Accessibility links

Профессор Байдосов өмірлік президент туралы пікірінің дұрыстығына шүбәланбайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен профессор Закратдин Байдосов. Ақтөбе, 10 қыркүйек 2009 жыл. Ақтөбелік «Диапазон» газетінің сайтындағы сурет. http://diapazon.tv

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен профессор Закратдин Байдосов. Ақтөбе, 10 қыркүйек 2009 жыл. Ақтөбелік «Диапазон» газетінің сайтындағы сурет. http://diapazon.tv

Нұрсұлтан Назарбаевқа өмірлік президент өкілеттігін беру туралы соны бастамасымен соңғы аптада танымал болып үлгерген ақтөбелік профессор Закратдин Байдосов Азаттыққа берген сұхбатында мәңгілік президент идеясы өзін көптен бері толғандырғанын, ал қазіргі жастарға сенімінің аз екендігін айтты.

«БҰЛ ОЙ МЕНІ КӨПТЕН БЕРІ МАЗАЛАҒАН БОЛАТЫН»

Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбеге сапары барысында «ерекше» ұсыныс жасау арқылы көпшікке танылып үлгерген профессор Закратдин Байдосов қазіргі президентке өмірлік билікті беру туралы көптен бері ойлап жүргенін айтқан еді. Оның бірқатар себептері де бар екен.

– Закратдин мырза, сіз Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары барысында «ерекше» ұсыныс жасау арқылы бүгінде көпшікке танылып үлгердіңіз. Айтыңызшы, осындай ұсыныс жасауға не түрткі болды?

– Ол көптен бері менің ойымда жүрген еді. Егемендігіміздің 18 жылы ішінде бірнеше рет сайлау өтті. Ал ол сайлауларға үлкен шығын шығады, адам күші кетеді, уақыт кетеді дегендей. Міне, осылардың барлығын ойластырып жүргенімде «осы сайлаудың керегі бар ма?» деген ой келді. Қазіргі кезде Қазақстан өркендеп, дамудың жаңа бір сатысына көтерілудің қарсаңында тұр. Осыдан әрі қарай жалғастыру үшін сайлау өткізбей-ақ президентімізге өкілеттік беріп, әрі қарай билігін жүргізе берсе дұрыс болар еді ғой деген менің өзімнің пікірім. Оны маған ешкім айтқан да жоқ, ұсыныс та жасаған жоқ.

Қазақстанның даму жолында Назарбаевтың үлесі қандай деп ойлайсыз?

– Әрине, Қазақстанның қәзіргі жағдайы... өзіңіз көріп тұрсыз ғой, сіз келісесіз бе, келіспейсіз бе, бірақ менің өз басым – Қазақстан үшін, қазақ елі үшін жасалған тіршілік орасан зор деп есептеймін. Ал енді Қазақстанның қазіргі өсіп-өркендеу қарқыны алдағы уақытта өзінің жемістерін одан да мол береді деп ойлаймын.

«ЖАСТАРҒА ҮМІТ АРТА АЛМАЙМЫН, АЛ ПРЕЗИДЕНТТІ ҚОЛДАЙМЫН»

Закратдин мырза, сіздің ұсынысыңыздан кейін елдегі бірқатар оппозиция өкілдері өз наразылықтарын білдірді. Олардың пайымдауынша, бүгінде президенттікке лайықты азаматтар баршылық. Президенттің өз орнын жастарға беруі туралы сіздің пікіріңізді білсек?

– Мен барлығын тек жастарға беру деген принципке қарсылығымды білдіремін. Жастар, әрине, қоғамның үлкен күші, жастар – қоғамның болашағы. Біз әр уақытта да жастарға сүйенеміз, қандай қоғам болса да жастарға сүйенеді. Жастардың қажыр-қайраты, білігі, ұмтылысы – мұның барлығы қоғамды ілгері дамытатын зор фактор деп есептеймін. Ал тізгінді «жасқа беру керек» деп, жұмысты істей алмай жатса, жұмысты ұйымдастыра алмай жатса, білік-білімі төмен, қайраты жоқ болса, ондай жағдайда әңгіме басқа. Ал енді істеліп жатқан жұмыстарды тарихтан өшіріп тастауға болмайды ғой. Қазақстанның егемендік алған 18 жылының ішінде қанша істер жасалынып жатыр, осыны көрмей тек қана «жастарға орын беру керек» деген сөз, ол меніңше нағыз обьективті заңдылықты ескеру болып есептелмейді ғой деп ойлаймын.

«БАСҚА ЖҰРТ НЕ ДЕСЕ О ДЕСІН...»

Сіздіңше бүгінгі таңда Назарбаевқа тең келер лайықты тұлға жоқ болғаны ма?

– Оны мен айта алмаймын. Мен 18 жыл Қазақстанды басқарған Назарбаевтың саясатын қолдайтын адаммын, ашығын айтқан кезде. Мен – қарапайым ғана ғылыми қызметкермін. Ал енді Назарбаевтың істеп жатқан жұмысын жоққа шығаруға болмайды деп есептеймін.

Сіз қалай ойлайсыз, өзіңіз сияқты бүгінгі биліктің саясатын қолдайтын азаматтар көп пе? Мәселен, Ақтөбеде және басқа да аймақтарда?

– Оны да мен айта алмаймын. Мен жеке ғана өзімнің көзқарасымды айттым. Ал басқа адамдар қалай ойлайды... Жаңа айтып кеттіңіз, оппозиция менің ұсынысыма қатысты наразы болып жатыр деп. Әрине, бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды, ол біржақты болуы мүмкін де емес. Біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Сондықтан басқа жұрт жөнінде мен ешнәрсе айта алмаймын.

Закратдин мырза, сұхбат бергеніңізге рахмет.


СӘЛ ШЕГІНІС...

Қыркүйектің 10-ында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбеге сапары кезінде, жергілікті профессор Закратдин Байдосов барша ақтөбеліктер атынан сөз сөйлеп: «Сіз Қазақстанды басқаруыңыз және әрқашан елімізге басшылық жасай беруіңіз керек. Конституцияға тиісті өзгертулер енгізу қажет», - деген ұсыныс жасаған еді.

Нұрсұлтан Назарбаевқа өмірлік президент өкілеттігін беру мәселесі ресми Астанада қызу талқыға түсіп жатыр. Профессор Байдосовтың ұсынысының ізін суытпай-ақ президенттік «Нұр Отан» партиясы атынан президенттің мәртебесіне қатысты барлық шарттар ескерілетін өмір бойғы президенттік мәселесінің заңдық нормаларын бекіту ұсынылды. Атап айтқанда, партия төрағасының орынбасары Дархан Қалетаев «Ұлт көшбасшысы» туралы заңның жобасын қолға алу керектігі туралы ой тастады.

Сенаторлардың бірқатары бұл жөнінде президенттің өз пікірін білу қажеттігін атап көрсетті. Ал сенатор Оралбай Әбідкәрімов өмірлік президенттік мәселесін референдум арқылы халық шешу керек деген ойын Астанада журналистердің алдында айтты. Оның пікірінше, мұндай мәселені тек парламенттің қарауына қойған дұрыс емес.

Сәрсенбі күні Алматыда оппозиция жетекшілері де мәңгілік президенттік идеясына қатысты өз ұстанымдарын мәлімдеп, Назарбаевқа өмірлік президент өкілеттігін беру - 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық еткелі отырған Қазақстанды алға емес, артқа кетіретін қадам деп бағалады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG