Accessibility links

Сотқа тартылған БТА банк жабылып қалуы мүмкін


БТА банктың Алматыдағы бөлімшелерінің бірі.

БТА банктың Алматыдағы бөлімшелерінің бірі.

Шетелдік басылымдардың талдаушылары БТА банк жабылуы мүмкін деп жазады. Сарапшылардың пікірінше, БТА банктың дефолтқа ұшырауының салдары Қазақстанның күллі қаржы саласына орасан нұқсан тигізуі ықтимал.


КРЕДИТОРЛАР 550 МИЛЛИОН ДОЛЛАРДЫ ҚАЙТАРУДЫ ТАЛАП ЕТУДЕ


Мемлекеттік «Самрұқ Қазына» қоры биылғы жылдың басында, банкке банкротқа ұшырау қаупі төніп тұр деп, БТА банктың акцияларының 75 пайызын 1,7 млрд. долларға сатып алғаны мәлім.

Одан кейін іле-шала, банктың бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовқа алаяқтық жасап, ел қаржысын қымқырды деген кінә тағылып, оны тұтқындауға санкция берілген болатын. Алайда, БТА банк мемлекет иелігіне өткен соң Лондонға кетіп қалған М.Әблязов өзіне тағылған барша айыптарды жоққа шығарудан танбай келеді.

Сәуір айының соңында халықаралық S&P агенттігі БТА банктың рейтингін «дефолт» деңгейіне дейін төмендеткенін Silkroadintelligencer сайты хабарлаған еді.

Сонымен бір уақытта, банкке несие берген 2 тұлға (аса ірі халықаралық қаржы ұйымдарының біреуі Морган Стэнли, ал екіншісінің аты құпия қалып отыр) өздерінің 550 млн. долл. көлеміндегі қарызын банктен кері қайтару туралы талап қойғаннан кейін, БТА тарабынан өзінің қарыздары бойынша төлем төлеуді банктың тоқтататыны жайлы мәлімдеме жасалған еді, деп атап көрсетеді Financial Times. Газет шолушысының айтуынша, бұл талаптың салмағы Қазақстанның күллі қаржы жүйесіне білінді.

СОТПЕН ҚОРҚЫТУ

Financial Times газетінің хабарлауынша, банктың бұрынғы иелері Голландия, Австрия және Швейцарияда кең көлемді сот процестерін ұйымдастырамыз деп сес көрсетуде. Ол іске асатын болса, нәтижесінде Қазақстан үкіметіне шығынды өтеуге байланысты қойылатын талаптың мөлшері 20 млрд. долларға дейін өсіп кетуі мүмкін.

БТА банктың бүгінгі басшысы Әнуар Сәйденов, қазірден-ақ банктың бұрынғы иелері 3 млрд. доллар өтемақы төлесін деген талаппен Қазақстан үкіметіне қарсы халықаралық сот орындарында іс қозғатып отырғаны жайлы мәлімдеме жасады.

Аталған сот ісімен лондондық Clyde & Co адвокаттық мекемесі айналысып жатыр. Ал Мұхтар Әблязов болса, түрлі мүдделі тараптарға әділетсіз іс-әрекетімен айтарлықтай зиян келтіргені себепті, Қазақстан үкіметіне қарсы бағытталған шаралардың ауқымы кеңеюі мүмкін екендігін айтады, деп жазады Financial Times.

ЕЛЕНА БАХМУТОВА: БАНКТЫ ҚАЙТКЕН КҮНДЕ САҚТАП ҚАЛАМЫЗ ДЕУДІҢ РЕТІ ЖОҚ

Сарапшылардың пікірінше, БТА банктың дефолтқа ұшырауының салдары Қазақстанның күллі қаржы саласына орасан нұқсан тигізуі ықтимал. Германияның ең ірі банкі Deutsche Bank-тің талдаушысы Оксана Райнгардт бұл ахуал БТА банк үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін салмағы ауыр сынақ болар түрі бар, деген мәлімдеме жасады.

БТА банк Ресейдің мемлекеттік Сбербанкіне өзінің акциялар пакетінің бір бөлігін сату жөнінде онымен келіссөздер өткізуде, алайда бұлар қазір БТА банкке аудит жүргізіп жатқан KPMG компаниясының тексерісінің нәтижесі шыққанын тосып отыр. Financial Times газетінің жазуынша, Қазақстан банктері шетелге жиыны 45 млрд. доллар қарыз болса, соның ішінде БТА банктың үлесі 15 млрд. доллар шамасында.

Әйтсе де, Қазақстан үкіметі бұл күрделі мәселені банкті жаба салу арқылы оп-оңай шеше салуы да ықтимал, дейді сарапшылар. Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Қазақстандағы банктерді қадағалайтын басты мемлекеттік орынның басшысы Елена Бахмутова ресми түрде мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, егер несие берушілер банктың қарыздарына реструктуризация жасау мүмкіндігін пайдаланудан бас тартса, онда БТА банктың жабылуы ықтимал.

Елена Бахмутова БТА банк пен оған қарыз берушілерді (үкімет тарабынан) қолдан келген барша шараларды қолдану арқылы құтқаруға тырысу дұрыс емес болар еді, дейді. Оның: «Қарыз берушілер кәсіпқой мамандар боп табылады. Олар өздерінің (несиені берген кезде) не істеп жатқанын білуі тиіс болатын», деген сөзін келтіреді Reuters.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG