Accessibility links

Қытай 10 миллиард доллар несие беріп, Қазақстанның жер қойнауына қол жеткізбек ниетте


Маңғыстау өңіріндегі мұнай кеніштерінің бірі. Наурыз, 2005 ж.

Маңғыстау өңіріндегі мұнай кеніштерінің бірі. Наурыз, 2005 ж.

Сәуірдің 15-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапармен Қытайға аттанды. Батыс баспасөзінің жазуынша, осы сапар кезінде Қытай Астанаға 10 миллиард доллар көлемінде қарыз беріп, есесіне «Маңғыстаумұнайгаздың» үлесін сатып алу жөнінде келісімшартқа отыруы мүмкін.


ҚЫТАЙ АКТИВТЕРДІ АРЗАН КЕЗІНДЕ САТЫП АЛУДЫ КӨЗДЕЙДІ


Bloomberg агенттігі хабарлағандай, Қытайдың ұлттық мұнай-газ компаниясы (CNPC) «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының миноритарлық акциялар пакетін сатып алуды жоспарлап отыр.

Агенттіктің деректері бойынша, бұл жайында CNPC өкілдері бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген. Сондықтан, Қазақстан мен Қытай бұл келісімге сәуірдің 15-інде, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға ресми сапары кезінде қол қоюы ықтимал деп хабарлайды агенттік.

Қытай Коммунистік партиясы саясатты зерттеу департаментінің директоры Чженг Синли, биылғы наурыз айындағы мәлімдемесінде, Қытай алтын-валюта қорында жиналған 1,95 триллион доллар қаржыны қытайлық компанияларға басқа елдердің жер қойнауларын барлау құқын алу үшін пайдалануы керек деп айтқанын еске салады агенттік.

Қытайлардың бұл ниетіне байланысты, штаб-пәтері Гамбургте орналасқан Mabanaft Gmbh компаниясының кеңесшісі Онг Энг Тонг Bloomberg агенттігінің сайтында: «Активтерді дәл қазір алған орынды. Өйткені экономиканың өрлеп тұрған кезімен салыстырғанда қазір анағұрлым арзанға түседі», - деген пікір білдіреді.

2009 жылы сәуірдің ортасында Нью-Йорк биржасында бір баррель шикі мұнайдың бағасы 52 доллар шамасына келіп тоқтағаны белгілі. Бұл өткен жылғы ең жоғары деңгейден (2008 жылғы шілдеде мұнайдың 1 баррелі 147 доллар болды) үш еседей төмен.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫ

ТМД елдері арасында энергоресурстарды өндіру жөнінен Ресейден кейінгі екінші орында тұрған Қазақстан, рецессиямен күресу үшін 2,2 триллион теңге (14,6 миллиард доллар) немесе ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 14 пайызын бөліп отыр.

Бұдан бұрын, сәуір айында, Қазақстан Қытайдан 10 миллиард доллар мөлшерінде инвестиция алуға ұмтылып жатқандығы жайында энергетика министрі Сауат Мыңбаевтың мәлімдегенін Bloomberg агенттігі еске салады. Бұл кезде Қазақстандағы мұнай өндіру кәсіпорындарының үлесін алу жөніндегі келіссөздер жалғасып жатқан.

Одан да бұрынырақ, тағы да сол Сауат Мыңбаев Қазақстан былтыр барлау мен өндіру үшін инвестиция түрінде 21,1 миллиард доллар алғанын айтқан болатын. Бұл – 2007 жылмен салыстырғанда 19 пайызға артық.

Жоғарыда аталған сайтта жазылғандай, «BP Plc»компаниясының бағалауынша, Қазақстанға бүкіл әлемдегі барланған мұнай қорының 3,2 пайызы тиесілі. Ел экономикасының мұнай-газ саласына инвестиция салғандардың арасында Chevron, BG Group, Eni және Lukoil секілді белгілі трансұлттық компаниялардың аттары аталады.

Қытай Қазақстан тарапынан мұнайдың жеткізілуін ынталандыруға ұмтылып отыр деп атап өтеді CNPC шенеунігі. Жалпы алғанда, мұнайға, газға және басқа да шикізаттарға деген Қытайдың тәбеті артып келеді.

Осыған байланысты айта кету керек, биылғы жылдың ақпан айында Ресей Қытаймен келісімге қол қойды. Бұған сәйкес, Ресей 20 жыл бойы Қытайға мұнай бермек. Ал, Бейжің Ресейге 25 миллард доллар мөлшерінде несие желісін ашпақ. CNPC компаниясының дәл сол өкілінің хабарлауынша, Ресей табиғи газды жеткізуге айырбас ретінде Қытайдан қосымша несие желісін ашу үшін келіссөздер жүргізуде, делінген Bloomberg ақпаратында.

Қазақстан Қытайға өз елінде өндірілетін газды жеткізуге ғана емес, Орта Азияда өндірілетін табиғи газды өз территориясы арқылы Қытайға өткізу жөнінде келісім жасап үлгергенін еске сала кеткен ләзім. Осы жобаны жүзеге асыру мақсатында халықаралық газ құбырының құрылысы салынуда.

«МАҢҒЫСТАУМҰНАЙГАЗДЫ» ӘЗІР ЕШКІМ САТЫП АЛҒАН ЖОҚ

«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының құрамына кіретін 36 мұнай және газ кеніштерінің 15-і игерілуде. Компанияның мұнай қоры жөнінен ең ірі екі кен орындары - Қаламқас пен Жетібайда 128,9 миллион тонна мұнай қоры бар. Бұл «Маңғыстаумұнайгаздың» жалпы қорының 88,8 пайызы.

Бұған қоса, «ҚазМұнайГаз» сайтының деректеріне қарағанда, Павлодар мұнай өңдеу зауытының 58 пайыз үлесі «Маңғыстаумұнайгаздың» еншісінде.

Жалпы алғанда, «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының балансындағы мұнай қорының жалпы мөлшері 180 миллион тоннадай немесе 1,32 миллиард баррель. Қазіргі бағамен бұл - 65 миллиард АҚШ доллары шамасында. Бұл туралы Siamdailynews.com сайты хабарлайды.

Eurasianet.org жаңалықтар сайтының деректеріне қарағанда, CNCP компаниясы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының 49 акциялар пакетіне ие болмақ. Ал, оның 51 пайыз акциялар пакетін «ҚазМұнайГаз» иеленеді. Қытайлардан түскен ақшаны Қазақстан өз экономикасын құлдыраудан құтқару үшін жұмсамақ, деп жазады сайт.

Бір атап өтер жайт, биылғы наурыз айында «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі CNPC «ҚазМұнайГазға» оның үлесін сатып алуға көмектесуі мүмкін екендігін хабарлаған болатын. «Осыған байланысты қазір бұған дейін «Қаражамбасмұнай» акционерлік қоғамынан үлес сатып алу кезінде қолданылған схема қарастырылып жатыр», - деген еді агенттікке «ҚазМұнайГаз» компаниясындағы дерек көзі. Сонымен бірге ол, қытай жағы берген қарыздың қайтарымын өніммен алмақшы екенін айтқан еді.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акцияларының 50 пайызын + 2 дауыс беруші акцияны ұлттық компанияның сатып алатыны туралы келісімге «ҚазМұнайГаз» және Central Asia Petroleum Ltd фирмасы биылғы жылы қаңтарда қол қойғаны мәлім. 2009 жылғы наурыздың соңына дейін бұл мәмілені түпкілікті аяқтау жоспарланғанымен, жақында Қазақстанның қор биржасы ол келісімнің әлі толық рәсімделмегенін хабарлады. Оны соңына жеткізу үшін келісімді Қазақстанның бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі мен Еуропалық комиссия мақұлдауы керек.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы жоғарыда аталған Қытай компаниясымен бірігіп «Маңғыстаумұнайгазды» сатып алуға ұмтылуда. Еnergia.gr сайтының жазуынша, «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының 100 пайыз акциялар пакеті Виргин аралдарында тіркелген Central Asia Petroleum фирмасына тиесілі көрінеді. Ал ол офшорлық фирманың иесі кім екендігі әзірге белгісіз қалып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG