Accessibility links

«Сайлауға қатысты түпкілікті шешімді тек Ақорда айтады»


Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті сайлауы өткен күннің ертесінде өзін қолдаушылар алдында сөйлеп тұр. 5 желтоқсан 2005 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті сайлауы өткен күннің ертесінде өзін қолдаушылар алдында сөйлеп тұр. 5 желтоқсан 2005 жыл.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов елде президенттік, парламенттік және мәслихат сайлауларының мерзімінде өтетінін айтты. Бірақ кейбір саясаткерлер мен сарапшылар бұны кесімді шешім деп қабылдамайды.


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов қарашаның 4-і күні Астанада Еуропарламенттің социал-демократтар делегациясымен кездесуі барысында, елде келесі президент және парламент сайлаулары заңмен белгіленген мерзімінде өтетіндігін хабарлады.

– Біз электоралдық науқандарды өткізуде тек Конституцияға және Конституцияда көрсетілген мерзімдерге бағдар жасаймыз, ол мерзімдер – 2011 және 2012 жылдар, – деді Қуандық Тұрғанқұлов.

Бұған қоса, ол келесі жылы сенат сайлауы да болатынын қоса айта кетті.

Бұл президенттік сайлауға қатысты билік тарапынан айтылып отырған екінші рет мәлімдеме. Бұған дейін Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев, ақпарат құралдары арқылы, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы сайлауға қатысу ниеті барын жеткізген болатын.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының бұл мәлімдемесін елдегі түрлі партия өкілдері мен сарапшылар әрқалай қабылдады.

Оппозициялық ұйымдар өкілдері бұл мәлімемені «қоғамды дүрліктірмеудің амалы» деп бағалап отыр.


Жасарал Қуанышәлин, «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Жасарал Қуанышәлин, «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Алматы, 13 шілде 2009 жыл.


– Әрине, бұған сену қиын. Өйткені, біздегі сайлаулар көбіне-көп заңға сәйкес емес, бір адамның ниетіне байланысты өтіп жатады ғой. Сондықтан бүгін айтылған әңгіменің ертең өзгеріп кетуі оп-оңай. Ондай хабарландырулар Ақорда жақтан әдейі жасалуы да мүмкін... Қазіргі биліктің ешбір ісі, сөзіне сенуге болмайды.

Жасарал Қуанышәлин келесі президенттік сайлауға үміткер ретінде түсуге өзінің де ниеті барын осыдан екі күн бұрын Алматыда баспасөз өкілдеріне мәлімдеген тұғын. Ол өзіне дейін тура осындай мәлімдеме жасаған тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловпен бірге саяси тандем құрып сайлауға түсу туралы ұйғарымға келгендерін хабарлаған еді. Алматыдағы кейбір қоғамдық ұйым өкілдері Владимир Козловтың мәлімдемесінен соң оған жұмыртқа лақтырып, оппозиция қайраткеріне қарсылық танытқанын Азаттық радиосы хабарлаған болатын.


Жармахан Тұяқбай, «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы:
Жармахан Тұяқбай, «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы. 18 қазан 2010 жыл.


– Парламенттік сайлауды келесі жылдың басында болмаса ортасында өткізіп жіберуі ықтимал. Ал президенттік сайлауға келетін болсақ, бүгінгі күні сонымен бірге «елбасы» деген өкілеттілігі болғандықтан, бұл жерде сайлау өту-өтпеуі, оның ерте-кеш өтуі бәрі президенттің қолында. Оның барлық мүмкіндігі бар. «Халықтың сұранысы, президент өмір-бақи орнында отыра берсін» деп шешім қабылдауы да мүмкін. Болмаса сайлауды өткізбей-ақ референдуммен мәселені шеше салайық деуі де ықтимал.

Қазақстанда мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы өтіп қалуы мүмкін деген пікірді қазаннның 25-і күні парламент сенатының депутаты Тасбай Симамбаев айтқан еді. Алайда заң шығарушы билік өкілдерінің кейбірі жағдайды басқаша бағалайды.


Владимир Нехорошев, Парламент мәжілісінің депутаты:

– Бұл сұраққа елдің бәрі не себепті осыншалықты қатты мән беретінін түсінбедім. Әзірге, «(парламенттік) сайлау мерзімінен бұрын өтеді» деп байлам жасауға негіз жоқ. Тіпті президенттің өзі де бұл мәселеге қатысты анық айтқан болатын. Парламент алдына қойған міндетті шешіп келеді. Ал президенттік сайлауға келсек, президенттің өзі кеңесшісі арқылы 2012 жылы президенттік сайлауға қатысатынын айтты. Белгілі бір оппозиция, жалған оппозиция өкілдері «міне, біреу мына жерде былай деді» деп бұл мәселені бұрмалай бастады. Бұл жерде төраға ешқандай жаңалық айтқан жоқ.

Әйткенмен, кейбір сарапшылар Қазақстанда сайлауға қатысты түпкілікті шешім қабылдау тек Ақорданың еншісіндегі шаруа екендігін атап айтады.


Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

– Орталық сайлау комиссиясының мәлімдемесі ештеңені айтып тұрған жоқ. Біріншіден, 2012 жылға дейін әлі уақыт бар. Екіншіден,
Саясаттанушы Досым Сәтбаев. Алматы, 27 қаңтар 2010 жыл.
Орталық сайлау комиссиясы сайлаулардың тек техникалық жағына ғана жауап беретін орган. Ал саяси шешімдерді бүтіндей президент әкімшілігі мен президенттің өзі қабылдайды... Комиссияның бұл мәлімдемесі қандай да бір мүддені көздейді.

Саясаттанушының пікірінше, қазіргі таңда елде кландар арасында билік үшін күрес ушығып кеткен. Және барған сайын бұл процесті қадағалауға тіпті президенттің де дәрмені жетпей барады дейді ол.

– Президент өзі қалыптастырған жүйе басқарудан шығып барады. Бұл объективті процесс. Президенттің өзі бұл жүйенің тұтқынына айналды. Көптеген топтардың мүддесі енді мемлекеттің мүддесіне қарама-қайшы боп барады. Тіпті президенттің өзі керісінше болғанын қалайды. Сондықтан жанжалдар бұдан былай да өрши бермек. Және ол президент билігінің әлсіреуіне тікелей пропорционалды түрде өрбиді, – деді Досым Сәтбаев.

Қазақстанда президенттік сайлау соңғы рет 2005 жылы өтті. Бұл қызметте Нұрсұлтан Назарбаевтың үздіксіз отырғанына биыл 20 жыл толды. 2007 жылы тамызда өткен парламент сайлауы нәтижесінде, заң шығарушы орган бір ғана саяси партияның – «Нұр Отан» партиясының мүшелерінен жасақталды. Бұл партия президент Назарбаевты өз көсемі деп таниды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG