Accessibility links

Айыппұл салынған зауыт басшылығы прокуратураның әрекетінен сезіктенеді

  • Аруна БУЛАТОВА

Ауылшаруашылығы техникасы зауытының жұмысшылары еңбек кезінде. Петропавл, маусым, 2009 ж.

Ауылшаруашылығы техникасы зауытының жұмысшылары еңбек кезінде. Петропавл, маусым, 2009 ж.

Петропавлдың прокуратурасы ауылшаруашылық зауытының әкімшілігі еңбекақы төлеуді кешіктіріп, Еңбек кодексінің бұзған деп мәлімдеді. Кәсіпорын басшылығы бұл айыптар ойдан шығарылған дейді.

«ЕҢБЕКАҚЫ ДА, ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ЖАҒДАЙ ДА, ЖҰМЫС КИІМІ ДЕ ЖОҚ»

Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Ерсайын Рамазановтың журналистерге айтуынша, жыл басынан бері ауылшаруашылығы зауытында жұмысшыларға еңбекақы уақытында төленбей келген. Оның дерегі бойынша, зауыттың еңбекақы үшін жұмысшыларға берешегі 5,5 миллион теңгеден (шамамен 37 мың доллар) асқан, және де бұл қарыз соңғы тоқсанда жиналып қалған.

Прокуратурадағылар жұмысшыларға еңбекақыны төлеуге кәсіпорынның шамасы болған деп санайды. Кәсіпорын басшылығы зауыт жұмысшыларының 4 ай бойғы жұмысын бар болғаны 5 мың теңгеге (33 доллар шамасында) бағалаған дейді Ерсайын Рамазанов.

Ал бұл уақытта зауыт жұмысы тоқтамаған: шығарылған өнімдер тұтынушыларға сатылып отырған. Оның дәлелі ретінде прокуратура кәсіпорынның есеп-шотында ақша болғандығын алға тартады. Салықтар мен зейнетақы төлемдерін дер кезінде аударып отырған зауыт
Ауылшаруашылығы техникасы зауытында қалалық саябақ үшін жасалған Александр Пушкиннің мүсіні. Петропавл, маусым, 2009 ж.
еңбекақыны төлеуге асықпаған дейді прокуратура өкілі. Сол үшін зауыт басшылығы еңбекақыға тиесілі берешекті жұмысшыларға төлеу туралы прокуратураның ескертуін алды. Қылмыстық іс қозғалды.

Бұған қоса, зауыттағы еңбек жағдайы талаптарға сай емес, өрт қауіпсіздігі ескерілмеген, сантехникалық құрал-жабдықтардың әбден тозығы жеткен деп атап өтті прокурор Ерсайын Рамазанов.

Оның айтуынша, жұмысшылар ең соңғы рет жұмыс киімін 2007 жылы алғанын айтқан көрінеді. Оның үстіне зауытта жұмыс киімдерін жуатын орталықтандырылған арнайы орын болмағандықтан, жұмысшылар жұмыс киімдерін үйде жууға мәжбүр болған. Ал санитарлық талаптар бойынша, жұмыс киімін үйде жууға тыйым салынған.

«ПРОКУРАТУРА ЗАУЫТТЫ ЖАБУДЫ МАҚСАТ ЕТЕДІ»

Прокурор Ерсайын Рамазанов кәсіпорынды тексеру кезінде зауыт директорының орынбасары Виктор Штейнгауэр өзінің қарамағандағы адамды жәбірледі деп отыр. Сол қылығы үшін Виктор Штейнгауэрге сот шешімімен 10 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК=1273 теңге, 10 долларға сәл жетпейді) көлемінде айыппұл салыныпты.

Виктор Штейнгауэрдің өзі соттың шешімімен келіспейтіндігін айтып, облыстық сотқа апелляциялық шағым беріпті. Оған қоса, ол зауытта еңбекақыны төлеуге қатысты ешқандай проблема жоқ деп мәлімдеді.

«Прокуратура не десе, о десін, онда менің шаруам жоқ. Өздері келіп, біздің кәсіпорында қалай тайраңдағанын айтпай-ақ қояйын. Жұмысшыларды тілдерінен тартып, шағым жинады, журналистерді алып келді. Биылғы жылы біз, дағдарысқа қарамастан, бірде бір адамды жұмыстан қысқартқан жоқпыз. Ол былай тұрсын, біз 15 адамды жұмысқа қабылдадық. Осының бірін де неге ешкім айтпайды? Өйткені, бұл іс-әрекеттердің бәрі кәсіпорынды жауып тастауға және қалалық саябақты жаңарту жұмысына жарияланған тендерді бізден басқа кәсіпорынға алып беруге бағытталған шаралар. Сол тендер өткен соң-ақ, көр де тұр, бәрі саябырсиды», - деді зауыт директорының орынбасары Виктор Штейнгауэр Азаттық радиосына.

АЙЛЫҚ ЕҢБЕКАҚЫ – 89 ДОЛЛАР

Ресми деректер бойынша, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ауылшаруашылық құрылымдарының қол астындағыларға еңбекақы үшін берешегі 72 миллион 172 мың теңгенің (481 мың доллар шамасында) құрайды екен.

Оның ең көбі «СП Трансавто» серіктестігінде. Онда жұмысшыларға 28,8 миллион теңгеден (187 мың доллар) астам ақша төленбеген.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізген тексерістер барысында жұмысшыларына елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінен де аз еңбекақы белгілеген кәсіпорындар анықталған. Мәселен, «Киевский Север» серіктестігінің басшылығы жұмысшыларға 13360 теңге (89 доллар шамасында) еңбекақы төлеп келген. Сондай-ақ, қадағалаушы органдар облыстағы «Надежда Север Богви», «Менжинский» және басқа серіктестіктерде дәл осындай жағдай қалыптасқанын анықтапты.

Солтүстік Қазақстан облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бас мемлекеттік инспекторының міндетін атқарушы Анатолий Волковтың айтуынша, облыстағы «Богви» серіктестігінің басқаруындағы 11 кәсіпорын өткен жылмен салыстырғанда жалақы мөлшерін әжептәуір төмендеткен.

Былтыр орташа еңбеккақы 20992 теңге (шамамен 140 доллар) болса, биыл 16695 теңгені (110 доллар шамасында) құрайды екен.

Жыл басынан бері облыста еңбекақыны уақытында төлемеуге қатысты 93 оқиға анықталған.
XS
SM
MD
LG