литваға дейін жүргізіп баруға жалдап, екеуара келіскені жайында сенімхат та жазып берген. Сенімхат көлік жүргізушісі жолға шығардан екі күн бұрын ғана жазылыпты. Ал көлік иесі оны Мәскеуде қарсы алмақ болған.

Сөйтіп, Қырғызстаннан Литваға бет алған көлік бір шекарадан еш кедергісіз өткен. Есірткі тасымалдаушы Ресейдің Қорған облысына шығар "Жаңажол" кеден бекетінде қолға түсті.

Қазақстандық кеденшілерді есірткінің көлемі емес, қымбат тауар жасырылған қойманың өте қарапайым жасалғандығы таң қалдырып отыр. Қойма автокөлік тасымалдайтын машинаның үстіңгі платформасында жасалыпты. Көлікке есірткі жасырылғандығын сканерден өткізбей-ақ анықтауға болар еді, дейді кеденшілер.

Облыстық кедендік бақылау департаментінің бөлім бастығы Ғомар Самаратов жасырын қойма қолдан жасалғанын айтады.

«Оны қолдан жасап, қаңылтырды бояғаны көзге ұрып тұр. Біздің кеденшілердің көзіне бірден түскені – есірткі жасырылған қойманың қаңылтырындағы бояу мен көліктегі бояудың айырмашылығы. Неге істелгендігін және қашан істелгендігін анықтау үстіндеміз», - деді кеден қызметкері.

11 темір қорапшаға ұқыпталып салынып, скотчпен жапсырылған героин мен гашиштың құны, мамандардың айтуынша, Ресейдің "қара базарында" бір миллион долларға бағаланады екен. Көлік жүргізушісі қырғыз азаматы болса машинада есірткі барын білмегенін айтып азар да безер болып отыр. Бір атап өтерлігі, кедендік тексеру кезінде өзін тым еркін ұстаған ол тексерістен еш кедергісіз өтетіндігіне сенімді болыпты.

Ғомар Самаратовтың айтуынша, қырғызстандық азамат өзінің бұл қылмысқа қатысы жоқтығын дәлелдей алмаса, қалған өмірін түрмеде өткізуі мүмкін.
XS
SM
MD
LG