Accessibility links

Оқта-текте немереcі ғана еске салып жүрген Сталиннің мерейтойы елеусіз өтуде


Сталин. Беларусь суретшісі Михась Савицкийдің суретінен.
Сталин. Беларусь суретшісі Михась Савицкийдің суретінен.

Грузияда бұдан 130 жыл бұрын, 1879 жылғы 21-желтоқсанда, Иосиф Джугашвили (кейіннен Сталин) дүниеге келді. Қазірде Иосиф Броз Титоның немересі коммунистер партиясын құрып жатса, Сталиннің немересі атасының «ар-намысы» үшін соттасуда.


ТИТО АТАЙДЫҢ ІЗІМЕН


Югославияның бұрынғы президенті, марқұм Иосиф Броз Титоның немересі Йоско Броз жақында Сербияның жаңадан құрылған Коммунистік партиясының президенті болып сайланды. Азаттық радиосына берген сұхбатында Йоско Броз жаңа партияның саяси бағдарламасы көптеген өзге партиялардыкі сияқты деді.

Партияның өзін коммунистік деп атау себебі ол «өзінің саяси бастауын жасырғысы келмейді». Партияның міндеті – сербтердің абыройын
Йоско Броз, Иосиф Броз Титоның немересі.
қалпына келтіріп, елдегі село өмірін толықтай қайта құру деп мәлімдеді Йоско Броз.

Йоско Брозды сербтің Новый Сад қаласында өткен партия съезінде сайлады. Ол партия революция жасауға ұмтылмайды, тек партияның халыққа көмектескісі келіп отырғандығын елге көрсету керек дейді.

«Еркін сайлаулар мен демократия жағындағы орталық» үкіметтік емес ұйымының директоры Марко Благоевич бұған байланысты «коммунизмге деген теріс көзқарасқа қарамастан, Сербияда компартияға орын бар» деп мәлімдеді.

Марко Благоевич, тіпті, «бұрынғы ескі заманды», коммунистік билікті аңсайтын қоғам мүшелері арасында бұл партия салыстырмалы түрде табысқа жетуі мүмкін деп те есептейді.

СТАЛИННІҢ НЕМЕРЕСІ

Дәл осындай өткенге сағыныш сезімі Ресейде тағы бір немеренің қызметін салыстырмалы түрде алғанда танымал етті. Оның атасы Иосиф Броз Титоның парша-паршасын шығаруды армандайтын.

Әңгіме Сталиннің немересі Евгений Джугашвили туралы болып отыр. Ол сүйікті атасының атын арашалап алуға бар күш-жігерін салуда.
Сталиннің немересі Евгений Джугашвили өз атасының суреті жанында. Тбилиси, 4 наурыз 2009 жыл.
Ол Ресей соттарынан Сталин ешқашан атуға тікелей бұйрық бермегені, оған үнемі жала жабылып келе жатқандығы туралы қаулы шығаруын талап етуде.

Миллиондаған адамдарды жаппай қырып-жоюдағы Сталиннің рөлі туралы ресейлік «Новая газета» басылымында шыққан мақалаға орай газетті сотқа беруі – оның антисталиншілдерге қарсы жасаған соңғы әрекеттерінің бірі.

Евгений Джугашвилидің өзі шешуші сот мәжілісіне қатысқан жоқ. Бірақ, зал оның шулы жақтастарына толы болды. «Новая газетаны» кінәсіз деп тапқан сот шешіміне олар наразылық танытты.

Сталиннің немересі мен оның жақтастары «Сталин қандықол тиран болатын, ол миллиондаған өз отандастарын өлтіруші» деушілердің аузына тағы да қақпақ бола алмады.

ЕРТЕГІНІҢ АҚЫРЫ

Советтік кезеңнің тағы бір тұлғасы Леонид Брежневтің немересі Андрей Брежнев те өзінің бір кездергі аса құдіретті атасының идеологиялық бағытын жалғастыруға қатыспақ болып әрекеттенді.

Өткеннің солшыл бағыттағы құндылықтарын тірілтпек мақсатта Андрей Брежнев тіпті Жалпыресейлік коммунистік қоғамдық-саяси
Брежневтің немересі Андрей Брежнев атасының зиратына гүл шоғын қойып жатыр. Мәскеу, 10 қараша 1998 жыл.
қозғалыстың (ЖКҚСҚ) бас хатшысы да болды. Бірақ оның атағы саясатшы ретінде емес, екінші әйелінен туған ұлына алимент төлеуден жалтарғаны үшін шықты. Бұған қатысты соттасулар да талай жылға созылып келеді.

Яғни, Леонид Ильичтің немересі оның шөбересіне ақша төлеуден бас тартқан. Бұл тірі кезінде отбасы мүшелеріне мырзалық танытқан Бас хатшының өзіне ұнамасы анық еді. Ол ерекше қылықтарымен аты шыққан өзінің сүйікті қызы Галинаға да «тәйт» деген емес.

Бұған қоса, салынып ішетін Андрей Брежневті дәрігерлердің талай рет о дүниеден арашалап алып қалғандығы жайлы әңгімелер де пайда болды.

Ал, Брежневтің немересі, Галина Брежневаның қызының жағдайы тіпті мүшкіл. Ол атасының жолын қуу туралы ойлаған да жоқ. Ешқандай партиямен байланыста болған емес, ешқандай жаңадан құрылған большевиктік ұйымдарды басқарған жоқ.

«Комсомольская правда» ол жайында: «Атақты адамның ұрпағы, Мәскеудің ең бай бойдақтары үйленуді аңсаған қыз. Оның өмірінің алаңсыз өтуіне барлық жағдай бар сияқты еді. Бірақ, ертегідегі сияқты алтындалған күйме күтпеген жерден асқабаққа айналып, бақытты өмір көзден бұл-бұл ұшты» деп жазды.

Дәл сол газеттің жазуынша, Брежневтің немересі жылдар өте келе Бас хатшыдан қалған барлық пәтерлерін сатуға мәжбүр болған. Ақырында ол тіркеусіз, ақшасыз, жұмыссыз қалды.

НАЗАРБАЕВТЫҢ НЕМЕРЕЛЕРІ

Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немерелері өз өмірлерінде ешқандай идеологиялық міндетті мойындарына алған емес. Отбасы мүшелерінің тарапынан бір кездері олардың аталары бар күшін салып айналысқан солшыл бағыттағы жұмысты жандандыру туралы ешқандай әрекет байқалмайды.

«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» демекші, президенттің қызы Дариға Назарбаеваның партия құру туралы бастамасы сәтсіз аяқталды.

Яғни, бүгінде Иосиф Броз Титоның немересі атқарып отырған шаруалары Нұрсұлтан Назарбаевтың немерелері үшін тіптен қол емес.
Нұрсұлтан және Сара Назарбаевтар балалары мен немерелерінің ортасында.
Бірақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген еркек кіндікті туыстары қызметте жылдам өседі. Олар креслодан креслоға жылдам ауысып, қырыққа жетпей генерал болады.

Бірақ, Рахат Әлиев сияқты басты бағыттан сәл ауытқысаң болды, генералдықпен қош айтыса бер. Жай ғана бірнеше ғылымның докторы және саяси эмигрант болып қаласың.

Орталық Азия жетекшілерінің немерелері кейінірек, басқа заманда партия құрумен айналыса ма? Бұл жайында бүгін айтуға болмайды. Қазіргі уақытта Орталық Азия мен Әзірбайжан басшыларының балалары мен немерелеріне саясатқа қарағанда бизнеспен айналысу, партиялық жұмыспен емес, билік пирамидасына шығу жеңілірек болып тұр.

Гейдар Әлиевтің ұлының басынан дәл осы жағдай өтті. Ол партияға басшылық жасаған жоқ, бірақ ұлттық мұнай компаниясын басқарды. Содан соң әкесінің халі нашарлап еді, бірден премьер-министр болды. Енді міне оппозицияның шырылдауына қарағанда Әзірбайжанды өле-өлгенше басқармақ ойы бар.

Непотизм Орталық Азияда да гүлденіп тұр. Қырғыз президенті Құрманбек Бакиев өз ұлын экономикалық шешуші қызметке қойды. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қызы Озода Рахмон Сыртқы істер министрінің орынбасарлығына тағайындалды.

Ендеше, бұндағы немерелер де қаражаяу қалмайды. Олар жартылай қайыршы күйдегі партиялық жұмыспен айналыспайды. Олар биліктен де, қаржыдан да еш тарлық көрмей өмір сүруде.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий Лондонда тұрады. Бұл мақалада ол өзінің жеке ой-пікірлерін білдіреді. Олары Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG