Accessibility links

Forbes журналы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік валюта енгізу бастамасын қателікке балады


Президент Н.Назарбаевтың Экономикалық форумда сөйлеп тұрған сәті. Астана, 11 наурыз 2009 ж.
Президент Н.Назарбаевтың Экономикалық форумда сөйлеп тұрған сәті. Астана, 11 наурыз 2009 ж.

Forbes беттерінде Қазақстан президентінің 11наурызда Астанада айтқан идеясын танымал экономист Петер Бофингер сынайды. Ал ресейлік саясаткерлер жаңадан жаһандық валюта енгізуді «негізсіз бос әңгіме» деп санайды.

«Қазақстан басшысының жаһандық валюта енгізу жоспары қателік боп көрінеді, – деп жазады америкалық іскерлік журнал Forbes. – Адамзат бірлікті армандауды ұнатады, бірақ үйреншікті әдет оңайлықпен қала қоймайды. Айталық, бәріміз де эсперантода, яғни жасанды әмбебап тілде сөйлемейміз, сондықтан да 1940-шы жылдары Англия мен Құрама Штаттар ұсынған жаһандық валюталар – банкор мен юнитасқа тауар сатып алмаймыз. Дәл сол себепті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "акметал" атты жаһандық валюта енгізу жөніндегі соңғы бастамасының жүзеге асуы неғайбыл».

Аутордың пікірі бойынша, 16 елде еуроны қолданысқа енгізген өткен онжылдықтың тәжірбиесі күмәншіл жандардың болжамдарын жоққа шығарса да, әлемнің барлық мемлекеттерінің бір орталық банк жетекшілігіндегі ортақ валюталық саясат аясына бірігуі — әлі алыс болашақтың әңгімесі. Соғыстан кейінгі Бреттон-Вуд жүйесінің негізгі қыры — әлем валюталарын алтын немесе америкалық доллар тәрізді эталондық бірліктерге байлау мақсатындағы соңғы әрекеттер де тәуелсіз валюталық саясаттың тақиясына тар келді.

Экономист әрі Германия үкіметіне кеңес беруге шақырылған бес данагөйдің бірі Петер Бофингер іс жүзінде 1973 жылға дейін бүкіләлемдік валюта қызметін америкалық доллар атқарып келгенін еске салады, оның бағамы «алтын стандарт» аясында долларға бекітілген еді. Бірақ, 1971 жылы президент Никсон АҚШ-та алтын стандарттың күшін тоқтатты. Ол алтынға шаққандағы долларға екі мәрте, алдымен 1971 жылы, сосын 1973 жылы девальвация жасады.

Forbes басылымына берген сұхбатында Бофингер жасаған мәлімдеме бойынша, халықаралық қаржы жүйесінің мәселесін жаңа валютамен емес, Бреттон-Вуд жүйесінің Халықаралық валюта қоры сынды институтын нығайту жолы арқылы шешуге болады. Сондай-ақ оның айтуынша, Венгрия секілді Орталық Еуропа елдеріндегі ақша айырбастау бағамының түрліше құбылуына Еуропа орталық банкі тәрізді мықты орталық банктердің араласуы неғұрлым тиімді болып, шағын көршілерді алыпсатарлық капиталдан арылтуға мүмкіндік берер еді. Бофингер валюта нарығында әртүрлі валюталар арасындағы тепе-теңдікті орнату тәжірбиесін жасауда орталық банктерге қолайлы бақыланатын құбылмалы валюта бағамын бекітуді жөн санайды.

«Бұл Қазақстан президентінің естігісі келген сөз емес, – деп жазады Forbes. – Акметал секілді бастама оның елін 20 жетекші индустриалды және дамушы елдер саммитінің қарсаңында экономикалық картаға түсіруі мүмкін және бұл тізімге кірмейтін Қазақстанның өз валютасы көріп жатқан қиындықтардан шығудың лайықты шешімі болып көрінуі ықтимал». Осылайша, мақала ауторының айтуынша, айқын болашағы болмаса да, әлгіндей бастама дегенмен, Нұрсұлтан Назарбаевқа әлемдік ауқымда да, өз елінің алдында да белгілі бір мөлшерде саяси ұпай әперуі мүмкін.

Дей тұрғанмен Қазақстан президенті бастамасының жақтастары да табыла кетті, олардың арасында Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форумға қатысқан танымал экономисттер бар. Олардың сөздері әлемдік баспасөзде қызу пікірталас тудырды. The Australian газетінде жарияланған France Press агенттігінің ақпараты бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемге ортақ валюта турасындағы ойы «еуро валютасының интеллектуалды сәулетшісі», Нобель сыйлығының лауреаты, канадалық профессор Роберт Манделлдің тарапынан қолдау тапты.

«Мен президент Назарбаевтың мәлімдемесімен және соған қатысты жоспарындағы көп жайттармен, әлемдік валюта енгізу жобасына қатысты айтылғандармен келісетінімді айтуға тиіспін, әрі оның айтқандарына ілесетін болсам қателеспейтін шығармын деп ойлаймын», – деп мәлімдеді Астанадағы Еуразиялық экономикалық форумда бұл идеяны «берешегі мол» деп бағалаған Манделл.

Назарбаев пен профессор Манделл 20 жетекші дамыған және дамушы елдер тобын сәуірдің 2-сінде Лондонда өтетін жаһандық экономикалық дағдарысқа арналған саммит барысында осы идеяны зерделейтін жұмыс тобын құруға шақырды. Дей тұрғанмен, Манделлдің пікірінше, ортақ валютаны тек экономикалық жүйелері ұқсас елдер ғана шығаруы тиіс.

Халықаралық валюта қоры болса, ол әзірге ортақ валюта енгізу бастамасын бағалаудан тартынып отыр. Newsru.com сайтының ақпаратына сәйкес ХВҚ Назарбаевтың ойын «қызықты, бірақ әлі аз зерттелген» деп санайды. «Бұл мәселе жөнінде қордың нақты тұжырымға келуіне экономистер мен ғалымдардың зерттеуі әлі аздау болып тұр», – деп жауап берді ХВҚ ресми өкілдерінің бірі.

Алдыңғы күндері ортақ валюта идеясына қызығушылық барын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та мәлімдеді. Ол өзінің қазақстандық әріптесі Марат Тәжинмен кездесуі барысында мәселені тереңірек зерделеу қажет деп тапты. Бірақ, көптеген ресейлік саясаткерлер Астананың бастамасын кірпідей жиырылып қарсы алды. Олардың пікірінше, акметал шығару жобасы — бос қиял, бірақ, солай бола тұра, бұл идея ресейлік рубльдің бұрынғы советтік кеңістікте ортақ валютаға айналу болашағына көлеңке түсіреді.

"Жаңа жаһандық валюта шығару төңірегіндегі әңгіме – құр тақырдағы бос сөз". Биліктегі «Единая Россия» партиясының өкілі, Ресей Мемлекеттік Думасының қаржы нарығы жөніндегі комитетінің мүшесі Павел Медведев ресейлік «Росбалт» агенттігіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

"Жаңа жаһандық валюта туралы айтқанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нені меңзейтіні және ондай валютаға қандай негізде сенім артуға болатыны түсініксіз», – деді депутат. Оның сөзінше, аталмыш тақырып «тақырда отырып айтатын әңгіме» емес. «Әлемнің жетекші валютасына айналу оңай шаруа емес, ондай валюталар аз ғана – доллар, еуро, фунт стерлинг, швейцариялық франк, – деді Медведев. – Тіпті, еуроны алсақ, оның пайда болуы таңғажайып іс, ол ұзақ өтпелі кезеңді бастан кешірді, ол валютаға марканың көптеген қасиеттері ауысты».

Ресейлік депутат, сондай-ақ, президент Назарбаевтың барлық елдерді жаңа валютаны реттеу және эмиссиялау процесіне қосу жөніндегі ұсынысын да «мағынасыздық» деп санайды. «Ондай валюта опырыла құлайды», – деді ол.
XS
SM
MD
LG