Accessibility links

Қазақстандық мектеп оқушыларының математикадан білім деңгейі американдық құрдастарынан жоғары


Астанадағы 37-ші мектеп. 1 қыркүйек, 2009 жыл.

Астанадағы 37-ші мектеп. 1 қыркүйек, 2009 жыл.

АҚШ-та мектеп оқушыларының біліміне жасалған тест нәтижесі жарияланды. Ол Қазақстанның төртінші сынып оқушыларының математика саласында білім деңгейі бойынша америкалық құрдастарынан алда келе жатқанын көрсетті. Америка үкіметі жағдайды түзетуге шара қолданбақшы.


АМЕРИКАНДЫҚТАР МАТЕМАТИКАДАН АРТТА ҚАЛЫПТЫ

«Уоллстрит Жорналдың» жазуына қарағанда, АҚШ-тың төртінші сынып пен сегізінші сынып оқушысының әрбір онының шамамен алғанда төртеуінің математика пәні бойынша үлгерімі талапқа сай деңгейде екен. Мұны 2009 жылдың басында өткізілген беделді федералдық тест нәтижелері көрсетіп берген. Газеттің айтуынша, аталған мәлімет американ үкіметінің мемлекеттегі білім беру жүйесін қайта құру арқылы елдің экономикалық бәсекелесу қабілетін арттыруға бағытталған шараларының сәтсіздігінің тағы бір куәсі болып табылады.

Халық арасында «елдің оқу үлгерімі кестесі» деп аталып кеткен Білім беру саласындағы ілгерілеуді ұлттық бағалау (БСІҰ) нәтижелері 2007 жылы математикадан өткізілген ең соңғы БСІҰ тестінен бергі уақытта АҚШ-тың төртінші сынып оқушылары өздерінің математикадан үлгерім көрсеткішін жақсартуға қол жеткізе алмағанын айғақтады.

Басылымның сөзіне қарағанда, 1990 жылдан 2007 жылға дейінгі кезеңде төртінші сынып оқушылары математикадан өткізілген әр БСІҰ тестінен кейін математиканы игеру бойынша ілгерілегендерін көрсетіп отырған.

Тест қорытындысы соңғы жылдар ішінде ақ түсті оқушылар мен олардың испан тілді афро-американ құрбылары арасындағы ұпай айырмашылығының да көп өзгермегенін көрсеткен. Саясаткерлер мен бизнес жетекшілері бұрыннан-ақ американ студенттерінің көпшілігінің жоғары білімді қажетті математикалық машықты иелене алмаған күйі алатындықтарын айтып, шағымданумен келеді. Ал ондай қабілет пен машық үсті – үстіне енгізіліп жатқан жаңа технологияға тәуелді боп отырған халықаралық экономикада лайықты түрде бәсекелесу үшін ауадай қажет.

Өткен жылы президент Джордж Буштың тұсында тағайындалған Математика пәні бойынша ұлттық консультативтік кеңес арнайы есеп жариялаған болатын. Онда математикалық білім берудің ұлттық жүйесі «бүлініп, бұзылған әрі қайта құрылуы қажет» деп айтылады.
Өткен желтоқсан айында АҚШ пен басқа да мемлекеттер «Математика мен ғылымды игеру саласындағы халықаралық үрдістер» («ғылым» немесе science деген ұғым физика, химия, биология және басқа да пәндер саласына жататын білімді қамтиды) атты халықаралық тестің нәтижесін жариялады. Жария етілген қорытындылар математиканы оқып-үйренуші американ оқушыларының соңғы жылдар ішінде бірқатар ілгерілеуге қол жеткізе алғанын, дегенмен Сингапур, Гонконг пен Тайвандағы құрбыларынан артта қалып келе жатқанын айқындап берді деп атап көрсетеді басылым.

Биыл, бұдан сәл ертеректе АСТ (American College Test) тестілеу қызметі жүйесі бойынша өткізілген бақылау нәтижесі жарияланған еді. Бұл нәтижелер тест тапсырған орта мектеп бітірген американ оқушыларының тек 42 пайыздайы ғана колледж деңгейінде оқытылатын математика есептерін шешу үшін қажет дайындыққа ие екендігін көрсеткен. Таяуда өткізілген колледждерге түсу емтихандары немесе SAT (Scholastic Assessment Test – АҚШ–тың колледждер Кеңесі орталықтандырылған түрде өткізетін стандартталған тест. Мұнда сарапшылар білім берудің әртүрлі саласына қатысты қабілетті бағалаудың стандартталған жүйесін қолданады) қорытындылары да жастардың математика пәні бойынша даярлық деңгейі жақсармай отырғанын дәлелдеп берген.

Осы аталған нәтижелерге қатысты кей педагогтар бір ғана, жалғыз жарым БСІҰ тесті нәтижесінің себебінен соншама дау-дамай көтеру орынсыз деген сөз айтып жатыр. Алайда, басқалары соңғы қорытындылар пәрменді қайта құру шараларының қажеттілігіне меңзейді деуде. Олардың айтуынша, 2001 жылы қабылданған мемлекеттік бастауыш білім беру стандарттарын жақсарту жөніндегі федералдық заң (No Child Left Behind Act) мен штаттар деңгейінде қолға алынып жатқан білім беру саласындағы әртүрлі бастамалар аталған олқылықты түзеу үшін жеткіліксіз болып табылады.

«ІСТІҢ АБЗАЛЫ, БІЗДІҢ СЕКІРІС ЖАСАУЫМЫЗ»

Өзінің мәлімдемесінде АҚШ білім беру министрі Арни Данкэн БСІҰ тесті нәтижесін «қабылдауға келмейді» деп атап, олардың «оқушылардың үлгерім деңгейін көтеретін реформалардың» қажеттігін көрсетіп бергенін айтқан. Математикаға арнайы екпін салмаса да, президент Барак Обама әкімшілігінің білім беру стратегиясы аталған салада әлдеқайда қатаң шаралар қолдануға үндейді. Ол шаралар қатарына көптеген чартерлік мектеп (ерекше артықшылығы бар мектептер, Америкада 1990 ж. басынан бастап пайда болды) ашу мен мұғалімдерге еңбекақыны жұмысының нәтижесіне қарай төлеу жүйесін енгізу де кіреді.

БСІҰ тестілеуін бақылайтын басқарма төрағасы Дэвид Дрисколл сегізінші сынып оқушыларының ұпайлары аздап өссе де, бұл «ілгерілеудің қарапайымдығы сонша, мұны біздің балаларға қажет нәрсе деп айтуға келмейді» деп отыр. Массачусетс штаты бойынша білім беру саласының бұрынғы арнайы уәкілетті өкілі Дэвид Дрисколл АҚШ-тағы оқу жылы ұзартылуы керек әрі көбінің даярлық деңгейі төмен боп отырған математика пәні мұғалімдерінің білімін жетілдіруге көбірек көңіл бөлу жөн дейді. Ол: «Істің абзалы, біздің секіріс жасауымыз» деген байлам жасайды.

«Уоллстрит Жорналдың» айтуынша, АҚШ Білім беру министрлігі бақылау жасайтын математика, әдебиет пен басқа пәндер бойынша БСІҰ тестілері бүкіл мемлекет аумағы бойынша мерзімді түрде емтихан алу үшін әдейі іріктеліп алынған оқушылар тобына ұсынылады екен. Штаттар деңгейінде жыл сайын өткізілетін білім беру жөніндегі тестілерге қарағанда БСІҰ тестілері талап деңгейі бойынша әлдеқайда қатаң деп саналады.

Нөл мен 500 балл арасын алып жатқан бағалау шкаласы бойынша Американың 4 сынып оқушылары орташа есеппен 240 балл жинаған, бұл 2007 жылғы математикалық тестінің нәтижесімен бара - бар көрсеткіш. Педагогтар мұндай өзгеріссіз түрде қалып отырған нәтиже мәнін қалай түсінерін білмей айран-асыр қап отыр, себебі мұнан қандай да бір үрдісті байқау мүмкін емес.

«Мен бұл нәтижелерге соншама аса мән беруден аулақ болар едім», - деп мәлімдеді аталған қорытындыға қатысты Математика мұғалімдерінің ұлттық кеңесі деп аталатын кәсіби топ жетекшісі Кичун Янг.

240 балға тең боп отырған орта көрсеткіш 4 сынып оқушыларының көпшілігінің БСІҰ бағалау жүйесінің «бастапқы» бөлігінде орналасатындығын білдіреді. Мұның мәні олардың үш таңбалы саннан қос таңбалы санды шегере алуға қабілеттілігін білдіргенімен, олардың түрлі геометрия есептерді шешу барысында параллель және перпендикуляр түзулерді айыра алмайтындығын көрсетеді.

Ал 8 сынып оқушыларының қол жеткізе алған орта көрсеткіші 283 балға тең болды. Бұл 2007 жылы өткізілген тест барысында қол жеткізілген көрсеткіштен 2 балға ғана жоғары. Бұл нәтиже де 8 сынып оқушыларының көпшілігінің БСІҰ бағалау жүйесінің «бастапқы» бөлігінде орналасатындығын білдіреді. Яғни, мұның мәні олардың графикте белгіленген тәуелділік қисықтарынан ақпарат оқи алатындығын білдіргенмен, алайда алгебра теңдеуін құрастырып, олардың жауабын табу оқушылардың қолдарынан келмейтінін білдіреді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР АМЕРИКАНДЫҚТАРДАН АЛДА

2007 жылы өткізілген «Математика мен ғылымды игеру саласындағы халықаралық үрдістер» тесті нәтижесі бойынша математикадан орташа балдар мен рейтинг көрсеткіші

4 сынып 8 сынып
РейтингЕлдерОрташа
балл
РейтингЕлдерОрташа
балл
1

Гонконг

607
1Тайвань598
2Сингапур5992Оңтүстік Корея597
3Тайвань5763Сингапур593
4Жапония5684
Гонконг572
5Қазақстан549
5Жапония570
11АҚШ529
9АҚШ508


Ескерту: «Математика мен ғылымды игеру саласындағы халықаралық үрдістер» тестінің берілген көрсеткіштері 36 елдің 4 сынып оқушылары мен 48 елдің 8 сынып оқушылары арасында жүргізілген тестілеу нәтижесіне негізделіп беріліп отыр.

Мәлімет көзі: Білім беру саласының статистикасы жөнінен АҚШ ұлттық орталығы (National center for education statistics).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG