Accessibility links

«ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алып, Қытай мүшелтойына орай өз-өзіне тарту жасады


Қытай Халық республикасы өзінің 60 жылдық меретойын дүркірете тойлады. Аспан асты елі бұл мерекесін Орталық Азия аймағындағы өзінің сыртқы экономикалық экспансиясын одан әрмен өрістете түсумен атап өтіп отыр.

ИНТЕГРАЦИЯ ҚАРҚЫН АЛУДА

Қытайдың «Чайна Инвестмент корпорейшн» (CIC) мемлекеттік инвестициялық қоры осы аптада «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» фирмасының 11 пайыздық акция пакетін сатып алды. CIC-нің өкілдерінің айтуынша, инвестициялық қор Қазақстанның мұнай мен газ өндіретін компаниясының Лондон қор биржасында айналыста жүрген құнды қағаздарын сатып алу үшін 939 миллион доллар төлеген екен.

«Файненшл таймс» басылымы осы сауда мәмілесінің нәтижесінде Қытайдың Орталық Азияның осынау елінің энергетика саласына одан әрмен бойлай еніп отырғанын жазады. Бүгінде бұл салада басымдыққа ие болу үшін әртүрлі алпауыт мемлекеттер арасында қатты бәсеке күресі жүріп жатыр. «Файненшл таймс» өткен жылдың соңына қарай CIC-тің активтерінің жалпы сомасы шамамен 300 миллиард долларды құрағанын атап өткен.

Соңғы жылдары Қытай Орталық Азия елдері, әсіресе өзімен ортақ шекарасы бар Қазақстанның экономикасына инвестиция салуын тұрақты түрде өсіріп келеді.

Қытай, Ресей, Америка Құрама Штаттары мен Еуроодақ мүдделері қақтығысының бел ортасында қалған Қазақстан, бұл сыртқы күштер ықпалын өзара теңгеру арқылы өзінің геосаяси мүдделерін қорғауға ұмтылуда. Дегенмен, әлемдегі дағдарыстық ахуал Қазақстанның Қытайға тәуелділігін күшейтті, деп жазады газет.

Сәуір айында Қытай Қазақстанға 10 миллиард доллар несие берген болатын. Бұл Қытай тарабынан келешекте өзіне тұрақты мұнай тасымалын қамтамасыз ету әрі «МаңғыстауМұнайГаз» фирмасының акцияларын қытайлық компания China National Petroleum Corp (CNPC) пайдасына сатып алуды көздеп жасалған әрекет еді. CNPC сонымен қатар, Қазақстан жерінде басталып Қытайдың солтүстік-батыс бөлігімен жалғасатын мұнай құбырының құрылысын кеңейтуде. Және де бұл қытайлық компания табиғи газды Қытайға тасымалдайтын орталық азиялық жаңа газ құбырын салып жатыр.

«Файненшл таймстың» жазуына қарағанда, бір геосаяси сарапшы: «Елдегі қытай инвестициясы мөлшерін есепке ала отырып айтқанда, Қазақстан үшін енді өз сыртқы саясатында Бейжің талаптарына кереғар келетін шешімдер қабылдау мүмкін емес шаруа болып табылады», - деп мәлімдеген екен.

ҰЛЫ МҰНАЙ - ГАЗ ЖОЛЫ

«Рейтер» агенттігі Қытайдың ең ірі мұнай компаниясы саналатын CNPC Орталық Азия мен Ресейде 16 ірі жобаны іс жүзіне асырып жатыр деп хабарлайды. Қытайдың ең ірі мұнай өңдеу компаниясы саналатын Sinopec болса, CNPC мәліметі бойынша, аталған аумақта 2007 жылдың соңына қарай 8 жобаны іс жүзіне асыру үстінде болған.

«Блумберг» ақпарат агенттігі Қытайдың Канададан Нигерияға дейінгі алып аумақта табиғи ресурстарға ие болу үшін айрықша белсенділік танытып отырғанына назар аударады. Бұл әлемдегі ең ірі экономикалар ішіндегі ең қарқынды өсіп отырғанының – яғни Қытай экономикасының – даму екпінін сүйемелдеу үшін қажет тәрізді. ҚХР әлемдегі шикізат тауарларын, соның ішінде соя, мақта мен темір кенін, ең ірі көлемде сатып алушы ел болып есептеледі.

Қытай экономикасы биыл 8,2 пайыз мөлшерінде өседі деген болжам жасалуда. Бұл бұдан бұрынырақ наурызда жасалған әрі өсу 7 пайыз мөлшерінде болады дейтін жорамалдан артығырақ, деп мәлімдеді таяуда Азия даму банкі өкілдері.

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЭКСПАНСИЯ

«Уолл-стрит джорнал» басылымының жазуынша, аталған мәміле CIC үшін пайдалы. Себебі, егерде шикізат бағасы өсіп кетсе, онда компанияның кірісі тек арта түсетін болады. Қытай инвестициялық қоры, деп жазады «Уолл-стрит джорнал», негізінен акция пакеттерінің миноритарлық үлестерін сатып алып жатыр, осы арқылы ол саяси себеп бойынша туындауы мүмкін қарсыластықтан жалтарып кетуге ұмтылып отыр.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» фирмасының акция пакетін сатып алуға қатысты сауда әрекеті Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясының жалпы көлемінің одан әрмен өсуіне алып келді. CNPC PetroKazakhstan компаниясының 67 пайыздық үлесіне ие екені белгілі. Ал PetroKazakhstan 2007 жылы 10 миллион тонна шикізат өндірген еді, бұл күніне 200 мың баррель мұнай өндіруге барабар цифр болып табылады.

«Бизнес уик» апталығы Қытайдың бұған дейін де Қазақстан экономикасында маңызды ықпалға ие болып келгенін атап айтады. Осы жылдың сәуірінде Қытайдың China National Petroleum мемлекеттік мұнай компаниясы «МаңғыстауМұнайГаздың» 50 пайыздық акция пакетін сатып алған еді. Бұл мәміле қытайлық компаниялардың Қазақстанның мұнай өндіру саласындағы жалпы үлес салмағын арттырып, 15 пайыз мөлшеріне дейін жеткізді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG