Accessibility links

Петропавлдағы №2 мектептің жабылатындығына ата-аналар қарсылық білдіріп жатыр

  • Аруна БУЛАТОВА

№2 мектептегі дайындық сыныбының шәкірттері. Петропавл, шілде, 2009 ж.

№2 мектептегі дайындық сыныбының шәкірттері. Петропавл, шілде, 2009 ж.

Петропавл қаласындағы №2 орта мектеп жабылатын болды. Ата-аналары балаларын басқа мектепке ауыстыруға әрекеттенуде. 58 ұстаз жұмыссыз қалудан қорқып отыр.

Мектеп директоры Людмила Буйнова мектептің жабылатыны туралы шешімді шілденің 3-інде алыпты. Шешімде №2 мектепті басқа мектепке біріктіру туралы айтылған.

Людмила Буйнованың айтуынша, ұстаздарды жұмысқа орналастыру жөнінде шаралар жоспарын әзірлеу жүктелген.

Людмила Буйнова, №2 мектептің директоры. Петропавл, шілде, 2009 жыл.
Мектептің жабылатыны туралы ата-аналар жиналысында айтылған жаңалық мектеп мұғалімдері мен осы мектепте оқитын балалардың ата-аналарының наразылығын туғызды.

Биыл осы мектепте бірінші сыныпты бітірген Динараның анасы Анар Далабаева басқа қазақ мектептерінде орын жетіспегендіктен қызын №2 мектепте өткен жылы ғана ашылған қазақ сыныбына бергенін айтады.

«Егер бар болғаны бір жылдан кейін жабуды жоспарласа, онда несіне былтыр бұл мектептен қазақ сыныбын ашты? Бір мектептен екіншісіне көшіп жүрген бала не білім алады?» - деп кейіс білдірді Азаттық тілшісімен әңгімеде Анар Далабаева.

Оның айтуынша, ата-аналар жиналысында балаларды қаладағы өзге мектептер қабылдайды деп хабарланғанымен, ол мектептегілер жаңадан баратын балаларға орын жетіспейтіндігін айтыпты.

«№7-ші мектептегілер: «Біз басқа мектептің балаларын алып, өзгелердің қателерін түзегіміз келмейді» деп ашып айтты. Енді қайда барамыз? Біз балаларымыз оқып жатқан сыныптың осы құрамда қалғанын қалаймыз. Басқа мектепке ауыстырсақ, олай болмайын деп тұр. Біздің ауданда №2 мектептен басқа білім ордасы жоқ. Басқаларының бәрі бізге алыс. Екі автобупен әрең жетеміз. Қыста балаларымызға қалай болады?» - деп алаңдайды бір ана.

№2 мектеп оқушыларының ата-аналар жиналысы. Петропавл, шілде, 2009 жыл.
Мәриям Сейпілова баласын жалғыз өсіріп жатыр екен. Ол өзі баласына дәл осындай мектепті табу өте қиын болатынын айтады.

«Маған осы мектеп өте ыңғайлы еді. Мұнда балам қосымша сабаққа қалып кешкі сағат 6-ға дейін бола алады. Өзім кешке дейін жұмыстамын, сондықтан оған алаңдамаушы едім. Асханасы да жақсы. 1-ші сыныптан бастап ағылшын тілі, информатика оқытылады», – дейді Мәриям Сейпілова.

Биыл мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, құлпыра түсті, демеушілердің және ата-аналардың қаржысына балалар алаңы салынды дейді ол.

Ата-аналардың айтуынша, олар наразылық шарасын ұйымдастырмақшы болыпты.

«Бірақ мектеп директоры бәрін де заң аясында істеу керек екенін түсіндіріп, наразылық шарасын өткізуге рұқсат алу керек екенін айтты. Қажет болса біз үіметке, президентке, тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының көмегіне жүгінуге әзірміз», – дейді ата-аналар.

Мектеп директоры Людмила Буйнованың айтуынша, бұл мектепте 1043 бала оқиды. Былтыр жаңадан қазақ сыныбы ашылған, биыл күзде басталатын жаңа оқу жылына тағы балалар қабылдап қойыпты. Оның үстіне 4 даярлық сыныбын да ашыпты.

Оған қоса мұнда мүкістігі бар балаларға арналған түзету сыныбы да жұмыс істейді екен. Түзету сыныптарында сабақ беретін арнайы мамандар да бар. Мектепте 3 бірдей жоғары білімі бар мұғалімдер де жұмыс істейді екен. Енді солардың барлығы, 58 адам, жұмыссыз қалайын деп отыр.

Петропавл қалалық білім бөлімінің бастығы Гүлжан Алтынбекова Азаттық радиосына осы жабылатын №2 орта мектептің ғимараты облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтына берілетіндігін айтып берді.
«Біз Білім және ғылым министрлігінен ғимараттар мен алаңдарды тиімді пайдалану және оңтайландыру керектігі туралы хат алдық. Ал облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының ғимаратсыз жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Сондықтан №2 мектептің ғимаратын осы институтқа беру туралы шешім қабылданды. Ал оқушылар қаладағы басқа мектептерге орналастырылады. Олар үшін жаңадан автобус бағыттары да ашылады», – деді ол.

Ал №2 мектептің мұғалімдеріне келсек, олардың барлығы зейнет жасына жеткен ұстаздарды алмастырады деді Гүлжан Алтынбекова. Білім бөлімінің деректері бойынша, қазіргі уақытта Петропавл қаласындағы мектептерде 236 зейнеткер ұстаздар еңбек етеді екен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG