Accessibility links

Кәрім Мәсімовтің үкіметі тұсында Қытай Қазақстанның негізгі әріптесіне айналды


Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

Қытай мысықтабандап Орталық Азия елдері экономикасының негізгі ойыншысына айналып келеді. Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов бұл үдерістің арты игі болатындығына сенімді деп жазады британ газеті «Файненшл таймс».


АСПАН АСТЫ ЕЛІНІҢ АРАНЫ


«Файненшл таймс» басылымының жазуына қарағанда, таяуда Кәрім Мәсімовтың кабинетіне барған бір адам, Қазақстан премьер-министрінің екі аяғын үстелінің үстіне көсілтіп қойып, Қытай фәлсәфәсі туралы кітап оқып жатқанының дәл үстінен түсіпті. Бейжің мен Хунань университеттерінде оқыған Мәсімов Қытай жөнінде көп нәрсені біледі, деп жазады газет.

Ал мына заманда мұндай қабілетке ие болу өте маңызды. Тек бір биылғы жылдың ішінде ғана Қазақстан үкіметі Қытай тарабынан 15 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржылай көмек алуға қол жеткізді. Қытай, есесіне, Қазақстан Республикасынан мұнай, металдар мен азық-түлік тауарларын тасып алатын болады.

Қытай бұл көмекті Қазақстанның сыртқы саудадағы ең ірі серіктесі мәртебесін Ресейдің аузынан іліп әкетіп бара жатқан кезінде бергелі отыр және аталған көмек құнының саяси астары бар. Мұнайға бай бұл орталық азиялық елдің кей топтары аталған көмекті алу Қытайдың елді баяу отарландыра бастауына алып келмей ме деп мазасызданып отыр, деп атап көрсетеді газет.

Кәрім Мәсімов Қазақстанның тәуелсіздігіне Қытайдан келер қауіп жоқ деп санайды.

«Біз Ресей мен Қытайдың ықпалын өзара теңгере отырып өз мүддемізді қанағаттандырамыз. Мұндай теңгерім қамтамасыз етіліп тұрғанда бәрі де көңіл толарлық боп қала береді. Себебі, ешбір тарап Қазақстанға қысым көрсете алмайды», – деп мәлімдеді ол «Файненшл таймс» басылымына.

Қытай берген қарыздар Қазақстанға экономикасындағы дағдарыс салдарымен күресуде сеп боп жатыр. Аталған дағдарыс дүниежүзілік қаржы саласындағы тұрақсыздық салдарынан шетел банктерінің Қазақстанның жекеменшік банктеріне несие беруін тоқтатқаннан кейін басталған еді. Өйткені, аталған Қазақстан банктерінің несие берушілер алдындағы борышы орасан зор болатын.

АҚОРДАНЫҢ БҰЛТАЛАҢ САЯСАТЫ

Мұнай бағасының төмендеп кетуі ұлттық экономикаға да кері әсерін тигізді. Баға бұлай түсуі ел экономикасының энергия ресурстарын экспорттауға тым тәуелді екендігінің бетін ашып берді. Ресейде де дағдарыс орын алғандықтан, осы елден Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция мөлшері азайып кетті.

Қазақстанның кейбір ірі банктері дәрменсіз күйге түсіп, олардың шетел банктері алдындағы өте көп мөлшердегі қарызының мүлде қайтпайтыны белгілі болды. Осыдан қатты зиян шегіп, зәтте болған бұл банктер таяу арада Қазақстан банктеріне несие беруге қайта бара қоймас, деп атап көрсетеді басылым.

«Біздің саясат өте бір сындарлы саясат, – дейді Кәрім Мәсімов. – Қытай экономикасының өсуін біз пайдаланып қалуға тиіспіз».

Совет Одағы ыдыраған 1991 жылдан бері Қазақстан нәзік геосаяси теңгерім ойынын жүргізіп келеді. Яғни, Астана елдің мол мұнай қорын игеру құқын Қытай, Ресей мен Батыс елдеріне теңдей дерлік негізде үлестіріп беріп отыр.

Алайда, дүниежүзілік экономика дамуының бәсеңдеуі Қытайдың суырылып алға озуына мүмкіндік берді. Бұл ахуалды Қытай ірі мұнай кеніштерін топтап, түгімен жұтып, экономиканың басқа да саласында өзінің ықпалын арттыруға пайдаланып қалмақ боп күш салып жатыр.

Сәуір айында Қытай Қазақстанға 10 миллиард доллар несие берді. Бұл қаражат болашақта Қытайға жіберілуі тиіс мұнай үшін төленген
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақты) пен Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Орталық Азия газ құбыры жобасының құрамдас бөлігі «Қазақстан – Қытай» жобасының тұсаукесер рәсімінде. Астана, 12 желтоқсан 2009 ж.
ақша еді әрі оның бір бөлігі Қазақстандағы өзі өндіретін кенінің көлемі бойынша бесінші орын алатын «МаңғыстауМұнайГаз» фирмасындағы үлесті сатып алуға жұмсалды.

2006 жылы салынған Қытайдың «CNPC» фирмасының мұнай құбыры таяуда кеңейтілді. Аталған құбыр Қазақстаннан Қытайға кен тасымалдау үшін салынған болатын.

Енді Қытайға күніне 400 мың баррель мұнай тасымалдана алатын болды. Бұл Қазақстанның жалпы мұнай экспортының бестен бір бөлігіне тең келеді, деп түсінік береді аталған ахуалға басылым.

Қытай лидері Ху Цзиньтао желтоқсан айында Орта Азия мен Қытай нарығын қосатын жаңа газ тасымалдау құбырының ашылу рәсіміне қатысу үшін Астанаға келді. Осы сапарында ол мұнай өңдеу, ядролық энергетика, металл өндіру мен ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі жобаларды іс жүзіне асыру үшін Қытайдан тағы да 5 миллиард доллар қарыз алуды ұсынған болатын.

«БІЗ ТАУАРЫМЫЗДЫ САТАТЫН МҮМКІНДІКТІ ЖІБЕРМЕУГЕ ТИІСПІЗ»

Мәсімовтың айтуынша, деп жазады газет, Ресеймен экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған шаралар Қытайдың Қазақстандағы ықпалының тым өсіп кетуіне тұсау болуы тиіс.

Дегенмен, Қытайдың Қазақстандағы ықпалының артуы елде алаңдау тудырып отыр. Аталған алаңдаушылық тамыры ерте тарихи дәуірлерден бастау алады және ол Бейжіңнің империялық кеудемсоқ саясатының мүмкін салдарымен байланысты.

Қазақ патриоттары Қытай тарабынан жасалған Қазақстанның шығыс аймақтарындағы жерлерді жалға алу жөніндегі ұсынысты қабылдауға қарсы үн көтерді. Қытай аталған жер телімі ауыл шаруашылығы мақсатында өңдеу үшін қажет деп уәж айтқан еді. Қазақ патриоттары ұсынысты қабылдау қытайлардың елге қаптай енуіне жол ашып бере ме деп алаңдайды, деп жазады «Файненшл таймс».

Мәсімов өз елінің Қытаймен Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында түрлі жобаны іс жүзіне асыруды қаржыландыру жайлы келіссөздер жүргізіп жатқаны жөнінде мәлімдеді.

«Біз елдегі жерді Қытайға таратып беріп жатқан жоқпыз. Мемлекетіміздің Жер кодексі мұндай мәмілеге тыйым салады. Алайда, егер бізбен өзімізден дәнді дақыл сатып алу ниеті бар клиент кездессе, ол Арабия ма, не Қытай ма, бәрібір, онда тауарымызды өткізіп жіберу мүмкіндігін құр жібермеуге тиіспіз», – деген премьер-министр Кәрім Мәсімовтың сөзін келтіреді британ басылымы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG