Accessibility links

Премьер Кәрім Мәсімовке қызмет көрсететін әуе компанияларына да Еуропаға жол жабылуы мүмкін


Амстердам әуежайы маңында апатқа ұшыраған «Түрік әуе жолдары» компаниясының ұшағы. 25 ақпан 2009 ж.
Амстердам әуежайы маңында апатқа ұшыраған «Түрік әуе жолдары» компаниясының ұшағы. 25 ақпан 2009 ж.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуі себепті, сәуірдің 10-ынан бастап Қазақстанның алты әуе фирмасы Еуропаға және одан бері қарай жүк пен адамдарды тасу құқынан айрылды. Аталған фирмалардың басшылары Еурокомиссияның бұл шешімін «әділетсіз бәсекелестіктің» көрінісі ретінде қабылдап отыр.

ӘУЕ ЖОЛАУШЫЛАРЫ ӨЗДЕРІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІН СЕЗІНУГЕ ҚҰҚЫЛЫ

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Еуропаға ұшуға және оның әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынған әуе компанияларының саны екі жүзден асады екен. Бұлардың көпшілігі Африканың түрлі мемлекеттерінің, атап айтқанда, Анголаның, Конгоның, Экваторлық Гвинеяның, Либерияның, Бениннің, Сьерра-Леонның және Свазилендтің компаниялары.

«Ұшуға тыйым салынған әуе компаниялары» клубының жаңа мүшелері – жоғарыда аталған қазақстандық алты ұйым, Украина мен Тайландтан бір-бір фирмадан және батысафрикалық Бениннің авиация саласындағы барлық фирмалары.

Еуропаға ұшуға тыйым салынған қазақстандық компаниялар мыналар: «Көкшетау әуе жолдары», «Атма», «Саят», Berkut Air, East Wing және Starline KZ.

Ұшақтарды пайдаланудағы қауіпсіздік параметрлері бойынша сәйкес келмегендіктен, Еуропаның әуе кеңістігіне енуге тыйым салынған әуе компанияларының атын Еурокомиссия тұрақты түрде жариялап тұрады. Тыйым салу туралы соңғы шешім 2008 жылдың қараша айында қабылданған болатын, дейді Британияның ВВС ақпарат тарату корпорациясы.

Хабарламада айтылғандай, Экваторлы Гвинея, Қырғызстан, Либерия, Сьерра-Леоне, Свазиленд, Конго және Габон тәрізді елдердің барлық әуе компанияларына Еуропаға ұшуға жаппай тыйым салынған. Габонның екі фирмасының ғана ұшақтарына Еуропа одағы елдеріне ұшуға рұқсат етілген.

«Ұшақтармен сапарға шыққанда әуе жолаушыларының аман-сау болуға, өздерін қауіпсіздікте сезінуге құқылары бар», - деп атап көрсетті Еуропалық Одақтың көлік жөніндегі комиссары Антонио Таджани Еурокомиссияның тыйым салу туралы шешімі шыққаннан соңғы мәлімдемесінде, делінген Еubusiness.com сайтында.

Еурокомиссия алғашқы «қара тізімді» 2006 жылдың наурыз айында жариялап, оған басым көпшілігі африкалық 90 компания кірген. Ал бұл жолы аталған «қара тізім» оныншы рет жаңартылып отыр.

2004-2005 жылдары болған әуе апаттарының салдарынан жүздеген еуропалық жолаушылардың қаза болуы Еуропа үкіметін әуе желілеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін қайта қарауға мәжбүрледі. Жасалған «қара тізім» ЕуроОдақ елдерінің барлығына әсер етеді.

Тізім жылына төрт рет жаңартылып отырады. Ал, тізімнің жасалуына Еуропа Одағы елдерінің әуежайларында болған тексерулердің нәтижесінде анықталған ақаулар, ұшу мерзімі біткен ұшақтардың қолданылуы және Еуропалық Одаққа кірмейтін елдердегі әуе бақылау органдарының өз міндеттерін тиісінше орындамайтын фактілерінің анықталу жағдайы негіз болады деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

«Қара тізім» ұшақтардың Еуропаға ұшуына тыйым салып қана қоймайды. Бүкіл әлем бойынша саяхаттап жүрген әуе жолаушылары осы тізімді басшылыққа алады. Еуропалық Одаққа кірмейтін елдердегі ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жетілдіруге оң ықпал етеді деп атап өтеді агенттік.

Сонымен Бенин, бүкіл ұлттық әуе компанияларына Еуропаға ұшуға тыйым салынған тоғызыншы ел болып отыр. Бұдан бөлек сегіз ел мыналар: Ангола, Конго, Экваторлық Гвинея, Қырғызстан, Индонезия, Либерия, Сьерра-Леоне және Свазиленд.

Мұндай тыйымдардың салдарынан тек әуе компанияларының бюджеті ғана зардап шегіп қоймайды. Ол ел экономикасының басқа салаларына да әсер етуі мүмкін.

Мәселен, Forbes журналының жазуынша, Индонезия әуе компаниялары сол кездері болған бірнеше әуе апаттарынан соң «қара тізімге» 2007 жылы енгізілген. Осының салдарынан, шетелдік туристердің азаюы себепті, бұл елдің туризм саласы әжептәуір зардап шекті.

ЕЛДІҢ БҮКІЛ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯСЫНА ЕУРОПАҒА ҰШУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНУЫ ЫҚТИМАЛ

Қазақстанда шығатын «Время» газеті 11 сәуірдегі санында бұл тақырыпқа үлкен мақала арнаған. Газеттің жазуынша, Азаматтық авиация халықаралық ұйымының комиссиясы (ИКАО) Қазақстанның әуе компанияларын, әуежайларын, әуе мамандары мен навигациялық құралдарын кешенді тексеруге кіріскен.

«Ұшақтары Еуропада тексерілген қазақстандық 18 әуе компаниясының алтауына тыйым салынды. Бұл еліміз үшін қатерлі белгі, - дейді газетке аты-жөнін атағысы келмеген Қазақстанның көлік және коммуникациялар министрлігінің өкілі. - Еуропада тасымалдаушыларға өте қатаң талап қойылады. Бұдан былай тек жекелеген әуе компаниялары емес, еліміздің бүкіл азаматтық авиациясына Еуропаға ұшуға тыйым салынуы ғажап емес...»

«Время» газеті тіпті «премьер-министр Кәрім Мәсімовке қызмет ететін әуе компаниясына ұшуға тыйым салынуы мүмкін» дейді. Мақала авторының айтуынша, Еурокомиссияның шешімдері шетелдік ұшақтардың қауіпсіздігін бағалауға арналған SAFA (Safety Assess-ment of Foreign Aircrafts) бағдарламасы аясында алынған деректердің негізінде қабылданады.

SAFA бағдарламасы өзінің инспекторына Еуропа одағының кез-келген әуежайында, кез-келген уақытта, кез-келген елдің, кез-келген ұшағын тексеруге құқық береді. «Время» газетінің жазуынша, бұл тексеру ұшақты сырттай тексеруден бастап экипажда арнайы қолшамдардың болуын қоса алғанда 63 пункттен тұрады.

«Время» газеті Еурокомиссияның аталған шешімдері әсер еткен қазақстандық әуе компаниялары өкілдерінің қызықты аргументтерін келтірген.

«Времяның» жазуынша, қазақстандық East Wings әуе компаниясының вице-президенті Анатолий Розенфельд Еуропалық Одақ органдарының шешімдерін былай сипаттады: «Бұл болып жатқандардың барлығы фарс!.. Біз SAFA инспекторларынан екі ескерту алдық: біздің Ил-76 Болгарияға лас күйінде ұшып келгенде және Францияда біздің ұшағымыздың қозғағышының қақпағындағы ілгіш сәл керіп тұрғанда.

Біз бұл ұсақ-түйекті тез жөндедік... Және олардан осыны растайтын құжат алдық. Бірақ, Еурокомиссия шенеуніктерін біздің дәлелдеріміз сендірмеді. Шамасы, олардың қорытындысы алдын-ала даярланып қойса керек. Олар жай ғана бізді шығарып тастағысы келді және солай істеді. Бұның себебі біреу-ақ, ол – бәсекелестік деп есептеймін».

Анатолий Розенфельд газетке берген сұхбатында мұндай «бәсекелестікке» қатысты ресейліктердің тәсіліне назар аударады: «...Еуропалықтар олардың ұшақтарына тыйым салу турасында Ресейге де қысым жасамақ болды... Бірақ. ресейліктердің жауаптары өте қарапайым болды: біздің ұшақтарымыздың ұшуына рұқсат бермейсіздер ме, онда біз де сіздердің ұшақтарыңызды тексереміз... бұл әдіс еуропалықтарды бірден тәубесіне түсірді!»

Соған қарамастан, ақтөбелік Starline KZ әуе компаниясының қаржылық директоры Леонид Соколов «Время» газетінің бетінде барлық кінәні ел билігіне аударады: «Біз негізінен батыстың техникасын пайдаланғандықтан батыстың ережесімен жұмыс істеуіміз керек. Ал, енді Азаматтық авиация комитетінде оның төрағасынан басқа ешкім ағылшын тілін білмейтін болса не істеуіміз керек! Бүкіл Қазақстан бір аяғымен «қара тізімде» тұрғанына таңдануға бола ма?!»

Егер билік өкілдерінің сөзіне сенсек, мәселенің барлығы мұнда емес екен. Аталған басылымға берген сұхбатында, Қазақстанның Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Мұхит Құбаев осы халықаралық оқиғаға қатысты өз көзқарасын былайша білдіреді:

«Қазақстанның барлық ұшақтарын біз жылына екі реттен тексеруіміз керек. Ал, біздің комитетте бар болғаны тоғыз инспектор ғана жұмыс істейді. Әрине, біз ештеңеге үлгере алмаймыз! Бізге біліктілігі жоғары мамандар жетпейді. «Эйр Астанада» бірнеше мың доллар алатын мүмкіндігі болса, олар біздің 50 мың теңгелік жалақымызға келе ме?»
XS
SM
MD
LG