Accessibility links

Ораз Жандосов мұнайдан түскен қаржыны бөлу жайында «Файненшл таймспен» ой бөліседі


«ҚазМұнайГаз» компаниясының Астанадағы ғимараты.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының Астанадағы ғимараты.

Батыс басылымында шикізатты сатудан түскен кірісті азаматтарға бөліп беру мәселелері қозғалған. «Ак жол» партиясының осы жайында көтерген бастамасын еске алған Ораз Жандосов тек экономикалық мүмкіндіктердің жетіспейтіндігін айтады.

«ХАЛЫҚҚА АҚШАСЫН ҚАЙТАРЫҢДАР!»

Кенді сатудан келетін валюталық кірісті үлестіру саласының жабық болуы өзінің басты валюталық түсімін қазба байлықты экспорттаудан табатын елдер үшін шешімін таппаған басты ортақ мәселенің бірі боп қалып отыр. Көбінесе мұндай мемлекеттер дамушы елдер болып табылады. Қазақстан да өзінің валюталық табысын негізінен халықаралық нарықтарда қазба байлық кенін сатудан тауып отыр, бұлардың қатарына мұнай, газ, металдар, уран кені, т.т. енеді.

«Файненшл таймс» басылымының маусым айының басында жарық көрген бір санында аталған тақырыпқа - яғни шикізатты экспорттаудан келетін валюталық түсімнің әділ бөлінуіне - арналған мақала басылыпты. Мақала: «Халыққа қазба байлығын беріңдер» деп аталады.

Қазба байлықты өндіру саласының дамуына экономикасы өте-мөте тәуелді мемлекеттер алдында 3 мәселе тұр дейді аталған мақала ауторлары.

Біріншісі. «Голланд ауруына» шалдығу қаупі, бұл ауру әдетте шикізат сатудан мол табыс ағылып келгенінен пайда болады. Яғни, ұлттық нарықтағы бағалар өсіп кетеді, осыдан импорт арзандап, елдегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы даму мүмкіндігінің аясы тарылады.

Екіншісі. Халықаралық нарықта қазба байлықтың бағалары аса ірі аумақта құбылып тұруға бейім келеді, ал бұл ахуал болса ел бюджетіне – шикізат тауарларына баға өте төмендей қалса – үлкен қысым түсіріп жатады. Мәселен, аса ауқымды бюджет тапшылығы орын алып отырады.

Үшіншісі. Шикізатты экспорттаудан келетін аса үлкен көлемді табыстар билік кеңселеріндегі жемқорлықты және осы байлықты иемденіп кету үшін таласатын топтар арасындағы күресті өршітеді. Әдетте, бұлар бір-бірімен жаулас, мемлекет ақшасын қымқыруды мақсат тұтқан билік маңындағы топтар болып табылады.

Осы талас-тартыс себебінен ұлттық экономикаға басшылық етудің сапасы нашарлайды деген шешімге келеді мақала ауторлары.

«БІЗ ДЕ ОЛАРҒА БЕР ДЕДІК, АЛАЙДА ОЛАР ТҮК ТАТЫРМАЙ КЕТТІ»

«Файненшл таймс» басылымы cейсенбі, маусымның 9-ындағы санында, белгілі экономист және Қазақстандағы оппозициялық қайраткерлердің бірі Ораз Жандосовтың аталған мақалаға қатысты пікірін жариялапты. Шикізат сатудан келетін валюталық кірісті ел азаматтары арасында тіке және тең негізде бөлудің қажеттігі туралы айтқан ауторлар пікірін өзінің мақұлдайтынын білдіре келіп, Ораз Жандосов мұндай бастаманың Қазақстанда оппозиция тарабынан бұдан бұрын көтерілгенін тілге тиек етеді.

Ол 2000 жылдардың басында, премьер-министрдің орынбасары болып тұрған кезінде, ұлттық қордың (Қазақстандағы кенді экспорттаудан келетін валюта түсімін жинақтау қоры) құрылуына тікелей басшылық еткенін, алайда Қазақстандағы биліктің авторитарлық табиғаты экономиканы әртараптандыру мен оған басшылық ету жүйесін жетілдіруде оларды алға қойған мақсатқа жеткізбегенін айтады.

Өйткені, бұл салада тек экономикалық шаралар қолдану арқылы аталған мұратқа жету мүмкін емес деп атап көрсетеді Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бұрынғы орынбасары. Осы себептен кейінірек оппозициялық «Ақ жол» партиясын құруға көмек беру үшін үкіметтен кеткенін әрі бұл партияда тең төраға қызмет атқарғанын жазады Ораз Жандосов.

Аутор 2004 жылғы парламент сайлауында «Ақ жол» партиясының сайлау алды платформасының басты талаптарының бірі қазба байлықты өндірумен айналысатын кәсіпорындардан түсетін салықтың 75 пайызын тікелей ел азаматтарына таратып беру болғанын еске салады. Бұны тоқсан сайын төленетін төлем түрінде іс жүзіне асыруды, ал кәмелетке толмаған тұрғындар үшін банкте депозиттер ашуды ұсынғанын айтады.

Аталған сайлау барысындағы өз партиясының ұстанған жолын түсіндіре келіп, Ораз Жандосов әлгіде сөз болған ұсыныстың мұқият экономикалық есептеуге негізделе жасалғанын, әрі оны халыққа кең түсіндіру үшін ауқымды қоғамдық жарнама науқаны ұйымдастырылғанын атап өтеді. Осының өзінде, дейді Ораз Жандосов, билік бізді телеарналарға (өзін қолдайтын партиялармен) тең негізде жібермеді.

Ел сайлаушылары «Ақ жол» партиясының экономикалық бағдарламасына жаппай қолдау көрсетті және жаңадан тіркелген бұл оппозициялық жас партия сайлау нәтижесінде екінші орынды иемденді деп мәлімдейді Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы.

БЮДЖЕТ КІРІСІНІҢ ӨСУІНЕ ОРАЙ, ҚАТАРДАҒЫ АЗАМАТТАРДЫҢ ДА ДӘУЛЕТІ АРТУЫ ҚАЖЕТ


«Халыққа қазба байлығын беріңдер» деп аталатын мақала ауторлары мәселенің қарапайым шешімін ұсынады – қазба байлықты сатудан келетін кірісті барлық азаматтарға тең негізде үлестіріп беру керек. Саяси элиталар мұнай сатудан түсетін пайданы жымқырып кету үшін өзара қырқысып кеткенше, дейді ауторлар, халықпен қалай бұл көл-көсір байлықты дұрыс пайдаға асыру туралы ақылдасуы жөн еді.

Бұл әсіресе тұрмысы нашар, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларына көп көмегін тигізер еді. Үкімет болса, мұның үстіне, экономиканың гүлденуі үшін қажет салаларды дамытуға керек мөлшерде қаржы бөле алар еді. Мәселен, көлік жолдарын, мектептер және т.б. салуға. Алайда, ел қаржысы тиімді жұмсалып, орынсыз рәсуә боп кетпеуі үшін, үкіметтің бұл ақшаны қалайша жұмсап жатқаны қоғамның қатаң бақылауында болуы тиіс.

Бұл ұсыныстарға билік топтары әлі жөнді көңіл бөлмей отыр дейді мақала ауторлары. Әрине, олар алдымен қазба байлықты өндіру ұлттық экономика дамуының басты көзі болып табылатын кей мемлекеттердің билеуші топтарын тілге тиек етіп отыр.

Батыстың кеңестері келесі нәрселерге кеп саяды: келер ұрпақтарға жеткілікті қаржылық мұра қалдыру және конъюнктураның құбылуынан қорғану үшін жинақ қорын құру; инфрақұрылымды жетілдіру және экономиканы әртараптандыру; мөлдірлікті, яғни билік жүргізу мен бюджет қаржысын үлестіруге қатысты шешім қабылдау процестерінің жариялығын жетілдіру.

Бүгінгі жетілген демократиялық мемлекеттердің жолы болуының себебі – олардың басшылары үкімет белсендігін қаржыландыру үшін халыққа салық салды, сонымен бірге, үкіметті қарапайым адамдармен өз билігін бөлісіп отыруға міндеттеді.

Мұнда басшылыққа алынған басты ереже мынау еді: «[қарапайым азаматтар тарабынан] өкілдіксіз еш салық салу болмасын!» және керісінше: өзара тәуелдік қоғамдық келісім – шартты нығайтады. Яғни азаматтар үкімет қабылдаған қаулы – шешімдерге бағынуы тиіс, алайда үкімет азаматтарға толығынан есеп беріп отырады әрі олар тарабынан сайланып қойылады.

Бұдан ары мақала ауторлары қазба байлыққа бай мемлекеттер осы ұсынысты өз саясатында басшылыққа алуы тиіс деген уәж айтады. Себебі, қаржы-қаражат қатардағы азаматтар қалтасына тіке кеп құйылып отырса, бұл оларға билік пен азаматтық-құқықтық өкілеттікті қоса тарту ету боп саналмақшы.

Бұл орайда, Қазақстанда келер уақытта қанша мөлшерде мұнай өндірілмек деген сауал қызығушылық туғызады. «Эйша плас» сайтының хабарлауынша, 2013 жылдары Қазақстан Республикасы жылына 82 миллион тонна мұнай шикізатын өндіруге қол жеткізуді жоспарлап отырған көрінеді.

Бұл туралы елдің энергетика және минералдық ресурстар министрлігі өкілдері мәлімдеген деп атап көрсетеді сайт. Қазіргі нарықтық баға бойынша, осыншама мөлшердегі мұнай шамамен 40 миллиард долларға пара-пар дәулетті құрайды екен.

Дегенмен, шолушылардың болжауынша, 2013 жылға қарай әлемдік экономика қазіргі дағдарысты еңсеріп, қалыпты даму қарқынын қалпына келтіріп үлгіретін көрінеді. Демек, дейді олар, мұнай бағасы бүгінгіден едәуір биік межелерге көтеріліп кетуі ғажап емес.
XS
SM
MD
LG