Accessibility links

Арада 65 жыл уақыт өтсе де, Освенцимдегі сұмдықты көргендер оны ұмытқан жоқ


Освенцимдегі тұтқын әйелдер барагы.
Освенцимдегі тұтқын әйелдер барагы.

Освенцим мен ГУЛАГ-тың айырмашылығы біреу ғана: ГУЛАГ-та крематорий болған жоқ. Алайда, ГУЛАГ тұтқындары да аса ауыр қара жұмыс азабы мен аштықтан шыбындай қырылды.


СОРАҚЫЛЫҒЫМЕН ӘЛЕМГЕ АТЫШУЛЫ КОНЦЛАГЕРЬ

Арада 65 жыл уақыт өтсе де совет әскері қатарында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер Иван Мартынушкин Освенцим тұтқындарын азат ету кезінде өзі куә болған сорақылықты әлі күнге ұмытпай келеді.

Нацистік Германияның концлагері атаулысының арасынан өзінің сорақылығымен ең әйгілі болғаны осы бір концлагерь еді, деп жазады түріктің «Хурриет» газеті.

Иван Мартынушкин соңғы сәтке дейін, Освенцим қақпасынан енгенше, өз бөлімшесінің жауынгерлері қандай көріністің куәгері болатындығынан мүлде бейхабар еді.
Освенцим концентрациялық лагері.


Алайда, содан бері 65 жыл өтсе де, Қызыл Армия жауынгері Освенцимде өзінің көргені есіне түссе, аза бойы қаза болып, мәңгірген күй кешеді. Бұрынғы жауынгердің өткенді еске алғанда мұндай жан азабы мен қасіретін шегуі кейін ол концлагерь тарихы туралы материалдарды зерттегеннен соң тіпті күшейіп кеткен.

1940 пен 1945 жылдар арасында Освенцимде миллионнан астам адам қаза болған. Олардың бір миллионы нацистер жаулап алған Еуропаның барлық түпкірінен айдап әкелінген еврейлер болатын. Бұлардың кейбірі адамды әбден қажытатын аса ауыр жұмыс пен аштықтан о дүниелік болса, көпшілігі газбен улау камерасында өлтірілді, деп атап көрсетеді «Хурриет».

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Иван Мартынушкин қазір Мәскеуде өз үйінде тұрады. «Мен мұндайды өле-өлгенше ұмытпаспын», – дейді 86 жастағы соғыс ардагері Франс Пресс тілшісіне берген сұхбатында.

Ол Освенцим тұтқындарын азат еткен Қызыл Армия құрамындағы атқыштар бөлімшесіне басшылық етті.

Тілшілер оған қонаққа барғанда әлі де тың әрі шашы түгел ағарған ардагер өзінің мұнтаздай таза пәтерінде маңайына кітап пен фотосурет жиып алып, қарап отыр екен. Оның бірінде ол Ресей премьер-министрі Владимир Путинмен бірге бейнеленіпті.

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ТОЗАҚ

Ардагердің пәтеріндегі қабырғада іліулі тұрған бешпенттің кеуде тұсында әскери медальдар бар екен. Иван Мартынушкин Освенцимде тұңғыш рет тікенек сым темір көргенін есіне алады, онымен фашистер концлагерьдің сыртын қоршап қоятын. Түрмеге таяғанда командирі оқ атпауға бұйрық бергенін Иван арнайы әскери аймаққа келген екенбіз деп түсінген.

«Көптеген ардагер үшін атыссыз, тыныш өткен 1945 жылдың 27 қаңтары өз ерекшелігімен есте қалды. Себебі, бұл кезде олардың маңайындағы барша тұста нағыз сұрапыл, қан майдан өрті толассыз лаулап тұрған болатын», – деп түсіндіреді Франс Пресс тілшісіне сол
1945 жылдың қаңтарында Освенцимнен азат етілген тұтқын балалар.
кездегі ахуалдың ерекшелігін Холокост зерттеушісі Илья Альтман.

Иван Мартынушкин концлагерьде құлаққа ұрған танадай, әдеттен тыс тыныштық орнағанын байқаған. Ал лагерь ауасына адамды дереу буындыра бастайтын күл мен түтіннің өткір иісі әбден сіңіп қалыпты. Ол бұған дейін нацистің басқа да түрмесін көрген екен, алайда оның бөлімшесі Освенцимді айналып шыққанда көрген сұмдықтары тіпті қайран қалдырған.

«Бұл бір алып түрме еді. Түрме қабырғасының бір шетінен екінші шетіне дейін жүріп өту үшін көптеген шақырым жол жүру керек, – деп есіне алады ол. – Біз концлагерь қоршауына жеткенде адамдар тобын көрдік. Олардың үстінде түрмедегілер киетін жолақ униформа болды, ал кейбірі бастарына өзгеше түсті кепештер киіп алыпты».

Кез-келген уақытта ажал шеңгеліне ілініп кету қаупі төнген мұндай тамұққа қамалған олар, әбден арып, азып-тозып, құр сүлдері қалып, тірі өлікке айналған еді. Олардың расында да тірі екенін тек қуаныш толы көздерінен тануға болатын. Олар тамұқтан аман қалып, әлі де көрер жарығы бар екендігіне қуанып тұрды, дейді Иван Мартынушкин.

Совет жауынгерлері таяп қалғандықтан, 60 мыңдай тұтқынды нацистік ұрыс бөлімшелері арттарына ұстайтын «тірі қалқан» ретінде өзімен бірге ала кетеді.

Тұтқындар зорлықпен жүріп өткен бұл «өлім маршының» қатарында болғандардың айтуынша, олардың осыдан бұрын көрген қорлығынан Освенцимде көргендері асып түскен, деп атап көрсетеді газет.

Артта қалған бірнеше мың тұтқын ары қарай жол жүруге қауқарсыз, әбден қажып бітіп, көтерем болған жан деп есептелінді. Әйтсе де, тағдырдың жазуымен, олар жаппай қашып, әбігер болған нацистердің мұршасыздығынан атылып кетпей, аман қалыпты.

НАЦИЗМ МЕН КОММУНИЗМ ЕГІЗ НӘРСЕ

Освенцим қабырғасына таяған кезде, Иван Мартынушкин 21 жаста еді. Алайда, бұған дейін ол майданда 3 жыл бойы қан кешіп, қантөгістерге еті үйренген болатын.

Өзінің мойындауынша, соғыс оның адам азабына деген сезімталдығын біртіндеп мұқалтып жіберген екен. Сондықтан ол әуелі концлагерь ішіндегі тұтқындардың басынан өткен сұмдықты толық сезінерлік халде болмапты.

Тек кейін, нацистер басшылары сотталған Нюрнберг сот процесі басталғанда ғана ол алдында көрсе де, байыбына бара алмаған
Освенцимдегі крематорий. Шілде, 2007 жыл.
нәрселердің шетін түсіне бастаған.

«Біз ондағы пештерді көргенде, е, крематорий деген мынау екен ғой, демек бұлар өлгендерді көмбей, өртеп отырған ғой деп ойладық, – дейді ол. – Біз ол мезетте бұл пештің адамдарды жүйелі түрде қырып отыру үшін салынғанын білмедік. Мұнда газбен улап өлтірілгендерді әкеліп, өртеп отырған».

Освенцим 1940 жылдан бастап, яғни немістер Польша аумағына басып кіргеннен соң, бір жылдан кейін жұмыс істей бастады. Еврейден басқа онда 85 мың поляк, 20 мың сыған, Еуропаның басқа мемлекеттерінің 12 мың азаматы бақилық болып кетті. Сонымен қатар, мұнда 15 мың совет әскери тұтқыны өлтірілді.

«Бұл ешбір басқа соғыстарға ұқсамайтын соғыс болды. Бұл тұтас бір халықтарды жойып жіберу үшін жүргізілген соғыс еді, – деп мәлімдейді Мартынушкин. – Біз бұл жоспар мәнін Освенцимде түсіндік. Онда бәрі, Еуропаның барлық жұртының өкілдері болған еді».
XS
SM
MD
LG