Accessibility links

Инвесторлар Қазақстандағы билік мұрагерінің анықталмағандығына алаңдап отыр


«Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенінде қолын Конституцияға қойып тұрған президент Нұрсұлтан Назарбаев кескінделген. Астана, 15 желтоқсан 2009 жыл.

«Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенінде қолын Конституцияға қойып тұрған президент Нұрсұлтан Назарбаев кескінделген. Астана, 15 желтоқсан 2009 жыл.

Саяси элита арасындағы президент мұрагеріне байланысты күрестің өршуі мен шетелдік компанияларға қатысты үкіметтің талапты күшейтіп, қатаң саясат ұстануы елдегі шетел инвесторларын алаңдатып отыр. Мұның ақыры немен аяқталары әзірге белгісіз.


БИЛІК БАСЫНА ЖАҢА АДАМДАР КЕЛЕРІ СӨЗСІЗ

Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі мұнай экспорттаушы әрі әлемдегі ең ірі уран экспорттаушы ел болып табылады, деп жазады «Рейтер» агенттігі. Осы елдің аумағында соңғы 40 жыл ішінде әлемдегі ең бай мұнай қоры жатыр. 1991 жылы Совет Одағы ыдырағаннан кейін өзінің тарихи тәуелсіздігін қалпына келтіргеннен соң, бүгінге дейін Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам шетел инвестициясы тартылып отыр. Тек 2010 жылдың өзінде ғана қосымша 10 миллиард доллардан астам тіке шетел инвестициясы салынады деп болжам жасалып отыр.

Сонда да, елдің қазіргі қарт басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң орнына кім келетіні туралы сауалға әлі күнге дейін жауаптың болмауы шетелдік инвесторлардың басын қатырып жатыр. Он алты миллион тұрғынға ие Қазақстан үкіметінің мұнай мен газ саласындағы өз рөлін арттыруға бағытталған қадамдары бұл елде жұмыс істеп жатқан аталған шетелдік инвесторларды қатты алаңдатады. Төменде бүгінгі күні Қазақстан аумағында орын алып отырған ықтимал қатерлердің тізімі келтіріледі.

БИЛІК МҰРАГЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН АМАНАТ

Биыл жетпіс жасты еңсеретін президент Нұрсұлтан Назарбаев елге жиырма бір жылдан бері басшылық етіп келеді. Оның қазіргі билік ету өкілеттігінің мерзімі 2012 жылы бітеді. Алайда, ел Конституциясына 2007 жылы оның өз партиясы тарабынан енгізілген өзгерістерге сай, президенттікке қанша мәрте қайта сайланамын десе де Назарбаевтың өз еркі. Нұрсұлтан Назарбаев әлі күнге дейін президент тағының мұрагері кім болатынын жарияламай отыр. Сарапшылардың айтуынша, осы мәселе Қазақстандағы ұзақмерзімді ең ірі әлеуетті қатер болып табылады.

Маусымның он бесінші жұлдызында парламент қабылдаған заң бойынша Нұрсұлтан Назарбаев «елбасы» деп жарияланды. Аталған заң баптарына сай, ол өзі биліктен кетсе де, үкіметтің саясатын қалыптастыру құқығына ие болып қала береді әрі оны еш сот қудалай алмайтын болады, деп атап көрсетеді «Рейтер».

Сарапшылар заңның қабылдануын былай бағалайды: бұл Нұрсұлтан Назарбаев биліктен біртіндеп кетуге даярланып, өзінің тілін алатын тақ мұрагеріне билікті табыстап кетуді қамтамасыз ету үшін қолданылған шара болуы мүмкін.

Бұл ретте мынандай мәселеге көңіл аударған жөн:

– Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығы. Президент әлі тың тәрізді, ел алдында жиі бой көрсетіп тұрады. Оның ұзақ уақыт бойы көрінбей кетуі не мемлекеттік телеарнада сирегірек көрінуі, мүдделі топтар арасында алаңдау туғызуы әбден мүмкін.

– Сайлау науқаны. Егер Назарбаев келесі сайлау кезінде өз мұрагеріне тағын беріп кетуге шешім қабылдаса, ондай үміткер ресми түрде Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы тарапынан тағайындалуы тиіс.

Ықтимал үміткер қатарына келесі адамдар енеді: Астана қаласының әкімі – Иманғали Тасмағамбетов; Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы – Тимур Кұлыбаев; премьер-министр – Кәрім Мәсімов; «Самұрық–Қазына» ұлттық әл-әуқат қорының басшысы Қайрат Келімбетов.

ЭЛИТАЛАР ТЕКЕ-ТІРЕСІ

Елдің кәрі басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ықпал жүргізу үшін оның туыстары мен одақтастары жетекшілік ететін бірнеше топ бәсекелесе бақ таластырып жүр. Билеуші топтарға мүше болған кей адамдар Нұрсұлтан Назарбаевпен бет жыртысқан соң Қазақстаннан кетті. Бұл жайттар үкімет мүшелерінің ауысуы, ел экономикасындағы ірі актив иелерінің өзгеруі мен аздаған уақытқа ғана созылған саяси тұрақсыздыққа алып келіп отырды.

Осындай бір жайт барысында, Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев елден қашып кетіп, президенті билікті заңсыз басып алды деп айыптады. Ал оның өзіне елдегі құқық қорғау орындары тарапынан жергілікті банкирлерді ұрлап кетті және мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген айып тағылды.

Тағы бір осындай жайт барысында, «Қазатомөнеркәсіп» мемлекеттік компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев жемқорлыққа жол беріп, ұрлық жасады, активтерді шетелдік компанияларға заңсыз сатты деп айыпталып, биылғы наурыз айында сот үкімі бойынша он төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айрылған болатын. Мұхтар Жәкішев тағылған айыпты мойындамады.

Ол «Қазатомөнеркәсіп» пен бірқатар ірі шетелдік компаниялар арасында серіктестік орнатып, осының нәтижесінде Қазақстандағы уран өнеркәсібін аяғынан тік тұрғызуымен аты әйгілі болған еді. Қазақстан уран кенінің қоры бойынша әлемде Аустралиядан кейін екінші орын алады.

Бұл ретте мынандай жайға көңіл аударған жөн:

– Билік жүйесінде белді қызмет атқарып келген адамдарға жемқорлық жасады деп айып тағып, оларды қудалау жайттары. Сарапшылардың айтуынша, мұндай әдіс ел ішіндегі саяси тартыстың жалпы құралына айналып отыр. Осындай қылмыс жасады деп айып тағу не аталған қылмыс жасады деген айып негізінде сот алдында жауапқа тарту процестері Нұрсұлтан Назарбаевтың маңындағы билеуші топтың ішінде жүргендердің қайсысының басынан бақ тайғанынан хабардар етеді.

– Үкімет мүшелерінің ауысуы белгілі бір элиталық топ тұғырының әлсіреп, ал қалған осындай топтар тұғырының нығайғанының нышаны болып саналады.

РӘСУАНЫ СЫЛТАУ ҚЫЛҒАН ҰЛТШЫЛДЫҚ РЕСУРСЫ

Қазақстан үкіметі соңғы жылдар ішінде ел экономикасының энергетика секторындағы өз рөлін күшейту үшін бірқатар қадамдар жасады. Бұл үшін үкімет елдегі қазба байлықты өндіру жөніндегі ең ірі жобалардағы өз үлесін арттырды. Аталған жобаларға шетелдік ірі фирмалар басшылық етеді. Ондағы үлестерді иемдену әдетте үкіметтің аталған шетелдік компанияларға экология нормаларын бұзды, салық төлеуден жалтарды немесе өздері қол қойған келісімнің шартын бұзды деген айып тағылған соң іс жүзіне асырылып отырды.

Осындай ең соңғы жайттың бірінде, үкімет Қарашығанақ кенін игеріп жатқан консорциумның он пайыздық үлесін иемденбек ниеті бар екендігін жария етті. Аталған кеніш аумағында елдегі қоры бойынша ең бай табиғи газдың кені жатыр. Онда мұнай да өндіріледі. Үкімет аталған консорциумға салық төлеуден жалтарды деп кінә тақты.

Бұл ретте мынадай жайға көңіл аударған жөн:

– Қарашығанақ дауы қалай шешіледі.

– Заңнамадағы өзгерістер. Кен өндіруші индустрия саласына бақылауды күшейтуді мақсат еткен қадамдар үкіметтің экономиканың басқа да секторларына бақылау жүргізсем деген ынтасының өсіп келе жатқанының нышаны болып есептеледі. Яғни, үкімет стратегиялық мұнай және газ өндіру секторларынан тыс салаларда да өз рөлін арттыруға мүдделі болуы әбден мүмкін.

КӨРШІ ЕЛДЕГІ ЖАНЖАЛДЫҢ САЛДАРЫ

Өзбекстан не Қырғызстан тәрізді көршілес елдегі жанжал Қазақстанның оңтүстік аймағындағы ел тыныштығын бұзуы мүмкін. Қырғызстандағы сәуірдің жетінші жұлдызында болған төңкерістен соң, Қазақстан шекарасын жауып тастады.

Шекараны бұлайша жауып тастау Қазақстан экономикасына соншалықты бір теріс әсер ете алмайды. Себебі, ел экономикасының арқауын Ресей, Батыс елдері мен Қытай нарығына мұнай мен металл экспорттау құрап отыр. Дегенмен, аталған тыйым нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдері мен халық тұтынатын тауарлардың халықаралық саудасына аздаған мөлшерде зиян келуі ықтимал.

Бұл ретте мынандай жайға көңіл аударған жөн:

– Қырғызстандағы ахуал. Маусымның жиырма жетінші жұлдызында бұрынғы сыртқы істер министрі Роза Отынбаева жетекшілік ететін Уақытша үкімет Қырғызстанда парламенттік демократия қалыптастыруға кепілдік беретін мандат алуға қол жеткізді. Алайда, басқалар тәрізді, Ресей де кедейшілік пен тұрақсыздық жайлаған елді тұрақтандыруда бұның қаншалықты сәтті бола алатынына көзін жеткізе алмай алаңдап отыр. Ресейдің қорқынышы биліктің әлсіз тұсін радикалды исламшыл топтар пайдаланып кетіп жүрмесін дегенге келіп саяды. Әсіресе, мүдделі шетелдік мемлекеттерді Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан шекарасының түйісетін жерінде жатқан, тынышсыз Ферғана аңғарындағы ахуал қатты алаңдатады.

– Өзбекстандағы оқиғалар. Өзбекстан басшысы Ислам Каримов, Нұрсұлтан Назарбаев тәрізді, 1989 жылдан бері билік басында отыр. Ислам Каримов әлі күнге дейін өзінің мұрагері кім болатынына қатысты шешім қабылдамады. Қазақстандікінен халқы көп болса да, Өзбекстан әлдеқайда кедей және нашар дамыған ел болып саналады. Бұл жайт өзбек қоғамы ішіндегі ахуалды шиеленістіре түседі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG