Accessibility links

Петропавлда қала күнін мерекелеу кезінде жарылыс болды

  • Аруна БУЛАТОВА

Петропавл қаласында 2009 жылы 6 шілдеде болған жарылыс.

Петропавл қаласында 2009 жылы 6 шілдеде болған жарылыс.

Мерекелік отшашудың алғашқы дүркіні аспанға самғап жарылғанымен, он секундтан соң снарядтар мерекені тамашалауға келген халыққа, тұрғын үйлерге, көшеге қарай атылды. Жәшіктегі пиротехника өздігінен жарылып, бірнеше адам жараланды.

Ресми мәліметке сүйенсек, 4 адам жараланған, оның бірі – пиротехниктің өзі. Ол бас жарақатымен және күйікпен 3-ші қалалық аурухананың нейрохиругия бөлімшесіне жеткізіліп, бірден медициналық көмек алған. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің бәрі де қазір үйлерінде.

Отшашу болған жерге таяу орналасқан, жуырда ғана бой көтерген «Рахмет» дүкенінің қасбеті сыдырылып түсті. Сол маңайдағы үйлер мен дүкендердің, әкімшілік ғимараттарының, соның ішінде қалалық әкімдіктің де терезелерінің быт-шыты шықты. Зардап шеккендер, негізінен, бастарына саудырай құлаған шыныдан жарақат алған.

«Отшашу басталған кезде, біз үйде едік. Бір кезде сатыр-сұтыр бір дыбыс естілді. Келіп қарасақ, тереземіз сыныпты. Шыны сынықтары астымыздағы дүкеннің төбесінде жатыр» дейді қала тұрғыны Виктор Попп.

Тағы бір тұрғын Нина Степанова: «Біздің үйдің бір бөлмесіндегі терезенің жақтауы түп-орнымен ұшып кетті. Үйдің іші де, сырты да толған шыны» дейді.

Төтенше оқиғаның куәгері Лев Карташов: «Әйелім далада отшашуды тамашалап тұрған, бір снаряд оның құлақ тұсынан зу етіп өте шықты. Ал мен есік алдында тұрғам. Жарылыс толқыны маған дейін жетті» дейді.

Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Сергей Пуртов жарылыс болысымен полиция жылдам қимылдап, оқиға орнын бірден қоршауға алғанын айтады.

Полицейлер таң атқанын күтпестен, түн ішінде үй-үйді аралап, шығындарды есептей бастады. Қатты қорқып қалған жұртшылық көпке дейін тарамай, болған оқиғаны әңгімелеумен болды.

Отшашуды ұйымдастырған жеке меншік фирмалардың бірінің пиротехнигінің айтуынша, екі жарылыс болған, снарядтар күтпеген жерден жарылған. Оның себебі әлі нақты анықталған жоқ. Пиротехниканы кім шығарғаны да белгісіз. Оны қазір полиция анықтап жатыр.

Тұрғындардың шығындары кімнің есебінен өтелетіндігін әлі ешкім айта алмай отыр. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мәліметтері бойынша, қалалық ішкі істер басқармасына әзірге 15 адамнан материалдық шығынға ұшырағандары туралы арыз келіп түскен.

Биыл Петропавл қаласының күні әдеттегідей 12 шілдеде емес, 6 шілдеде тойланды. Оған қала әкімінің кеңесшісі Валерий Лопатко қаланың құрылған күні 6 шілде екені туралы тарихи құжаттарды тапқаны туралы мәлімдемесі себеп болды. Бұған дейін бұл мереке христиандардың басқа мерекесі - әулие Петр мен Павелдің күніне орайластырылып, жылда 12 шілдеде тойланып келген-ді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG