Accessibility links

Назарбаевтың тәуелділігі және Кравчуктің азаттығы


Леонид Кравчук, Украинаның бұрынғы президенті. Киев, 22 тамыз 2008 ж.

Леонид Кравчук, Украинаның бұрынғы президенті. Киев, 22 тамыз 2008 ж.

ТМД елдерінде биліктен кету тәжірибесі бар және әлдекімдер ойлағандай, бұрынғы президенттерге ешкім тиісе қойған жоқ. Кравчук та, Кучма да, Шеварднадзе де ақырындап жүріп жатыр. Ал, бұлармен салыстырғанда Орталық Азияның автократтары өле- өлгенше тақта отырғанды қалайды.

Әлемдік тәжірибеде елдің демократиялығының белгісі ретінде, ол елде билікті өзгерту мүмкіндігінің болуы алдыңғы орында тұрады. Осы тұрғыдан алғанда постсоветтік кеңістікте билікті ауыстыру мәселесіне қатысты елдердің екі тобы байқалады. Оларда бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі жағдай қалыптасқан.

Орталық Азиядағы Қырғызстаннан басқа мемлекеттер билікті ұдайы ауыстырып тұру идеясынан бойларын аулақ салады. Балтық жағалауы елдері азат болған алғашқы күннен бастап-ақ Батыс Еуропа үлгісін ұстанып келеді. Бұл елдерде билікті ауыстыру мемлекеттік құрылыстың принципіне, сыбайлас жемқорлықпен күрестің және биліктің жоғары қабаттарын іріп-шіруден тазалаудың өзіндік әдісіне айналған.

Қазақстандық оппозиционер Болат Әбілевтің айтуынша, оның елінде билік әділ сайлаудан қорқады. Ол және оппозициядағы оның пікірлестері, Қазақстанның Конституциясы қоғамға емес, бір адамға ғана – Нұрсұлтан Назарбаев үшін жазылған деп қайталаудан жалыққан емес.

Бұл ойды америкалық тарихшы Марк Штейнберг өзінше пайымдайды. Оның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев немесе Ислам Каримов тәрізді президенттер, өздерінің биліктен кетуі жеке қауіпсіздігі мен өміріне қауіп төндіретіндігін ішкі түйсікпен сезеді. Тәжірибелі адамдар ретінде, олар өздерінің мұрагерлері бұлардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келмейтінін де, қамтамасыз ете алмайтындығын да түсінеді. Мұндай қорқынышты кезінде басқа да постсоветтік елдердің президенттері бастарынан өткергені даусыз. Бірақ, өмір көрсеткендей, оларға ештеңе болған жоқ. Тіпті, кей жағдайларда керісінше, бұрынғы президенттердің беделі мен салмағы арта түсті.

Бұған мысал ретінде тәуелсіз Украинаның алғашқы президенті Леонид Кравчукті айтуға болады. Президент кезінде оның жауларынан аяқ алып жүргісіз еді. Оппозиционерлердің барлығы, солшылдардан оңшылдарға дейін, оның сазайын тарттыруға уәде беретін. Олардың барлығы бір ауыздан Кравчукті түрмеге жабуға уәде берді.

1994 жылғы сайлауда Кучмадан жеңіліп қалғаннан кейін Кравчуктің өмірі жақсы жағына өзгере бастады. Ешкім оны мүйіздеген жоқ. Леонид Кравчук қоғамнан ойып тұрып құрметті орын алды. Ол социал-демократиялық партия жетекшілерінің бірі, толып жатқан қоғамдардың мүшесі. Ол елдегі ең басты интеллектуалды саяси форумдардың бірі – қоғамдастық Дөңгелек үстелінің мүшесі. Теледидарда тікелей эфирде жүретін дөңгелек үстелдің кезінде Украина мемлекеттілігінің басты проблемалары бойынша бүкілукраиндық пікірталас өтеді.

Бүгінде Леонид Кравчуктің беделі өте жоғары. Сондықтан да, жақында ол қазіргі президент Виктор Ющенкоға қызметтен кетуге жария түрде ұсыныс жасады. Дәл сол Нұрсұлтан Назарбаев, Ислам Каримов және Ильхам Әлиевтер бұған таңданыспен қараса да, қазір Леонид Кравчукке тізесін батыруға биліктің мүмкіндігі жоқ. Украина билігі осал болғандықтан емес, қоғамнан ешқандай қолдау таппайтындықтан. Керісінше, биліктің Леонид Кравчукке жасаған әрбір қадамы өзіне таяқ болып тиеді.

Міне, Украинаның тағы бір президенті Леонид Кучманың қызметтен босағанына төрт жыл болды. Оның жағдайы Леонид Кравчукке қарағанда күрделілеу. Оған қарсы біраз компромат бар. Егер оның үстінен іс қозғалса, украин қоғамының біраз бөлігі бөркін аспанға атар еді. Бірақ, олай болған жоқ.

Ол әлі күнге дейін жартылай саясатшы, жартылай зейнеткерше өмір сүріп келеді. Бір жағынан, өзінің сүйікті кәсібі – балық аулауға басы бүтін берілген. Екінші жағынан, оның жеке қоры бар. Онда ол қоғамдық бағдарламалар жасайды. Жиі болмаса да, оқта-текте сұхбат беріп қояды. Елдегі болып жатқан оқиғаларға байланысты Леонид Кучманың пікірін алу мүмкіндігіне ие болған журналист жолым болды деп есептер еді. Қалай болғанда да, оған қарсы қанша компромат болғанымен, Леонид Кучманың еңбегі толық ұмтылған жоқ. Кучма украин қоғамын инфляция он мың пайызға жеткен аласапыран кезеңнен, салыстырмалы алғанда тәуірлеу, инфляциясы он пайыздық нарықтық кезеңге аман алып өтті ғой.

Грузияда да бұрынғы президентке ешкім тиіскен жоқ. Михаил Саакашвилидің ең басты жауы Эдуард Шеварднадзе болып көрінген. Билік ауысқанда ешқандай трагедия, ешқандай жаза орын алған жоқ.

Жағдайы күрделілеу Беларуста да осылай болды. Бұл елдің билігіне, өзінің қарсыластарына барынша қатаң қарайтын, Александр Лукашенко келді. Ол өзінің алдындағы ел басшысы Станислав Шушкевичке тиген де жоқ. Осыдан екі жылдай бұрын Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса Станислав Шушкевичті бейбітшілік үшін Нобель сыйлығына ұсынды. Басқа жолы, басқа жағдайда Станислав Шушкевичтің басы ұшып кетер ме еді. Бірақ, бұл жолы да Александр Лукашенко бұрынғы жауына ләм демеді.

Тіпті, билікті ауыстыру жағынан консервативті болып табылатын Ресейдің өзінде де бұрынғы дәстүрден біршама ауытқушылық бар. Бұрынғы кездері биліктен өліп қана айрылатын, болмаса, Никита Хрущев тәрізді толықтай ұмытылатын.

Қазақ және өзбек президенттерінің таңданыстарына орай, соңғы он жылдықтарда бұрыннан келе жатқан бұл дәстүр Ресейде де бұзыла бастағандай. Михаил Горбачев қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Борис Ельцин де өле-өлгенше қарбалассыз, тыныш өмір сүрді. Владимир Путин елдегі шешуші саяси қызметте отыр.

Ресейде президент билігінің мерзімін созу мүмкіндігіне байланысты пікірталастар тиылған емес. Бұл тақырып Орталық Азия елдерінің қоғамдастығын да дүрліктіріп қояды. Оппозиция өкілдерінің пікірінше, бұған дем беретін биліктің өзі. Олар қалай болғанда да президенттік мерзімдерін созуды заңдастырғысы келеді.

Жақында бұл тақырыпқа қатысты, Австрияда қуғында жүрген, Назарбаев билігін сынаушылардың бірі Рахат Әлиев пікір білдірді. Бұрынғы жоғары дәрежелі мемлекеттік қызметкер, Назарбаев отбасының бұрынғы мүшесі ретінде Рахат Әлиев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ойында нендей құпия барын білуі ықтимал. Әсіресе, билікті қалай ауыстыру туралы жоспарларына қатысты.

Рахат Әлиевтің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев ең кемі 2025 жылға дейін билікте қалмақ. Оның қолында осы сценарийдің құжатты дәлелі бар көрінеді. Ақырында, елдің билігі оның некесіз туған баласына беріледі-міс.

Не деуге болады, бұның өзі билікті сақтау мен нығайту жолындағы көп жылдық әрекеттің қорытындысы. Басқа мысалдар Орталық Азия үшін қажетсіз. Тіпті, Қырғызстандағы жағдай да қаперге алынбайды. Орталық Азия мемлекеттерінің билеушілері өзінің болашағы мен биліктен айрылып қалудан қатты қорқады. Мүмкін бұл қорқыныш оларды өз елінің ең тәуелді адамдарына айналдырып отырған болар.

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG