Accessibility links

Доңыз тұмауы Қызылжар өңіріне де жетті


Вирусолог-дәрігер сырқаттың анализін жаңа технология бойынша тексеруде. Петропавл, 6 тамыз 2009 жыл.
Вирусолог-дәрігер сырқаттың анализін жаңа технология бойынша тексеруде. Петропавл, 6 тамыз 2009 жыл.

Ұлыбританияға барып келген петропавлдық үш оқушының бірінен доңыз тұмауы анықталды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында үйінде ем алып жатыр. Билік жұртшылықты абыржымауға шақырды. Дәріханаларда кейбір заттардың бағасы қымбаттаған.


ДӘРІГЕРЛЕР БАЛАҒА ДОҢЫЗ ТҰМАУЫНЫҢ ЖЕҢІЛ ТҮРІ ЖҰҚҚАНЫН АЙТАДЫ

Петропавлдағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын «Бэст» гимназиясының үш оқушысы шілденің 5-і мен тамыздың 2-сі аралығында Ұлыбританияның Глостершир графтығындағы Челтонхем қаласында тіл үйрену курстарында болған. Олар тамыздың 3-і күні Ресейдің Мәскеу, Омбы қалалары арқылы ұшақпен, одан соң Петропавлға таңертең өз көлігімен жеткен. Келгеніне 2-3 сағат өтер-өтпесте жеткіншектердің біреуінің тамағы қызарып, дене қызуы көтеріліп, жиі жөтеліп қалалық емханаға баруға мәжбүр болған.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бастығы Қайырғали Есенеевтің айтуынша, бала пандемиялық тұмау кең тараған елден келгендіктен, денсаулығы тексерілген, нәтижесінде оның доңыз тұмауына шалдыққаны анықталған.

Зерттеу қорытындылары ұшақпен Алматы қаласындағы республикалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жіберілген. Тамыздың 5-і күні баланың осы ауруды жұқтырғаны расталды. Қазір бала үйінде ем қабылдап жатыр. Оның аты-жөні жарияланбайды. Қайырғали Есенеев баланың доңыз тұмауының жеңіл түріне шалдыққанын айтады:

- Бала өз үйінде жеке бөлмеде, ешкіммен араласпайды, оқшауландырылды, бөлмесіне шешесінен басқа ешкім кірмейді. Онымен араласқан адамдардың бәрі бақылауда. Олардың саны жетеу: екеуі – өзімен бірге оқып келген 2 бала және үйіндегі 5 адам. Қазір аурудың алдын-алу шаралары жүргізілуде. Науқастың жағдайы қазір қанағаттанарлық, дене қызуы жоқ. Ем қабылдап жатыр. Емделу ұзақтығы – 7 күн. Енді 5 күннен кейін айығып кетеді деп отырмыз. «Тамифлю» препараты оған тегін берілді. Облыс қорында осы дәрінің 100 қорабы бар.

ҚАЛАДА БЕТПЕРДЕ ТАҚҚАН АДАМДАР ЖИІ ҰШЫРАСА БАСТАДЫ

Шет елге барып келген баланың диагнозы анықталған тамыздың бесі күні кешке облыс әкімі Серік Біләлов денсаулық саласына жауапты адамдарды жинап, жабық есік жағдайында кеңес өткізді. Онда өңірдегі пандемиялық тұмауға қарсы шараларды күшейтіп, жағдайды жақсарту туралы тапсырмалар берілді.

Облыс әкімі бүгінде жағдай бақылауда, абыржудың еш қисыны жоқ екенін айтады. Бірақ тұрғындардың көбісін бұл ақпарат абыржытып тастады. Бірқатар мекемелер сақтық шараларының қамын жасауға кірісіп те кетті.

«Казкоммерцбанктың» Петропавлдағы бөлімшесінің қызметкері бетперде тағып жұмыс істеуде. 6 тамыз 2009 жыл.
Мәселен, қазіргі уақытта Петропавлдағы «Казкомммерцбанк» филиалының қызметкерлері клиенттерімен маска киіп жұмыс істейді. Темір жол вокзалындағы тәртіпті күзететін «Барс» күзет агенттігінің қызметкерлері де бетперде киген. Көшеде, қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустардағы кейбір адамдар сақтанып, аузы-мұрнын дәкемен тұмшалап алған.

Солардың бірі Гүлзия Амандосова кәдімгі тұмаудан қалай қорғансақ, бұдан да солай, бетперде тағып, оксолин майын жағып сақтану керектігін айтады. Біз әңгімеге тартқан қала тұрғыны Ләззат Жолаушина доңыз тұмауының белең алып бара жатқанына байланысты, әсіресе балабақшадағы баласы үшін алаңдайды екен. "Алдымен, сондай мекемелерді бақылауға алса екен» дейді ол.

Ал тағы бір тұрғын Марат Озғанбаев: «Бұл тұмаудан қорқатын несі бар? «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан балаларымыз қорықпағанда, біз несіне абыржимыз?» дегенді айтты.

Аты-жөнін айтқысы келмеген қаланың тағы бір тұрғыны бұл тұмаудан төніп тұрған еш қауіп жоқ, мұның бәрі жұртты қорқытып, белгілі бір дәрі-дәрмекті көптеп өткізу есебімен жасалып жатқан әрекет деп санайтын күдігін жеткізді.

- Соған мемлекет миллиондап ақша бөліп жатыр. Шын мәнісінде, қорқатын түгі де жоқ, кәдімгі тұмау. Енді адамдар тек қана доңыз тұмауынан көз жұмып жатқандай етіп көрсетіліп жатыр. Шындығында, атам заманнан бері келе жатқан кәдімгі тұмаудан адам өмірі қиылмап па? Одан да көз жұмғандар көп қой.

ДӘРІХАНАЛАРДА КЕЙБІР ЗАТТАРДЫҢ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАҒАНЫ БАЙҚАЛАДЫ

Жергілікті билік тұмауға қарсы пайдаланылатын заттардың бағасы бақылауда деп хабарланғанымен, олардың кейбіреуі бұрынғыдан қымбатырақ бағамен сатылып жатыр. Мәселен, Петропавлда масканы үкімет белгілегендей 20 теңгеден емес, 50 теңгеден сатып жатқан дәріханалар да бар. Қала тұрғыны Ләззат Қожабекова туберкулез диспансеріне келгендерді осындай маскасыз кіргізбейтінін және оны сол жерден 50 теңгеге сатып алғанын айтады.

Дәріханалар анықтамасында жұмыс істейтін Рима Плетнева дәріханалар анықтама қызметіне қолда бар дәрі-дәрмегі мен оның құнын ұдайы хабарлап отыратынын, сол ақпарат бойынша дәрі-дәрмектің Үкімет белгілеген бағаларға сәйкес екенін және тұмауға қарсы дәрі-дәрмектер жеткілікті екенін айтады.

- Үкімет бағаны белгілеп берді ғой, біз оны қалай өзгерте аламыз? Бірақ біз қоңырау шалған адамға сұраған дәрісінің қай дәріханада бар екенін, бағасы қандай екенін ғана айтамыз. Дәрі-дәрмекті өзіміз сатпаймыз. Дәріханалар қандай бағамен сатып жатқанын біз білмейміз.

Қаладағы дәріханалардың бірінің меңгерушісі Зәуре Өтенова: «Біздің дәріханада бәрі де бар, бағасы да шектеулі. Тұмауға қарсы дәрілер бұрын қалай сатылса, қазір де солай сатылып жатыр, жаппай сатылып кетті деп айта алмаймын. Сондықтан дүрбелең туғызудың қажеті жоқ» дегенді айтты. .

Дегенмен, дәрігерлер доңыз тұмауынан қалай қорғану керектігін қайта-қайта еске салып жатыр. Бұрын 3 апта бойы зерттелетін анализдер қазір жаңа технология бойынша 6 сағаттың ішінде дайын болады. Дәрігерлер, әсіресе, шет елге барып келгендерді ауру белгілері байқала салысымен, дәрігерге қаралуға шақыруда.

Санитарлық қызмет дәрігерлерінің таратқан мәліметі бойынша, тамыздың 4-і күні тағы 21 петропавлдық бала Лондон-Стамбул-Астана рейсімен тіл үйрену курстарынан ұшып келді. Олар да бақылауға алынды. Әзірге олардан ауру белгілері анықталғандығы туралы ақпарат жоқ.
XS
SM
MD
LG