Accessibility links

Қызылжардың темір жол кәсіпорындарындағы мемлекеттік тілдің мүшкіл жағдайы

  • Аруна БУЛАТОВА

Петропавлдың темір жол вокзалы. 28 қаңтар 2009 ж.

Петропавлдың темір жол вокзалы. 28 қаңтар 2009 ж.

Оңтүстік-Орал темір жол вокзалында, Петропавл станциясы мен Вагон, Локомотив деполарында Қазақстанның тіл заңнамасының талаптары сақталмайды. Облыстық көлік прокуратурасы мен тілдерді дамытудың облыстық басқармасы бірлесіп өткізген тексеріс бірқатар кемшіліктердің бетін ашты.

Бұл кәсіпорындар, жалпы Оңтүстік-Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі, толығымен Ресей Федерациясының Жол қатынасы министрлігіне қарайды. Сондықтан, кіріс-шығыс құжаттарының бәрі дерлік орыс тілінде жүргізіледі. Бірақ, кәсіпорын Қазақстан аумағында орналасқандықтан, тіл туралы заңнамаға бағынуға, тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған облыстық бағдарламасын орындауға міндетті.

Бұл ретте іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіру кестесі мұнда бекітілмек түгіл, мүлдем жасалмағандығы анықталды дейді облыстың көлік прокуроры Айдар Шақаров. Оның айтуынша, кәсіпорынның мөрлері мен фирмалық бланкілері де тек орыс тілінде ғана жасалған.

Ресейдің жол министрлігіне қарайтын Петропавлдағы темір жол кәсіпорындарында құжаттар орыс тілінде жүргізіледі. 27 қаңтар 2009 ж.
«Петропавл станциясы» филиалының қабылдау бөлмесіндегі маңдайшада орыс тіліндегі мәтін жоғары орналасқан, қазақшасы төмен тұрғаны өз алдына, оған қоса қате жазылған. Сондай-ақ, Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің маңдайшасында да «Российские железные дороги. Оңтүстік-Орал темір жолының Петропавл еншілес кәсіпорын бөлімің Филиалы «Петропавл станциясы» деп қате жазылғаны да қазақ тіліне жетік адамдардың назарын еріксіз бұрады. Вокзалдағы көрнекі ақпарат екі тілде жазылғанымен, әріп қателерінен көз сүрінеді. Поездардың жүру кестесіндегі қазақ тілінде жазылған мәтінде, сол секілді «Жолаушылар мен жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіздік техникасының ережелерінде» де әріп қателері өріп жүр.

Вокзал дикторлары алдын-ала жазылған хабарламаларды оқып береді, бірақ поездардың кешігетіндігі туралы құлақтандырулар тек қана орыс тілінде хабарланады. Темір жол мекемелерінің ешқайсысында аудармашы маман жоқ. Облыс орталығындағы 12 филиалы мен 3 станциясы бар кәсіпорында жалғыз аудармашы жұмыс істейді.

«Бізге бір аудармашы жеткілікті. Соның өзін Ресей темір жолы президентіне дейін хат жазып, қажет екенін қайта-қайта дәлелдеп, әрең дегенде алғанбыз. Аудармашымыз Зәуреш Тәттібаева өте сауатты. Біздің кіріс-шығыс құжаттарымыздың дені тек орыс тілінде ғана болғандықтан, оның жұмысы аса көп емес. Кейде біздің бөлімге де көмектеседі. Бұрын, қажет болған кезде, әкімдіктен аудармашы сұрап алатынбыз. Келіп-кетіп жұмыс істеп жүрген оның қателері де көп болатын. Қазір сондай қателіктерді түзетіп жатырмыз. Бланкілерге баспаханаға тапсырыс бергенбіз, ол тапсырыстың орындалуын үш ай күттік. Енді мына қателерді жоюға кірісеміз. Біз кемшілігіміз бар екенін тыңдап, түзетуге дайынбыз», - деді Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесі кадрлар бөлімінің бастығы Нина Зайцева.

Темір жол басшыларына аталған кемшіліктерді түзетуге бір ай уақыт берілді.
XS
SM
MD
LG