Accessibility links

Азияда билік басында отырған әулеттер демократияны өз ыңғайына икемдейді


Қызметке кірісу инаугурациясы күні Пәкістан президенті Асиф Али Зардари қастандық құрбаны болған марқұм зайыбы Беназир Бхуттоның суретінің алдында тұр. Исламабадтағы президент сарайы, 9 қыркүйек 2008 жыл.
Қызметке кірісу инаугурациясы күні Пәкістан президенті Асиф Али Зардари қастандық құрбаны болған марқұм зайыбы Беназир Бхуттоның суретінің алдында тұр. Исламабадтағы президент сарайы, 9 қыркүйек 2008 жыл.

Саяси билік басындағы әулеттер әсіресе Азияда жиі кездеседі. Кейде олар елдегі жағдайдың тұрақты болуына оң әсер ете алады. Бірақ феодалдық инстинктер мен шыққан тегінің атақ-даңқы ел дамуына тұсау болар бөгетке айналатыны тағы бар.


БІРЛІК ТҮБІ – ТІРЛІК

Филиппин еліндегі сайлау кезеңі феодалдық инстинктер мен шығу тегінің атақ-даңқының мемлекеттің билік жүйесіндегі орнын нақты айқындап бере алады, деп жазады «Интернешнл Геральд Трибьюн» газеті.

Бұрынғы президент Корасон Акиноның ұлы Бениньо Акино қазір ел президенттігіне басты үміткер деп саналады. Ал ол қызметте қазір Глория Арройо отыр, ол 1960-шы жылдарда ел президенті болған Диосдадо Макапагалдың қызы.

Сенат пен Конгресс мүшесі болу үшін өтетін сайлау науқаны уағында үміткерлер тізімінің баяғыдан бері аймақтық билік жүйесі мен жер иелену саласында атқамінер танылып келе жатқан азаматтардың есіміне толы боларына куә бола аласыз.

Алайда, Филиппин елі бұл салада жалғыз емес. Әулеттер мен әулет саясаты қазір бүкіл Азия аумағында қанат жая дамып, тасы өрге домалап тұр, деп атап көрсетеді «Интернешнл Геральд Трибьюн».

Бұрынғы елбасы болғандардың тұқымы не әйелдері үкімет басшысы болып отырған Азия елдері тізіміне зер салу, адамды тіпті қайран қалдырары хақ. Пәкістанда Асиф Әли Зардари билік құрып отыр. Ол бұрын осы елде премьер-министр болған марқұм Беназир
Солтүстік Кореяның президенті Ким Чон Иль. Пхеньян, 9 сәуір 2009 жыл.
Бхуттоның жұбайы. Ал Беназир Бхутто болса, осы мемлекеттің бір кездегі басшысы әрі кейіннен үкім бойынша өлім жазасына кесілген Зұлфықар Әли Бхуттоның қызы.

Бангладешті билеп отырған Шейх Хасина болса сол елдің бұрын қаза тапқан бірінші премьер-министрі Шейх Муджибур Рахманның қызы. Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак – осы елдің екінші премьер-министрі Абдул Разактың ұлы. Сингапур басшысы Ли Сянь Лун болса – ол Ли Куан Юдың ұлы.

Солтүстік Кореяда Ким Иль Сонның ұлы Ким Чон Иль елге тоталитарлық билігін жүргізіп келеді. Оның мұрагері ретінде ұлы Ким Чон Ун өзінің таққа отырар уағының келуін күтуде.

Үндістанда жесір әйел Соня Ганди басшылық ететін партияның бір мүшесі технократ Манмохан Сингх қазір осы елдің премьер-министрі қызметінде. Соняның баласы Рахул Ұлттық Конгресс партиясының жетекшісі мансабына ие болу үшін үздіксіз түрде түрлі шара қолданып жатыр.

Оны осы елдің премьер-министрі болуға даярлап жатқаны қазірден белгілі боп отыр, ал бұл лауазымды кезінде оның арғы атасы Джавахарлал Неру иемденген болатын, деп атап көрсетеді газет.

ӨЗ ТЕГІҢДІ МАҒАН АЙТ, МЕН СЕНІ ҚОЛДАП ДАУЫС БЕРЕЙІН

Жапонияның премьер-министрі Юкио Хатояма Кеннеди әулетіне ұқсас саяси әулеттің бір бұтағы болып табылады. Оның әкесі Жапонияның сыртқы істер министрі болған еді, ал атасы – ел премьер-министрі болып қызмет істеген.

Индонезияның соңғы президенті Мегавати Сукарнопутри – осы елдің бірінші президентінің қызы. Елдің қазіргі президенті Сусило Бамбанг Юдхойоно орнынан кеткенде, Мегавати отбасының тамыр-таныстары мен тегінің атақ-даңқы бұл әйел келесі президент сайлауына түсем десе, онда оған көп көмек бере алады.

Мьянмада ел билеп отырған диктаторлармен күресуші оппозицияның сан мәрте өліп, қайтадан сан рет тіріле беруінің себебі – оның
Азиялық әулеттердің бір ерекшелігі – бұлар өмір сүретін елдің бәрі дерлік дамудың әркелкі сатысында тұрған демократиялық мемлекет болып табылады.
жетекшісі Аун Сан Су Чжидің қайсарлығымен байланысты. Сонымен қатар, кезінде ел тәуелсіздігі үшін күресте көрнекті рөл атқарған оның әкесінің даңқы да бұл күрестің отын сөндірмей, оған май құйып отыр.

Бір көргенде, Таиландта саяси әулет деген атымен жоқ екен деп қаласың, алайда мұндай ахуал елде патшаның үстемдік жүргізіп отырғандығынан болуы ғажап емес.

Оңтүстік Кореяның жабайы әрі тәртіпсіз демократиясы әулет деген пайда болса болды, оның тамырына дереу балта шабуға әзір тұрғандай әсер қалдырады. Дегенмен, онда да кезінде ел билеген Пак Чон Хидің атағы оның қызы Пак Ген Хидің саясат саласында ірі жетістікке жетуіне жол ашып берді, дейді басылым.

Солтүстік Кореяны есепке алмағанда, азиялық әулеттердің бір ерекшелігі – бұлар өмір сүретін елдің бәрі дерлік дамудың әркелкі сатысында тұрған демократиялық мемлекет болып табылады.

Үндістанның премьер-министрі Индира Ганди және американдық сенатор Эдуард Кеннеди. Дели, 15 тамыз 1971 жыл.
Қытайда отбасылық тамыр-таныстық билік саласында адам мансабының өсіп, бағының жануы үшін төтенше маңызды нәрсе саналады. Алайда, онда билеуші партия өз үстемдігін меритократиялық иерархия аясында іс жүзіне асырып келеді. Вьетнамдағы саяси сала ахуалы да дәл осындай.

Филиппиннің еңсе езер экономикалық қиыншылықтары үшін кейбіреу бұл елдегі әулетшілдікті кінәлауы ықтимал. Әйтсе де, мәселенің түп-тамыры тереңде. Яғни, аталған қиыншылықтар өз бастауын елдегі қоғамдық құрылымның табиғаты мен қарақан басының қамын ғана күйттейтін өзімшіл элитаның іс-әрекетінен алады. Сонымен, бұл қиыншылық – ауру салдары, оның себебі емес, деп атап көрсетеді «Интернешнл Геральд Трибьюн».

Үндістанда Ганди есімі елде Ұлттық Конгресс партиясының беделі бәрінен асып түсіп, оның жетекші топқа айналуы үшін маңызды роль атқарды. Бұл жайт діни, касталық және тілдік ерекшелік негізінде құрылған партиялар ықпалының өсу процесімен қатарлас өрбіді де, елдегі тұрақтылыққа ерекше оң әсер етті. Үндістан әртүрлі алуандыққа толы ел болғандықтан, аталған әлеуметтік ерекшелік негізінде құрылған партиялар ықпалының артуы бұл мемлекетті билеуді одан әрмен қиындатқан еді.

Бангладеште Шейх Хасина мен Халеда Зия арасындағы түсініспеушілік елдегі демократиялық процестің жемісті дамуына тежеу болды. Егер Шейх адам қолынан жазым болған президенттің қызы болса, Халеда дәл сондай жолмен қаза тапқан тағы бір президенттің жесірі болатын. Алайда, олардың партиялары олардың тегінің есімін елді бірлікке ұйыту үшін пайдалана білді. Ал мұнсыз әскерилердің қоғамдық өмірге араласып, өз үстемдігін елге байлап-таңуы әбден мүмкін еді.

Кейбіреу Мегавати ханым нашар басшы болды десе де, ол диктатор Сухарто билігінен кейін Индонезиядағы демократияландыру процесінің бірізділеніп, нығаюына өзінің құр атақ-даңқымен ғана көп еңбек сіңіріп кетті.

ЖАҢАРУДЫҢ ҒАЖАЙЫП НӘРІ

Сонымен қатар, әулеттер ел дамуына тұсау болар бөгетке айналуы да мүмкін. Малайзияда қазір ел билеп отырған партия кезінде жалпыхалықтық қарапайым ұйым ғана болатын. Оның сапында бұрынғы премьер-министр Махатхир Мохамад тәрізді небір саңлақтар өсіп шығып, өмірде бағы жанған еді. Алайда уақыт өте келе бұл партия қамқоршылық пен желеп-жебеу машинасына айналды, ал оның басты мұраты өз мәртебесін қорғаштау болып қана қалды, дейді басылым.

Билік тағында отырғандар арасында бұрынғы басшылардың тұқымдары мен туыстарының саны тым көп. Ал кейбір мәселенің түп-тамыры бұдан да тереңге кетеді. Бүгінгі азиялық әулеттердің көбінің іргетасы сонау 1945 жылдарда болған саяси саладағы өзгерістер заманында қаланған еді.

Яғни, бұл әулеттердің өмір сүруі мынаны білдіреді: аталған елдерде билікті бейбіт түрде жаңа адамдарға, тұлғаларға және идеяларға
Бүгінгі азиялық әулеттердің көбінің іргетасы сонау 1945 жылдарда болған саяси саладағы өзгерістер заманында қаланған.
өткеріп беру жүйесін қалыптастыру сәтсіздікке ұшырады. Осы орайда «әулет» сөзінің өзі, бұл елдердегі демократияның дамуына қатысты қолданғанда, адамға жаман әсер етері сөзсіз.

Ұйымшылдығы мықты және елді соңынан ертер идея жиынтығына ие партиялар болмаса, саясат даңқты тұлғалардың маңынан ары асып кете алмай, тек осылардың төңірегінде малтыға бермекші. Ал адамның есімі мен түп шежіресінің атақ-даңқы біліктілікке қарағанда маңыздырақ рөл атқаратын болады.

Әдетте, бұрынғы заман элитасы мүшелерінің тұқымдары билейтін партиялар қарақан басының қамын ғана күйттейтін желеп-жебеу машинасына айналып кетіп жатады.

Қорыта айтқанда, Азиядағы квазидемократиялық елдердегі әулеттер жетекшілігі ол мемлекеттердегі халықтың бір ту астына бірігуіне оң ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, әулет билігі елдегі түрлі партиялар мен тараптарды өзара келісімге келтіріп, бұрындары сұлтандар мен патшалар билеген мемлекеттерде ұлттық даралықтың символына айналуы да ғажап емес.

Бірақ та бұндай әулеттер үстемдігі үлгі алатын нәрсе бола алмайды. Бұл тек аталған елдерде шешімін таппаған іргелі мәселелердің бар екендігінен хабардар етеді, деп жазады «Интернешнл Геральд Трибьюн».
XS
SM
MD
LG