Accessibility links

«Ғашық еттің, ғұмырлық серік бердің...» деп жырлаған ақындар шаңырағының шаттығы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ерлі-зайыпты ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова. Алматы, 1983 жыл. Жеке қордағы сурет.

Ерлі-зайыпты ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова. Алматы, 1983 жыл. Жеке қордағы сурет.

Қазақтың қос ақыны Күләш Ахметова мен Қайырбек Асановтың шаңырақ көтергендеріне биылғы ақпан айында 40 жыл толды. Жалпы поэзия әлемінде қос ақынның бір шаңырақ астында бірге өмір сүруі терең үйлесімділікке негізделсе керек. Яғни, ақындар жұбы ғұмырдың ер мен әйел арасындағы махаббат сезімінен де биік бір тұғырларға иек артары шүбәсіз.


Осындай ойлар құшағында отбасылық кітапханамыздағы қос ақын жинақтарын ақтарыстыра бастадық. Қолымызға Ахметова - Асановтың бірлескен қос өлеңдер жинағы ілінді.

Біріншісі – «Жалын» баспасынан 1989 жылы жарық көрген «Сен жанымда жүрсең» атты өлеңдер жинағы. Мұнда негізінен ерлі-зайыпты ақынның бір-біріне, балаларына, отбасына, Отанына арналған жыр жолдары топтастырылған екен.

Осы дүние негізінде толықтырылып, өңделіп, 2006 жылы қайта жарық көрген жинақтың аты – «Махаббат». Сонымен біз осы ақындар отбасы бақытының жәдігеріндей болған «Махаббат» жинағы жайлы сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз.

Жинақ «Күләш», «Қайырбек» деп аталатын қос бөлімнен тұрады.

«МАХАББАТЫҢМЕН НҰРЛАНДЫ ТІРШІЛІГІМ!...»

Бірінші, яғни «Күләш» бөлімі «Жаратқанға жалбарыну» атты өлеңмен басталған екен. Оқи отырып ой-санамыз өз-өзінен сонау ғарыштық тылсымдарға ұмтылатындай, болмысымыз айналамыздағыларға әйтеуір бір жақсылық жасауға құлшынатындай ғажайып бір күй кештік.

«Хақ Тәңірлік қалыппен, ұлы үлгіңмен
Құзырыңда жаратқан құлыңмын мен.
Қалауыңа лайық болмыс біткен,
Әлхамдулилла, әсеммін, сұлумын мен.»

Өте Қамқор Жаратушының аса Шеберлікпен жүйелеген адам болмысындағы терең үйлесімділікке осылайша қайран қалады ақын.

Зерттеулерге қарағанда, ең соңғы заманауи технологиямен жарақтанған мамандардың өзі тіпті бір ғана адам көз құрлысының құпиясын әлі күнге, толық түрде аша алмауда. Солай!..

«Құзырыңда жаратқан құлыңмын мен», дейді Күләш ақын терең бақыттылықпен. Аллаға ғана құл болу – иманды пенденің бұл жалғанда және ең бастысы мәңгілік тұрақ, яғни о дүниеде бақытты болмағының ең басты кілті.

Себебі, бір Аллаға құл болуды намыс көрген жан мына жалған дүниеде не болса соған құл болмақ. Мысалы, жоғары лауазымды қызмет, байлық пен атақ-даңққа құл болу дегендей...

Сөйтіп, өзі де байқамастан, мынау қамшының сабындай қысқа өмірді ит қорлықпен өткізбек.

Енді жыр жолдарына бойлай отырып, Жаратқанның Ахметоваға берген нығметтерін ақынмен бірге санамалап көрейікші.

«Өмір бердің, Көз бердің, Көрік бердің,
Есім бердің, Ес бердің, Ерік бердің.
Һауа Ана, Адам ғалейхиссалам нұсқасымен
Ғашық еттің, ғұмырлық серік бердің.

Отан бердің, От бердің, Қорек бердің,
Бесігіңді тербет деп бөбек бердің.
Саясында тынықтым теректердің,
Сенің Рахымыңды медет көрдім.»

