Accessibility links

Австрия парламентінің мүшесі қазақ арнайы қызметінің өкілімен байланыста болғанын мойындады


Вена көшесінде.

Вена көшесінде.

Австрия парламентіне социал-демократтар партиясынан сайланған депутат Антон Гааль Қазақстан арнайы қызметінің Ильдар А. есімді өкілімен өзінің байланыста болғанын мойындады


АВСТРИЯ ДЕТЕКТИВІНІҢ ИЛЬДАР А. ДЕГЕН АДАММЕН КЕЗДЕСУІН ПАРЛАМЕНТ МҮШЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН

Шілденің 22-і күнгі санындағы мақаласында «Австриан таймс» басылымы Австрия парламентінің социал-демократтар партиясынан сайланған мүшесі Антон Гаальдың Қазақстан арнайы қызметінің өкілімен өзінің байланыста болғанын жария түрде мойындағаны туралы жазады.

Ол мұны Австрияда арнайы құрылған үкімет комиссиясы елдегі кейбір саясаткерлер мен журналистер Қазақстанның құпия қызметіне жалданып, жұмыс істепті деген қауесеттің өтірік-шынын тексерумен айналысып жатқан кезде мәлімдеді.

Антон Гааль шілденің 22-інде «ORF TV» телеарнасына берген сұхбатында Венаның бір сыраханасында бұрын Австрия армиясында жұмыс істеген, қазір детектив қызметін атқаратын бір адаммен Ильдар А. есімді қазақтың кездесуіне мұрындық болғанын айтты деп жазады газет.

Гааль сол кездесуде әлгі екеудің арасында болған әңгімеге өзінің қатыспағандығын, кездесу өтіп жатқан кезде өзі даяшымен әңгіме-дүкен құрып отырғанын айтқан. Депутат сонымен қатар, өзінің Венадағы Қазақстан елшілігімен және Қазақстанның арнайы қызметімен мүлде байланыста болмағанын тілге тиек етті деп жазады «Австриан таймс».

Аталған шетелдік арнайы ұйыммен өзінің байланыста болғаны жөнінде баспасөзде жарияланған қауесетті жоққа шығара отырып, Антон Гааль Ильдар А. деген адаммен өзінің телефон арқылы 95 рет тілдесуі жайлы қаңқу сөзді де «толығымен сандырақ» деп атаған.

Антон Гааль – Австрия социал-демократтар партиясының қарулы күштер мәселелері бойынша бұрынғы өкілі, қазір елдің қарулы күштеріне қатысты жіберілген арыздарды тексеру комиссиясының төрағасы.

Телеарнаға берген сұхбатында Антон Гааль өзіне Ильдар А. үй-жай сатып алу жөнінде бір аптанің ішінде екі-үш рет телефон шалғанын, одан соң біршама уақыттан соң қайтара телефон соққаны жайлы айтты деп жазады газет.

Бұдан өзге Ильдар А. парламент депутатының отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбын талқылаған әрі өзін азаматтық қорғаныспен айналысатын қауымдастықтың президенті ретінде таныстырған. Сол әңгімеден соң, бұл шетелдікті өзінің бір ескі досымен, яғни әлгіректе аталған детективпен кездестіруді ұйғарғанын телеарнаға берген сұхбатында Гааль атап көрсеткен.

«ОЛ РАХАТ ӘЛИЕВ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ ҚОЗҒАДЫ»

Сонымен қатар Галль, деп жазады басылым, Ильдар А.есімді адамның Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, бүгінде Австрия үкіметі саяси баспана беріп отырған Рахат Әлиев жайлы сыр тартқанын есіне алған.

Парламент мүшесі сондай-ақ, Конституцияны қорғау және лаңкестікпен күрес жөніндегі қызмет өкілдері (яғни Австрия қарсыбарлау қызметі) өзіне Ильдар A. есімді шетелдікті өздерінің құпия бақылап жүргенін айтқаннан кейін, онымен өзінің байланысын доғарғанын атап өткен.

Антон Гааль телеарнаға берген сұхбатында өзінің бұл істе ешкімнен қандай да бір төлемақы алмағанын әрі ешбір қылмыс жасамағанын айтып ақталып, бұл жайтқа бола өзінің қазіргі атқарып отырған - елдің қарулы күштеріне қатысты жіберілген арыздарды тексеру жөніндегі парламенттік комиссия төрағасы қызметінен кетпейтінін де мәлімдеді деп атап көрсетеді «Австриан таймс».

Таяуда Австрия парламентінде, Австрияның халық партиясының (ÖVP) мүшесі, бұрынғы экономика министрі Мартин Бартенштайн жетекшілік ететін тергеу комиссиясы ұйымдастырылған болатын. Бұл комиссия елдегі кейбір саясаткерлер мен журналистер Қазақстанның құпия қызметіне жалданып, жұмыс істеп кетіпті деген қауесет белең алғаннан соң, осының рас-өтірігін анықтау үшін құрылған дейді басылым.

Аталған комиссия қазіргі уақытта Австрия парламентінің депутаты, осы мемлекеттегі оңшыл радикал Бостандық партиясының (FPÖ) жетекшісі боп қызмет атқаратын Харальд Филимскидің Қазақстанның құпия қызметімен байланысы болғанын не болмағанын тексеру үстінде. Сонымен қатар, комиссия парламенттің тағы бір депутаты, «жасылдар» партиясының мүшесі боп саналатын Карл Олингердің полицияның көмегімен Бостандық партиясының (FPÖ) мүшелерін құпия аңдығаны рас па, өтірік пе - осыны да анықтамақ.

Газеттің жазуына қарағанда, комиссия ел прокуратурасының «жасылдар» партиясының мүшесі, парламент депутаты Питер Пильц пен Австрияның көркеюі үшін Альянсынан (BZÖ) сайланған парламент мүшесі Питер Вестенгалердің депутаттық иммунитетке ие екеніне қарамай, оларды құпия аңдуға санкция бергенінің ақ-қарасын ажыратуды да өзіне міндет етіп белгілеп отыр.

Мұнымен қатар бұл комиссия, Питер Вестенгалердің ұялы телефоны астыртын тыңдалғаны және Австрия армиясының қарсыбарлау қызметі Австрияның көркеюі үшін Альянсынан (BZÖ) сайланған парламент мүшелері Эвальд Штадлер мен Герберт Шайбнерді (бұлар өздерінің парламенттегі қарсыласы Бостандық партиясынан сайланған депутаттарға қарсы шабуыл жасай алуы үшін) арнайы құпия ақпаратпен қамтамасыз еткен дейтін қаңқу сөздің қаншалықты ақиқатпен ұштасатынын да тексермек, деп өз сөзін қорытындылайды «Австриан таймс».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG