Accessibility links

Беймәлім қазақ миллиардері Грекиядан арал сатып алмақ болған


Грекиядағы Пондикониси аралы.
Грекиядағы Пондикониси аралы.

Грекия үкіметі несиегерлер алдындағы өз қарызының ішінара өтемі ретінде оларға ел аумағындағы аралдарды иеленуді ұсынған. Блумберг агенттігі осы аралдардың бірін қазақстандық бір миллиардер сатып алмақ болғанын жазыпты.


2008 жылы Пасха мейрамынан сәл ғана бұрын Грекия туризм министрінің кеңсесіне ерекше бір ұсыныспен барған Антуан Маалуф «арал сатып алуға ниет білдірген еді» деп хабарлайды Блумберг агенттігі. Орталық кеңсесі Монакода орналасқан MMC Group инвестициялық компаниясының бас директоры, өз мақсатына жету үшін, АҚШ пен Еуропаның бірқатар ең ірі қаржы мекемелері берген кепілдік түріндегі 15 миллиард евро немесе 21 миллиард доллар қаржы ұсынған.

ӘҢГІНІҢ АРАЛЫ

Антуан Маалуфтың идеясының мәні қарапайым ғана еді. Ол басшылық ететін компания Сароникос шығанағында жатқан жері нәрсіз де қу тақыр, аумағы мың акрды қамтитын әрі сырт пішіні жолаққа ұқсайтын Патроклос аралы үшін 120 миллионов евро төлеуге әзір еді. Ал қалған ақша сол аралда аттракциондары бар демалыс паркін салуға жұмсалады деп жобаланды. Балықшылар бұл аралды «Әңгі аралы» деп атап кеткен.

Алпыс үш жастағы Антуан Maaлуф Афина қаласынан онша алыс емес жердегі аралдың бүкіл аумағына казино, гольф алаңдары, сәулетті тұрғын үйлерді қаптата салып, кемелер келіп тоқтайтын айлақтар санын да күрт көбейтуді көздеген. Оның есебі бойынша, аталған жоба жүзеге асырылатын болса, елді жұмыссыздық жайлап тұрған кезде сегіз мың гректі еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді екен.

Антуан Maaлуфтың айтуынша, Әңгі аралының девелопингі жөніндегі оның жобасы бюрократиялық сөзбұйдалық пен жемқорлықтың кесірінен іске аспай қалған.

2012 жылға қарай Грекияның несиеберушілер алдындағы қарызы 400 миллиард евроға жетуі мүмкін. Бұған осыған дейін Еуропа Одағы мен Халықаралық валюта қорының биыл Грекия экономикасына мерзімді несие бөлгені де өз әсерін тигізіп отыр.

Қарыз өтемі ретінде ай сайын төрт миллиард евро төлеп тұруға міндеттенген грек үкіметінің премьер-министрі Георгиос Папандреу 2010 жылы қаңтар айында Швейцариядағы Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда дағдарыстық ахуалды еңсеру үшін нарықта қымбатқа бағаланып отырған ел активтерін сатуды ұсынды.

Сәулетті жылжымайтын мүлік нысандары көптеп тұрғызылған әрі күн сәулесіне малынған алты мыңдай арал Грекия сатуға ұсынып отырған ең бағалы активтер болып саналады. Сатыла қалған күнде олар, мемлекеттің қарамағындағы бірқатар жер телімдерімен бірге, әжептәуір пайда әкелуі тиіс деп саналады.

БЮРОКРАТИЯ

Георгиос Папандреу өз идеясын алғаш рет жария еткеннен бері, бұл идеяның әлеуетті мүмкіндіктері зор болса да, әлі бір де бір арал сатылған емес. Ион теңізінде әйгілі миллиардер Аристотель Онассистің жеке меншігіндегі болып саналатын Скорпиос аралы жатыр. Оның шығыс қапталында миллиардер Ниархостың отбасына тиесілі Спецопула аралы мен миллиардер Ливаностың үрім-бұтағы иеленіп отырған Koронида аралы орналасқан. Бұл тізім осылайша жалғасып кете береді.

Мәселенің түйіні Грекияның шым-шытырақ заңнама нормалары жеке тұлғаларға жылжымайтын мүлік нысанын сатуға болмайтындай етіп тығырыққа тіреп тастағандығында болып тұр. Себебі, бұл елде қандай да бір нысан кімнің қарамағында деген сауалға жауап табу – қиынның қиыны болып есептеледі.

Эвбея шығанағында «Киелі рух аралы» деп аталатын, аумағы он екі акр, ал пошымы гитараға ұқсайтын арал бар. Кезінде «Битлз» тобы арал иесі Софокл Папаниколаудан оны сатып алмақ болып бақандай үш жыл бойы әуреленген. Папаниколау 1950-1960 жылдары Грекияның корольдік сотының канцлері қызметін атқарған.

«Егер қандай да бір жер телімінде сіз жаңа үй тұрғызбақ болсаңыз, шіркеу тұрғызыңыз, сонда митрополия құрылыс лицензиясын береді, – дейді жылжымайтын мүлікпен жұмыс істейтін A. Samaropoulou & Associates фирмасының директоры Катерина Самаропулу. – Жаңа үйді бүгінде діндарлардың қонақ үйі дейді. Жүзу бассейні купельге айналады. Әрі ешқандай салықты төлеудің де қажеті болмайды».

«Грекияның салық қызметі тарабынан талап етілуі мүмкін кейбір қосымша шарттарды есепке алмағанда, Киелі рух аралының ресми бағасы 20 миллион евроны құрайды» деп түсіндіреді Блумберг агенттігі.

«Нысанды 20 миллион евроға сатып алған тұлға тоғыз пайыздық салық төлеуге міндетті, – дейді Киелі рух аралын сатумен байланысты істерде Папаниколау отбасының мүддесін қорғайтын адвокат Мариель Кзони. – Алайда, жергілікті салық орындары Киелі рух аралының құнын 1,5 миллион евро деп бағалап отыр. Сөйтіп, біз сізбен коммерциялық келісім-шартқа отырамыз, салық қызметінің тіркеу кітаптарында оның құны 1,5 миллион евроға тең деп көрсетілетін болады. Сіз сатушыларға 20 миллион евро төлейсіз, ал үкіметке тек 1,5 миллион евроның тоғыз пайызын ғана төлейсіз».

ОРЫНДАЛМАҒАН АРМАН

Аралды сатып алу - сату жөнінде мәміле жасағысы келген тараптар үшін жердің нақты құнын анықтау мәселесі – күрмеуі қиын түйіндердің бірі ғана.

«Грекияда алғаш рет арал сатып алып отырсаңыз, сіз мәдениет министрлігінен бастап қорғаныс министрлігіне дейін ұзын-саны сегіз бірдей министрліктің мақұлдауын алуға тиіссіз, – дейді Катерина Самаропулу. – Осы сегіз министрліктің бәрінің алдынан өтіп, аралдың орналасуы мен құқықтық мәртебесіне байланысты олардың келісімін алған соң, қайтадан қаржы министрлігіне барып, ол мекеменің бұл нысанды расында да салық қызметі ұсынған баға бойынша сатып алуға құлықты екеніне көз жеткізуіңіз керек».

«Біздің бағалауымызша, ел үкіметі жалпы құны 300 миллиард евро болатын мемлекет қарамағындағы жер телімдерін, жағалаудағы танымал жағажайлық телімдердің ең аз дегенде он бес пайызын және аралдағы жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алуға ұсынатын болады. Осылардың бәрінен бұл жерде қандай былық басталуы мүмкін екенін елестете аласыз ба?» – деген сауал қояды Катерина Самаропулу.

2004 жылы бұрынғы қорғаныс министрі Спелиос Спилитопулос Грекияның қаржы саласында дағдарыстарға ұрынуы мүмкін екенін күнілгері болжап, қарамағындағыларға жылжымайтын мүліктің құнын анықтауға тапсырма берді. Ондай нысандар туралы мұндай мәліметтер алғаш рет сонау ХІХ ғасырдың соңында-ақ тіркеле бастаған екен. Үш жылға созылған зерттеуден соң, көлемі 84 беттен тұратын баяндама 2007 жылы парламент комиссиясының назарына ұсынылды.

Спелиос Спилитопулос аталған зерттеудің жүргізілуіне қорғаныс министрлігі мен бірқатар басқа министрліктердегі әр түрлі топтар бөгет жасамақ болғанын және сол әрекетімен олар бей-берекет былық тудырып, соның нәтижесінде мүлікті Спилитопулостың бақылап-қадағалауынан айырып алуды көздегенін тілге тиек етеді.

Өзіне жасалған қысымнан соң 2006 жылы қызметінен кеткен бұрынғы қорғаныс министрі Спелиос Спилитопулос осы аталған баяндаманың мазмұнын ешбір жан көзіне ілмеді дейді. Сондықтан, оның пайымдауынша, кімге не тиесілі екенін анықтау жөніндегі күрес таяу арада аяқталмасы анық.

«Мариель Кзони мен Катерина Самаропулу әлеуетті бір сатып алушыны – бір қазақ миллиардерін тапқандарын айтады, алайда екеуі де оның аты-жөнін жұртшылыққа жария етпеуді ұйғарып отыр. Бұл миллиардер аралды сатып алуға қатысты рәсімдеу істеріне енді кірісе бергенде Қазақстанда оны түрмеге жауып қойыпты» деп жазады агенттік.
XS
SM
MD
LG