Accessibility links

Қызылжардағы ботаникалық бақтың бағы тайды, енді сатылып кететін түрі бар


Ботаникалық бақтағы сирек кездесетін өсімдіктер
Ботаникалық бақтағы сирек кездесетін өсімдіктер

Петропавл қаласы ботаникалық бақсыз қалуы мүмкін. Өйткені энергетиктер алдындағы қарызы екі жылдан бері бастан асып кеткен. Ботаникалық бақты сот орындаушылары сатып жібермекші.

Бірақ соның өзінде түскен ақша энергетиктер үшін жұқ та болмайтын түрі бар. Ботаникалық бақтың қарызы бүгінде шамамен 2 миллион теңгедей.
Сондықтан оның басшысы Равиль Рязаповтың пәтерін де қаттап-шоттап тастаған сот орындаушылары оның жеке баспанасын саудаға қоймақшы. Себебі, экологиялық орталық «Рязапов и К» толық серіктестігіне қарайтындықтан, серіктестік басшысы заң бойынша өз мүлкімен де жауап беруге тиіс екен.

«Біздің үйдің есігі кімге болсын әрқашан ашық. Үйге сот орындаушылары келгенде де ашық тұрған. Олардың пәтерді хаттауға келгенін естігенде, әрі-сәрі күйге түстік. Содан кейін әйелім екеуміз ұрсысып, төбелесуге дейін бардық» дейді Равиль Рязапов.
Ол сот шешімін орындауды келесі жылғы наурыздың 1-іне дейін шегере тұруды сұрап, экономикалық сотқа жүгінді. Сот қарашаның 13-інде шешім шығарып, оның өтінішін қанағаттандырмай тастады. Экономикалық сот төрағасы Амандық Қанбаевтың айтуынша, себебі – сот шешімін орындауға ешқандай кедергі жоқ және жауапкер мүлкінің тұтқындалуына байланысты бірден азаматтық сотқа шағымданбаған.
Петропавл қаласындғы ботаникалық бақтың директоры Равиль Рязапов


Равиль Хасанұлының ендігі үміті - ботаникалық бақты жергілікті әкімдік өз балансына алады деген сенім ғана. Өйткені бұған дейін жергілікті билік бақты қалалық әкімдіктің коммуналдық меншігіне өткізу туралы шешім қабылдаған-ды. Бірақ сол шешім осы күнге дейін қағаз жүзінде қалып келе жатыр. Қалалық әкімдіктің ботаникалық бақ пен оның директорының мүлкін тұтқыннан босату, мұрсат бере тұру туралы өтініштеріне «Солтүстік Қазақстан энергия Петропавл» серіктестігі құлақ асар емес.
Кәсіпорынның баспасөз хатшысы Вячеслав Савенков «Сот шешімінің орындалуын күтеміз, оған дейін жарық пен жылуды шектейміз» дейді. Бұған дейін Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарып келген қала әкімінің орынбасары Тотыкамал Құлжанованың осы мәселеге қатысты пікірін білу мүмкін болмады.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген агрономы, биолог ғалым, осы ботаникалық баққа 45 жылын сарп еткен Равиль Хасанұлы Рязапов бүгінде өз еңбегінің зая кеткеніне налиды. Мұндай бақ республикада екеу-ақ: бірі – Алматыдағы академиялық бақ, екіншісі – осы. Бұл оранжереяда әлемнің әр түкпірінен әкелінген бір мыңнан астам сирек өсімдіктер бар.
Петропавлдағы ботаникалық бақтың көз тартар көрінісінің бірі.


Әлемді түгел дерлік шарлап шыққан Равиль Рязапов әр сапарынан осындай өсімдіктер ала келетін. Кезінде Петропавл ет-консерві комбинатына арналған көкөніс өсіру үшін ашылған бақ кейінгі күнде қан-жынның арасында жүрген жұмысшылардың демалыс орнына айналған-ды. Оранжереяның мақтанышы – пальмалар, мұнда тіпті 200 жылдық құрма пальмасы да бар. Магнолия, сакура, апельсин, агава, юкка деген неше түрлі өсімдіктің бәрі осы жерден табылады. Бірақ аса бағалы деген осылардың бәрін аукционнан сатып жіберген күннің өзінде де одан түскен ақша қарызды жабуға жетпейді екен.
Ботаникалық бақтың мұншалықты қарызға батуына оның мемлекеттік тапсырыстан қағылуы себеп болды.


Бұрын мұнда білім мекемелеріне арналып гүл өсірілетін, оқушылар мен студенттерге экологиядан қосымша сабақтар өтетін. Қазір мұның бірі де жоқ. Бұрынғы қызметкерлерден қалғаны өз ісіне жан-тәнімен берілген бес адам ғана. Ботаникалық бақ саяхаттар есебінен күн көруге тиіс. Экскурссия құны – 50 теңге ғана.
Петропавлдағы ботаникалық бақты тамашалаушылар, 13 қараша, 2008 жыл

Ботаникалық бақтағы сирек өсімдіктер қураудың аз-ақ алдында тұр. Себебі энергетиктер мұнда жарықты мүлдем өшіріп тастаған, ал жылу шектеулі мөлшерде ғана беріледі. Талап бойынша мұнда +18 болуы керек болғанымен, термометр +10-нан көтерілмейді.
Мұндай жағдайда өсімдіктер өліп қалуы мүмкін. Равиль Рязапов: «Кейде осының бәрі маған ғана керек пе деп ойлаймын. Өлсе, өле берсін деп, қайғырып, өкініп, қояр едім. Бірақ сот орындаушыларының баса-көктегенінен жаным түршікті» дейді.
Облыс бойынша соттар әкімшісі Абай Мамитов: «Ботаникалық бақ халыққа қажет. Сондықтан оны сақтап қалуға тырысқан жөн. Сататын болсақ, баяғыда-ақ сатып жіберер едік. Бірақ біз облыс әкіміне хат даярлап жатырмыз, онда ботаникалық бақты әкімдіктің балансына алуды тездетіп, қарызын жабуды өтінеміз. Тіпті болмаса, ботаникалық бақты сатсақ та, сот шешімін орындауға мәжбүрміз» дейді.
Бірақ бұл мәселе қашан шешілері белгісіз. Жергілікті тұрғындар оған дейін, әйтеуір, ботаникалық бақтағы өсімдіктер мүлдем солып қалмаса болғаны деп, демдерін іштеріне тартып отыр.


XS
SM
MD
LG