Accessibility links

Қазақстанда корпоративті дефолттар басталды, сарапшылардың есебінше, Астана Бейжіңнен көмек сұрауы мүмкін


Оппозицияға қолдау білдірген жұрт "Азат" партиясы өткізген митингте үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Алматы, 21 ақпан 2009 ж.
Оппозицияға қолдау білдірген жұрт "Азат" партиясы өткізген митингте үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Алматы, 21 ақпан 2009 ж.

Дағдарыс салқыны қаттырақ сезілуде: корпоративті бағалы қағаздар бойынша дефолт толқыны басталып кетті, шағын және орта кәсіпорындардың 70 пайызы банкрот болудың алдында тұр, жұмыссыздық көбеюде. Шетелдік сарапшылар Астанаға ХВҚ немесе Қытай тарапынан қаржылай көмек қажет деп есептейді.

Қайта құру және даму халықаралық банкі (ҚҚДХБ) жорамалына құлақ ассақ, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет жаһандық экономикалық құлдырау болғалы тұр деп жазады неміс газеті Hamburger Morgenpost. Банк сарапшыларының пікірінше, 2009 жылы әлемдік саудада соңғы 80 жылдағы ең күшті құлдырау болайын деп тұр, ал жер шарындағы өнеркәсіптік өндіріс өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға төмендейді.

«ҚҚДХБ жорамалы жуырдағы Халықаралық валюталық қордың болжамына қарағанда айтарлықтай торығуға толы, – делінеді жарияланымда. – ХВҚ өткен аптада ғана 0,5 пайыздық бүкіләлемдік өсуді алға тартты, бірақ, сөйте тұра бұл болжамның жуық айларда кему жағына қарай өзгеруі ықтимал екенін де жоққа шығармады».

ҚҚДХБ дағдарыстан әсіресе дамушы елдер зардап шегеді деп қауіптенеді. Азия даму банкі (АДБ) сарапшыларының да қауіп көріп отырғаны осы. Олардың пікірінше, әлемдік нарықтағы сілкіністердің нәтижесінде Азия 9,6 триллион доллар жоғалтты, бұл осы аймақтың жылдық ЖІӨ мөлшерінен де көп. Жағдай тек осы жылдың аяғында немесе келер жылдың басында ғана өзгеруі мүмкін, АДБ мұндағы ең қиын кезең алдағы 12-18 айды қамтиды деп санайды.

Соңғы күндері Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған әлемге ортақ валюта енгізу арқылы жаһандық дағдарыстан шығу жолы қызу талқыланғаны белгілі. Алайда мұндай әлемдік деңгейдегі кеудемсоқтық ұсыныс Қазақстанның ұлттық экономикасын қалтарыста қалдырады. Сонымен қатар аталмыш хабарлама үлкен қобалжу белгілерін көрсетеді.

Қазақстандық қор нарығында дефолт толқыны бастау алды

12 наурызда Reuters агенттігі берген ақпаратқа сәйкес, «Қазақ дистрибуциялық компаниясы» (Kazakh Distribution Company – KDC) ішкі облигациялар бойынша сыйақы төлеуге дефолт жариялады. Қазақстан қор биржасы (KASE) таратқан мәлімдемеде KDC өз кредиторларына 1 миллиард теңге (6,6 миллион доллар) сомасындағы жарты жылдық купонды 16 наурызға дейін уақтылы төлей алмайтынын хабарлаған. «Төлем жасау уақыты ... орын алған дағдарысқа байланысты 31 наурызға дейін созылды», – дейді компания.

KDC компаниясы азық-түлік пен сусындарды көтерме бағада сатумен айналысады, ал оның облигациялары ішкі қор нарығының айналымында. Reuters агенттігінің бейсенбіде жарияланған KASE ақпаратына жасаған сілтемесіне сәйкес, KDC бағалы қағаздар бойынша сыйақы төлей алмаған ішкі эмитенттердің сегізіншісі болды. «Бұған дейін жеті кішігірім қазақстандық компания, олардың арасында ішімдік өндіруші, құрылыс және мұнай-химиялық компаниялар бар, ішкі міндеттемелері бойынша сыйақы төлей алмады және де бір де бірі әлі күнге қарызын өтеген жоқ», – деп хабарлайды Reuters.

Айтпақшы, дәл сол күні KASE сайтында облигациялары бойынша сыйақы төлеуді 15 сәуірге ысыру арқылы кешіктіріп отырған тағы бір эмитент — қазақстандық АҚ «КОМБИСНАБ» деген ақпарат пайда болды.

Мұндай сипаттағы мәлімдеме еріксіз акционерлік қоғамның банкрот болуын жариялау боп көрінбесе де, бәрібір техникалық дефолт боп табылады. Бірақ кішігірім компаниялар дефолтының лектері ірі фирмалар үшін де қиындық туғызу мүмкін. Оның үстіне, тіпті ұсақ эмитенттердің банкрот болуының өзі онсыз да қиын жағдайда тұрған тұтас қаржы жүйесіне қосымша соққы болады. Ең алдымен қауіп жергілікті қор нарығында шешуші инвестор боп табылатын зейнетақы қорларына, инвестициялық және сақтандыру компанияларына төнеді. Өз кезегінде миллиондаған қазақстандықтардың жарқын болашағы бағалы қағазға салынған зейнетақылық активтердің сақталынуына байланысты болады.

Өткен бейсенбі дабыл қаққан жаңалықтарға бай болды. Reuters тағы бір хабарламасында Альянс Банк акциялары бағамдарының 53 пайызға құлауы туралы әңгіме өрбіткен. Бұл қор биржасының Қазақстанның төртінші банкімен бағалы қағаз саудасын тоқтата тұруына әкеп соқты. Агенттіктің тілшісі еске салғандай өткен айда Альянстағы акциялардың бақылау пакетінің иесі SAFC компаниясы капиталдық қасиеті мен тұрақтылығын ұстап тұра алмайтындығына байланысты акциялардың 76 пайызын 1 доллардан төмен бағаға сатып алуға үкіметке ұсынды. Соңғы жылдары көптеген қазақстандық банктердің акциялары өз құнының қомақты бөлігін жоғалтты.

Шағын және орта кәсіпорындардың 70 пайызы банкрот болудың алдында

«Қазақстан экономикасындағы дауыл». Осындай айдар қойылған репортажбен BBC британ хабар тарату корпорациясы әлемдік дағдарыстың Қазақстанға тигізер әсері туралы ақпарат береді. Жарияланымды жуырда Алматыда болған митингтің фотосуреті ашады. Суреттен «Алаяқ қарақшылар ғана өз халқын тонайды» деген ұранды көруге болады. Тілшінің пікірі бойынша саны аз болса да, яғни іс-шараға 300 шамасында адам қатысқан, «олар кедейленген халықты торықтырған үкіметтің экономикалық дағдарыспен күресу сипатына қарсылығын білдіруге бел шешті».

«Бізге жағдайдың нашарлап бара жатқанын билікке көрсетуге тура келіп тұр, – дейді митинг ұйымдастырған «Азат» оппозициялық партиясының өкілі Виталий Яковлев. – Банк секторы қирауда, жаңа баспанаға ақша салғандар далада қалды, уәделі үкімет ақшасы уәделі мақсаттарға жетіп жатқан жоқ».

Қазақстанның ресми статистикалық агенттігінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі 7 пайыз шамасында. Бейресми сандар әлдеқайда жоғары. «Қазақстандағы жұмыскерлердің көпшілігі шағын және орта бизнес – қызмет көрсету немесе кішігірім дүкендер секторында, – дейді Renaissance Capital компаниясының ТМД елдері бойынша бас экономисті Екатерина Малофеева. – Оларға өз қызметінің тұрпатын өзгертуге тура келеді».

Алайда шағын және орта бизнестің даму келешегі тұманды. Қазақстан Сауда палатасы төрағасының орынбасары Серік Тұржановтың айтуынша, елдегі шағын және орта кәсіпорындардың 70 пайызы ақпанда банкрот болудың алдында тұрды. «Алғашында біз қаржы дағдарысы жайында, одан кейін жылжымайтын мүлік аясындағы дағдарыс жайында айттық, – деп еске салады ол. – Бүгіндері біз бүкіл экономикадағы дағдарыс турасында айтудамыз. Шағын және орта бизнесті қолдауға қажет 10 миллиард доллардың үкімет тек 1 миллиардын ғана бөліп отыр».

Тақырыпты Парижде шығатын International Herald Tribune газеті жалғастырады. Басылымның жазғанына қарасақ, Қазақстан ұлғайып келе жатқан жұмыссыздықпен күресу үшін осы жылы 900 миллион доллар бөлуге бейіл. Қаражат жұмыссыздарды қайта оқытуға және қиын жағдайдағы компанияларға қолдау көрсетуге жұмсалады. Үкімет сәуірдің соңына дейін бағдарламаның жасалып бітуіне уәде етеді.

Және де жарияланымда тағы бір айтылғаны — Қазақстан мұнай бағасының түсуінен әрі энергетикалық және минералдық ресурстарына деген сұраныстың азаюынан елеулі зардап шекті: «Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері өнеркәсіптік өндіріс 12 пайыздан астамға құлдилады. 280-нен артық кәсіпорын жабылып, не жұмысын тоқтатып, 141 мың шамасында адам жұмыссыз қалды деп мәлімдеді ай басында индустрия министрі Владимир Школьник».

Қазақстан экономикасын Қытай несиесінің көмегімен құтқаруға тура келе ме?

Citigroup Inc. қаржы корпорациясының сарапшысы Әли әл-Эйд Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан ХВҚ-нан немесе Қытайдан қаржылай қолдау сұрауы мүмкін деген болжам айтқан. Астанаға ақша банктерді құтқару бағдарламасын қамтамасыз ету үшін қажет.

Әл-Эйд пікірі бойынша банктерді қолдау жөніндегі үкімет жоспарының жүзеге асуын бақылаушы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры үшін ұлттық валютада белгіленген облигацияларды зейнетақы қорларына сатудан түсіруді көздеген 5 миллиард доллардан қағылу қаупі бар. Нәтижесінде мемлекет Қытайдан евробонд шығаруды сұрауға немесе ХВҚ-нан ақша сұрауға мәжбүр болады.

Citigroup сарапшысының есебінше Қазақстан зейнетақы мөлшерін көбейту міндеттемесін орындауға келгенде қиналуы мүмкін. Сол себепті мемлекетке мұнай немесе көгілдір отын тасымалдау мәмілелерін ұсыну арқылы Бейжіңмен келісім жасауға тура келеді. «Қазақстан ресурс, ал Қытай ақша ұсына алады, әрі Қытайға ресурстар өте-мөте қажет», - дейді әл-Эйд.

Бір ай бұрын Қытай секілді әлем бойынша екінші энергетикалық ресурстар тұтынушысының 20 жылға мұнай тасымалдау шарттарының өтеуіне Ресейге 25 миллиард доллар несие беруге келіскені белгілі болды.

Айтпақшы, айқын үн Бейжіңнен шығып та үлгерді. China Daily қытай газетінің хабарлауынша, жұма күні Қытай премьер-министрі Уэн Цзябао қаржы, энергетика және ресурстар саласында өз елінің Қазақстанмен шарт жасасуға даяр екенін мәлімдеді. Қытай үкіметінің басшысы тілшілерге берген сұхбатында Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін елдер етек жайып келе жатқан қаржы дағдарысымен күресте бірігуге тиіс деді.

Осының бәрін есепке алғанда, Бейжің дағдарысты және жаппай төлем қабілеттілігінің төмендеуін өз пайдасына жаратып, көрші нарықтарды, оның ішінде шикізатқа бай Қазақстан нарығын да иемденуді жалғастыра алады. Соншама алпауыт серіктеспен келіссөз жүргізу барысында Астана өз мүддесін тиімді өткізе ала ма, бұл сұрақтың жауабы белгісіз.
XS
SM
MD
LG