Расында, Жұмақ бақтарына ұмтылып, ұпай жинасын деп өмір берген, Ұлы Заңдылық жайлы Хабарды естісін деп құлақ, ғажайып
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Күләш Ахметова немересі Раянмен бірге. Алматы, тамыз, 2006 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Дәлелдерді көрсін деп көз берген Жаратушының әрбір сыйының қарымтасын қайтару мүмкін емес-ау, сірә.

Алайда соны қайтаруға ұмтылудың өзі, сауабын айтып жеткізгісіз, ізгі қадам екен. Себебі, бар мәселе адамның ниетінде көрінеді. Күләш ақын өз жырлары арқылы сондай қадамдарға барып отыр. Сондықтан да қаламгер:

«Шаттықпенен қарсы алам күн шығуын,
Махаббатыңмен нұрланды тіршілігім!
О, Жаратқан! Өзіңе-шүкірлігім,
Жарылқауыңа – мәңгілік құлшылығым», – дейді шүкірлік сезімдерінен болмысы нұрлана.

Ал енді мынандай сауалдың қылаң беруі мүмкін: «Дәл осы арада өмір құндылықтарын мынау қара жер бетіндегі есеп-қисаптармен ғана өлшейтін ақын болса, ондай қалам иесі шамамен қандай жырлар жазуы мүмкін? Бәлкім ондай ақын зейнеткер Ахметова зейнетақысының 20 мың теңге екенін, оқырманмен сырласып, елмен қоян-қолтық араласатын тұста денсаулық бар болғырдың аяғына «тұсау» боп тұрғанын, жарық көрмей жатқан таңдамалысының жайын жазуы мүмкін ғой?!»

Ал Күләш Ахметова жырларында Алланың жарылқауларына алғыс сезімге толы ақынның мәңгілік құлшылықтары жүрек сырындай төгіледі-ай кеп!

«Тыңдасын деп әлемнің сазын бердің,
Жырласын деп өлеңнің тәжін бердің.
О, Раббым, Сенен бөлек осыншалық
Нығметтерді мен үшін әзірлер кім?!»

Иә, бір Жаратушыға ғана тәуекел еткен қалам иесі ғана осылай десе керек. Себебі, осындай ұлы Тәуекелге бел байлаған пенде үшін ең басты мақсат – Алла ризасы үшін айналасындағыларға, қолынан келгенінше жақсылық жасап, мәңгілік рахат Өмірге сауап жинау.

«Мұндай мақсатқа саналы жан кәмелетке толғанынан бастап әзірленуі тиіс», – дейді ғұлама-ғалымдар.

Қос дүниедегі өмір мәніне жете бойлап, сауап жинамаққа аласұрған ақын сезімдері бір жырынан екіншісіне қарай жараса жалғасуда. Енді Ахметованың «Жаратылыс» атты өлеңін оқып көрелік:

«Алла-бір,
Барлығынан сол ғана асқан.
Қарасам, ғаламатқа толған аспан.

Жұлдыздар керуен түзеп,
Кеңістікке
Тәңірлік шеберлікпен орналасқан.»

Иә, айтса айтқандай, сыйынуға, көмек сұрап жалбарынуға лайық бір ғана күш бар.

Ол – Алла Тағала! Ұлы Жаратушымыз көктегі жұлдыздарды тәңірлік шеберлікпен орналастырып қана қоймай, миллиардтаған жұлдыздар мен планеталарды, аспан денелерін сағатына сан миллиондаған, бәлкім миллиардтаған километр жылдамдықпен қозғалтып қойып, олардың бір-бірімен соқтығысып қалмастан, керемет үйлесімділікпен қатар өмір сүрулеріне жағдай жасап қойған ғой!

Ғарыштағы осындай Тәңірлік кереметтерге тамсана көз салған ақын:

«Шарқ ұрып,
Таппаған соң тепе-теңін,
Ойымды жер бетімен тербетемін.

Мәңгі бол,
Жаратқанның хикметтерін
Көтерген көгілдір шар, кең мекенім!» – дейді бір сәт.

Тәңірдің жаратқандарынан терең мағына іздейтін ақын үшін жер бетіндегі әрбір көрініс пен тіршілік иелерінің өмірі Алланың ғажайып белгілеріне, мұғжизаларына толы. Күн мен түннің, қыс пен жаздың өзара алмасуы ғана емес, тіпті бір тал шөптің қылтия көрініп, топырақты жарып шығуынан да Ахметова ақын Тәңірлік мағына іздейді.

«Құдайсыз қурай сынбайды» деген қағида сырын терең түйсінген ақын сол қурай ұшқан «көгілдір шар, кең мекенінің» аман-есен тұруын Жаратушыдан жалбарына сұрайды.

Жаратушыны сүйген ақын небір қылықтарынан аспан күңіреніп, жер жиырылатын нақұрыс жандардың жасаған қылмыстарын осылайша өз жырларымен, адамзат тағдыры үшін алаң күй кешкен көңілімен, иманды ниетімен жуып-шаюға тырысады. Келесі бір жырында Күләш ақын:

«Қайырлы өмір Тәңірден тілегенім,
Иманды істен іздермін жүрек емін.
Сабыр күтіп, дақпыртқа бой алдырмай,
Өмір сүру - арманым, міне менің.

Көркем ғұмыр - көргенім жақсылық боп,
Биіктесе, біртіндеп жыр - еменім,
Сен риза боларсың, білем, елім!
Түзу тірлік тәңірден тілегенім», – дейді.

Бұл – мынау өтпелі өмірдің бес күндік қызығына алданбаған ақынның өмірлік байламы, ұстанған тұғыры. Аңғарып отырғанымыздай, Күләш Ахметова – Махаббат ұғымын талдап-түсінуде талай биіктікке көтеріліп кеткен жан.

«Ең әуелгі міндет – аса Жомарттықпен саған мынау жарық дүниені берген, несібеңді үлестірген, барлық мұғжиза-белгілері арқылы мәңгілік оттан сақтандырып, мәңгілік Жұмағына шақырған аса Қамқор Алланы сүй!», дейді ақын.

Жаратушыны сүйген пенденің жүрегінен жалпы адамзатқа, жаратылғандардың абзалдарына деген махаббат атаулы толассыз бастау ала бермекші.

Сол себепті де, «Махаббат» жинағындағы алғашқы өлеңінің, бәлкім тұтас жинақтың эпиграфы ретінде Күләш ақын ұлы Абайдың, өз өмірінде Таухид ілімін берік ұстанып өткен Ибраһим Құнанбайұлының:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», – деген тұжырымнамасын алған екен.

Сондықтан да 1990 жылы Шам қаласында Азанды алғаш естіген сәттегі ақынның:

«Дұға деуге болады, тілек деуге.
Нұрлы рухқа толғандай, жүрек, кеуде,
Ұлы әуез бе Әуеден жіберілген
Жан әлемін адамның реттеуге?!» – деген толғанысы сізді де тебірентпей қоймайды.

Ал, Жаратушыны осылайша сүйген Күләш ақынның Отанына деген Махаббаты да кәусар, асқақ!

«Адамдарды таңдантып, мәңгі ойлантып,
Ұшқан құстай зулайды, самғайды уақыт.

Мына шексіз ғаламда
Өз далаң мен
Өз Отаның болғаны қандай бақыт!»

Мұхаммед саллаллаху алейхи уассалам пайғамбарымыз бір хадисінде: «Отанды сүю – иманнан», деген екен. Оқи түскен сайын Ахметова поэзиясынан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Алланың мұғжизалары тұнып тұрған жұмыр жердің амандығын тілеген ақын Жаратылыстың ондағы әрбір белгілерін жамандық, жауыздық атаулыдан табанды түрде қорғауға шақырады.

«Келер-кетер ойыңды сапыра күн,
Айтып, айтпай өтеді ақын әнін.
Табиғатқа, адамға деген
Барлық
Махаббатты қорғауға шақырамын», – дейді қазақ әдебиетіне өзінің лирикалық сыршыл жырларымен бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын келген Күләш ақын өзінің «Махаббатты қорғауға шақырамын» атты өлеңінде.

«ЖАНЫМА МЕНІҢ ЖАҚСЫЛЫҚ НҰРЫН СЕБЕЛЕП...»

Осы «Махаббат» жинағының келесі «Қайырбек» атты бөлімінде отағасы, белгілі ақын Қайырбек Асанов ел мен жер тағдыры, Отан болашағы, бал қылықты балаларының келешегі жайлы толғанады.

Дей тұрғанмен ақын жырларының басым бөлігі жан жары Күләш Ахметоваға арналған екен.

«Менің барлық болмысымдағы
Қуанышым мен қайғымды
Жақсылыққа жоруыңды өтінем.

Саған деген алғысымды.
Түгесілмес махаббатымды
Жан көзімен көруіңді өтінемін», – дейді Қайрекең «Бағалай біл» атты жырында.

Ал, «Сен екеуміз» атты өлеңінде:

«Жүргенің де әдемі шай қайнатып,
Жыр оқисың , өмірді, елді ойлантып,
Басқа байлық, мансаптың керегі жоқ,
Менің сені тапқаным қандай бақыт?!», – дейді.

Ерлі-зайыпты ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова. Алматы, тамыз, 2006 жыл. Жеке қордағы сурет.
Осы жыр жолдарынан отанасының талантын сыйлап, ақын жарының нәзік жанын терең түсінген Қайырбек ақынның кең жүрегі, ірі болмысы айқын аңғарылып жатады.

Енді ақынның «Саған арнаймын жырымды» деген өлеңіне зер салып көрсек:

«Әжім түсіп, ағарды самайың да,
Қиындықтың көрдің ғой талайын да.

Көре білген адамға көп нәрсе бар
Өзің жазған өлең-жыр сарайыңда...
Жарқылдашы, жаныңнан мұң айықсын.

Мен ұқпасам,
Өзгелер қалай ұқсын?
Иілмеген ешкімге бір басыңа
Не құрмет көрсетсем де ылайықсың», – деп ағынан жарылады.

Асанов ақынның Жаратылысты сүйген жүрегі «Жадыратшы жанымды» атты өлеңінде былай деп жырлайды:

Жаныма менің жақсылық нұрын себелеп,
Оралды қайта ұясына сұлу дегелек.
Қырларға сонау көктемді сыйлап жүргендей,
Қос қанаттарын шапаттап ұшқан көбелек».

Күләш ақын Ахметованың кеңес үкіметі кезінде жазған мынандай жыр жолдары бар:

Қарашы бұлттарды! Ауып барады.
Қанаты күн көзін жауып барады.
Қаласа, жаңбыр боп жауып та алады.
Өтеді сонан соң. Бәрі де өткінші,
Адамда үміт пен қауіп қалады»...

Осынау жыр жолдары дәл бүгін жазылғандай әсер қалдырады бізге. Себебі, Ахметова жырлағандай, саналы адам баласы Жаратушының құдыретіне құлшылық жасай отырып, Оның шапағат-шуағына бөленуге үміт етіп және «сол мінажаттарымды Алла Өзінің кеңдігімен қабыл етер ме екен, етпес пе екен» деп қауіп ойлаумен де өмір кешуі тиіс екен. Тек қана үміт жетегінде не болмаса, тек қана қауіп құшағында өмір сүру жарға жығады, дейді ғұламалар.

Үміт пен қауіп... Тек осы қос сезімді тең ұстаған жағдайда ғана жұмыр басты пенде имандылықпен жер басып жүретін көрінеді. Ақын осынау терең ойларын, қызыл империя тұсында, балама сөздерге орап, оқырмандарына жеткізуге талпынған екен-ау!

«Қуат бердің, Тіл бердің, Рух бердің.
Тілегімді хусни, тұнық бердің.
Күллі адамзат баласын жарылқаған
Рахметіңнен үздіксіз үміткермін», деп Күләш ақынның өзі жырлағандай, Тәңірінің аса жомарттықпен берген қуат-күш, тілі-ділін, рухын да Мәңгілік әлемге сауапшылық жинау жолына, яғни мінәжат жолына жұмсап, Жаннаттан үміткер қос ақынның ниеттеріне жетулеріне тілектеспіз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG