Accessibility links

Ата-аналар, оқушылар мен ұстаздар мектепті жабылудан қорғап қалды

  • Аруна БУЛАТОВА

Облыстық білім басқармасының бастығы Темірғали Әбілмәжінов (сол жақта), қала әкімінің орынбасары Ғалия Балтабаева (орта), қалалық білім басқармасының Гүлжан Алтынбекова (оң жақта) №2 мектептің жабылмайтындығы туралы шешімді хабарлады. Петропавл қаласы.

Облыстық білім басқармасының бастығы Темірғали Әбілмәжінов (сол жақта), қала әкімінің орынбасары Ғалия Балтабаева (орта), қалалық білім басқармасының Гүлжан Алтынбекова (оң жақта) №2 мектептің жабылмайтындығы туралы шешімді хабарлады. Петропавл қаласы.

Петропавлда жұртшылықтың наразылығынан соң жергілікті билік қаладағы №2 орта мектепті жабу туралы алдыңғы шешімінің күшін жойды. Ата-аналар мен шәкірттердің қуанышында шек жоқ. Мұғалімдер ұжымы бұл проблема шешімін тапқанша қатты қажығандарын айтады.

Петропавл қаласындағы №2 орта мектептің жабылатыны туралы ресми шешім мекеменің директоры Людмила Буйнованың қолына шілденің 3-і күні тигені туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған болатын. Оқушылардың ата-аналары балаларын басқа мектепке орналастыруға тырысып көрді. Ал жабылатын мектептің ғимаратын облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтына беретін болып жоспарланған еді.

Облыстық білім басқармасының бастығы Темірғали Әбілмәжінов мектепте оқитын бала саны аз болғандықтан оны тарату туралы шешімді қабылданды деп түсіндірді. Ал облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының бір жерден екінші жерге көшіп-қонып ғимаратсыз жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Бұл осы облыстағы білім мекемелерінің арасында ғимаратсыз жүргені жалғыз мекеме.

№2 мектептегі дайындық сыныбының шәкірттері. Петропавл, шілде, 2009 ж.
Осыған байланысты №2 орта мектептің ғимаратын облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтына беру ұйғарылды. Бірақ қала әкімдігінің қаулысы ұстаздар қауымы мен мектеп шәкірттерінің және ата-аналардың наразылығын туғызған соң, жергілікті билік мектепке тиіспей, бұрынғы қалпында қалдыруды жөн деп тапты.

Бұл жаңалықты естігенде, әсіресе ата-аналар мен оқушылардың қуанышында шек болған жоқ. Мектепті жабуға қарсылық білдірген бастамашыл топтың мүшесі, облыстық драма театрының актері Владимир Шустов ата-аналардың қарекетінен нәтиже болғанын атап айтты:

«Мен ата-аналардың наразылық білдірген хатын облыс әкіміне апарып берген болатынмын. Әкім хатты сол күні-ақ қарап, дұрыс шешім шығарды. Мен сонысына, біздің балаларымыздың оқу жылы толыққанды болуын қамтамасыз еткеніне, мектепті сақтап қалғанына ризамын. Ең бастысы – еңбегіміздің еш кетпегені», – деді Владимир Шустов.

Ата-аналардың тағы бірі Надежда Винокурова да Азаттық тілшісімен әңгімеде өз қуанышымен бөлісті:

«Құдайға шүкір, мектебіміз өз орнында қалды. Биыл мектептің 90 жылдығы еді, енді шілденің 14-ші жұлдызын мектебіміздің екінші рет дүниеге келген күні деп есептеймін».

Педагогтардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтына мұғалімдер ең көп дегенде 10 күнге келіп-кетеді. Ал оқушы балалар мектепте күн сайын, жыл бойы барады, сондықтан бұл ғимаратқа біз қатты мұқтажбыз дейді ата-аналар. Мектептің жабылатындығы туралы шешімді өзгерту үшін ата-аналар наразылық акциясын өткізуге де бел буған еді.

Шәкірттер болса мектепті жабуға өздерінің наразылығын әкімдік ғимаратының алдындағы баспалдаққа жайғасып отырып алып білдірмек болғандарын айтады.

Жалпы, бұл күні мектеп орналасқан Черемушки ауданындағы барлық тұрғындардың көңілі шат-шадыман күйде болды. Көшеде, дүкенде, аулада кездесіп қалған адамдар бір-бірінен сүйінші сұрап, құшақтасып, қуаныштарын бөлісіп жатты. Барлығының айтыныны – №2 мектептің жабылудан аман қалғандығы туралы жаңалық.

Әйткенмен, мектеп директоры Людмила Буйнова бастаған мұғалімдер ұжымының жүзінде асып-тасыған қуаныштан гөрі қажудың ізі байқалады.

«Осы проблема туындаған сәттен бастап шешілгенге дейінгі уақыт аралығында біздің құр сүлдеріміз ғана қалды. Мектепті қалдырса қуанышымызда шек болмас деп ойлап едік, олай болмай шықты, қатты шаршағандықтан болар», - деді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG